Спорт • Кеше

Бәсі жоғары дода

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада бүгін үстел теннисінен Президент кубогі халықаралық турнирі басталады. Кеше Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен Nomad үстел теннисі академиясы ұйымдастыратын тартыстың баспасөз мәслихаты өтті.

Бәсі жоғары дода

Сурет: halyqline.kz

Дүбірлі дода алдындағы баспасөз жиынында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, NOMAD академиясының директоры Руслан Жетібаев, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Лондон жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері, жазғы Азия ойындарының бес дүркін жүлдегері, оңтүстіккореялық Джу Се Хук, Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов қатысты. 29 қазанға дейін жалғасатын халықаралық сайыс Астанадағы «Beeline Arena» кешенінде өтеді. NOMAD академиясының директоры Руслан Жетібаев бұл сайысты жыл сайы­н ұйымдастыруға ықыласты екенін аңғартты.

«Президент кубогі еліміздің спорттық брендіне айналып келеді, мұнда жас таланттар мен даңқты теннисшілер тартысқа түседі. Бұл – жарыс қана емес, осы спорт түрін дамыту мен халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтудың бас­тауы», дейді турнирді ұйымдас­тырушы.

Халықаралық турнирге 14 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Мажарстан, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы сынды елдердің де теннисшілері бар. Еліміздің спортшылары да жүлдеден үмітті. Турнирге әлемдік ITTF рейтингіндегі үздіктердің қатысуы доданың бәсі жоғары екенін аңғартады. Жалпы жүлде қоры – 115 000 АҚШ доллары.

Әйгілі спортшы Джу Се Хук қазақ елінің қонақжайлығына алғысын жау­дырып, елімізде үстел теннисінің қарқынды дамып жатқанына разы­лығын жеткізді. Тәжірибесімен бө­лісіп, шеберлік сағатын өткізуге ықы­ласты екенін де мәлім етті.

Президент кубогі аясында әлемдік үстел теннисі жұлдыздарының қа­тысуымен шоу-матч та өтеді. Оған спорт аңыздары, әлемнің экс-бірінші ракеткасы – Сюй Синь (Қытай) мен оның жерлесі, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фан Бо, әлем чемпионы, Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Вернер Шлагер (Аустрия), сондай-ақ Джу Се Хук (Корея) сынды саңлақтар қатысып, шеберлігін көрсетеді.

«2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионаты біздің елде өтеді. Сондықтан мұндай деңгейдегі ірі жарысты ұйымдастыру тәжірибемізді шыңдауымызға септігін тигізеді. Бұл халықаралық турнир әлемдік додаға дайындық ретінде ұйымдастырылып отыр. Халықаралық додада спорт­шыларымыздың қарымын да бай­қаймыз», деді С.Жарасбаев баспасөз мәслихатында.

Төрт жас санатында һәм командалық сайыста Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Искандер Харки, Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшкімбаева, Әнел Бақытқа сенім артылады.

Президент кубогі турнирі спорт мәдениетін дамытуға, жастар арасында үстел теннисін насихаттап, ха­лықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік қаласы

Ғалам ғажаптары • Кеше

Жойқын қаруды жойған шешім

Ғалам ғажаптары • Кеше

Бәсі жоғары дода

Спорт • Кеше

Зияткерлік байқау

Байқау • Кеше

Жаңа буынның көзқарасы мен танымы

Республика күні • Кеше

Өткен күнде белгі бар

Республика күні • Кеше