Экономика • Бүгін, 08:00

Alatau City – инвесторлар назарында

2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Шэньчжэнь қаласында (ҚХР) Alatau City-дің инвес­тициялық әлеуетін таныстырды.

Alatau City – инвесторлар назарында

Іс-шараға еліміз бен Қытайдың мемлекет­тік органдары­ның, инвес­тициялық қорларының, қаржы институттарының, девелоперлік және техноло­гия­лық компанияларының өкілдері қатысты.

Қатысушыларға Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде инвес­торларға арналған жеңіл­дікті жағдайлар, инвес­ти­циялық жобаларды «бір терезе» қағидаты негі­зінде сүйемел­деу, сондай-ақ арнайы құ­қық­тық режімнің басқа да мүм­кіндіктері таныстырылды.

Инновациялар, цифрлық басқару мен инвестициялар тарту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Шэньчжэнь тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылды. Қытай мегаполисінің озық тәжірибелерін Алатау қаласын дамыту барысында пайдалану жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жаңа буындағы аккумуляторлар, энергия сақтау жүйелері, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы өндірістерін құ­ру, электр көлігі мен қуат­тау инфрақұрылымын дамыту, өнеркәсіптік кәсіп­орындарды, энергетика нысандарын, инженерлік, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды салу, сондай-ақ Smart City технологияларын енгізу туралы келісімдерге қол қойылды.

Роуд-шоу аясында жетекші қытайлық корпо­ра­циялар мен инвес­ти­циялық топтардың бас­шы­лығымен бірқатар екіжақты кездесу өткізілді. Келіссөздер барысында Қытай компанияларының Alatau City жобаларын жүзеге асыруға қатысуы, өндірістерді локализациялау, технологиялар трансферті, қаланы дамыту саласында озық тәжірибемен алмасу мәселелері талқыланды.

Іс-шара қорытындысын­да ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойыл­ды. Өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар, қалалық инфра­құрылым, цифрлық экономика салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд долларға дейінгі жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Шэньчжэньдегі роу­д-шоу халықаралық нарық­та Alatau City-дің инвес­тициялық мүм­кіндіктерін ілгерілетудің ма­ңызды кезеңі болды әрі биз­нес­тің Алатау қаласын дамы­туға қатысуға деген жоғары қызығушылығын растады.

Инвесторларды тарту жөніндегі жұмыс Гонконгтегі жетекші инвестициялық қорлардың, қаржы ұйым­дарының, банктердің, сақтандыру компаниялары мен технологиялық корпора­циялардың қатысуымен өтетін келесі іс-шаралар аясында жалғасады.