Суреттерді түсірген – Мұхтар Әукен
Қысы қатал, жазы қоңыр салқын таулы өңірдің тыныс-тіршілігі ежелден мал және егін шаруашылығымен тең өріліп, өрісі малға, қамбасы дәнге толып келеді. Келісті табиғаты мен құнарлы топырағы бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді.
Форумда түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы ет, сүт, балық шаруашылығы бағытында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер жұмысын таныстырды. Солардың бірі – «Әшірақын Диас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі дер едік. Былтыр іске кіріскен кәсіпорын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге несие алып, осы қаражатқа қора-жай салып, 3 мың бас тауық сатып алған. Қазір Райымбек, Кеген аудандарын экологиялық таза тауық етімен, сапасы жоғары жұмыртқамен қамтамасыз етуде еселі еңбек етіп отыр.
Шөбі шүйгін өңірде «Райымбек омарташылары» өндірістік кооперативі табиғи, қантсыз бал өнімін өндірумен жүйелі түрде айналысып келеді. Қазіргі таңда онда 100-ден астам омарта бар. Балдан бөлек емдік қасиеті бар 15 түрлі өнім алынады. Кооператив басшылығы болашақта омарта санын 500-ге дейін көбейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуды, пайдалы әрі табиғи таза өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
Форум барысында ауыл шаруашылығы зерттеу институттары бұл саладағы топырақ деградациясы, мал ауруы және өзге де қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған жобалары жайлы баяндады. Шаруалар институттармен келісімге келіп, бірігіп жұмыс істеу бағытында бірлескен меморандумға қол қою рәсімін жасады. Аграрлы ауданда ғылым мен агроөндіріс байланысы нығая түскен. Кейінгі үш жылдан бері кооператив Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Институт мамандары жаңа сұрыптарды сынақтан өткізіп қана қоймай, жергілікті шаруаларға агротехнологияларды меңгеруге септігін тигізіп отыр.

«Біз «Алтын дән» шаруа қожалығымен екінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы жылы арпадан «Жан», «Голозерный» және «Сымбат» деген 3 сұрып ектік. Бірінші жылы тұқымды тегін бердік. Биылдан бастап органикалық жаңа тұқымдарды өзімізде өндіріп жатырмыз. Органикалық тұқымды өндірудегі негізгі мақсатымыз – тұқымды еш уақытта дәрілемеу. Одан таза, табиғи өнім алынады. Сол мақсатта органикалық зауыт құрғанбыз. Биыл сол зауытты ашып, тұқымды өңдеп, осы жерге 6 гектар ектік», деді институт өкілі Сейіткәрім Қалтаев.
Алқалы жиында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев бүгінде бұл саланы дамытуға бағытталған тың бастамалар барын жіпке тізгендей баяндады.
«Ауданымызда «Altyn DAN» ЖШС 2024 жылдан бастап жаңбырлатып суару жүйесін енгізуді алды. Аталған жоба аясында 500 гектар жерге жалпы құны 780 миллион теңге болатын заманауи суару қондырғылары орнатылды. Бүгінде аталған шаруашылық Орталық Азияға танымал «PepsiCo Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен картоп өткізу туралы және елдегі ең ірі «Magnum» сауда желілерімен 2000 тонна тауарлық картоп жеткізу жөнінде келісім жасады. Сонымен қатар фри мен чипсі өндірісіне арналған «Леди Клэр» және «VR 808» картоп сұрыптарын 250 гектар жерге отырғызды. Бүгінгі таңда ауданымызда 2552 гектар жерге су үнемдеу қондырғылары орнатылып, пайдаланылып жатыр. Аталған серіктестік Қазақтың жер және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатып, жаңа сұрыптарды көбейтіп, аудан шаруашылықтарына 3 жылдан бері таратып келеді. Биыл 120 гектар жерге биологиялық бидай және арпа сұрыптарын септі. Сонымен қатар «Altyn DAN» ЖШС облыстағы зәкірлік кооперация бағытындағы бірегей шаруашылық саналады», деді Дастан Сұлтанмұратұлы.
Биыл шаруашылықтар су үнемдеу бағыты бойынша қосымша 1800 гаектар жерге заманауи су үнемдеу технологиясын орнатуды жоспарлап отыр. Аудандағы ирригация саласында 6 суқоймасы, 8 магистралдық канал мен 13 ішкі шаруашылық каналды қалпына келтіру жұмысы қолға алынған. Бұл бағытта биыл «Казачий», «Әбдіхалық», «Талас» каналдарына қаражат бөлініп, құрылыс жүріп жатыр. Бұл – ауданның ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Малға жайлы өңірде 66 мың ірі қара, 267 мың қой-ешкі, 42 мың жылқы өсіріледі. Осы уақытта аудан көлемінде 2316 шаруа қожалығы тіркеліп жұмыс істеп жатыр. Ауданда ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Бүгінде ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожалығы, ал асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсірумен 6 шаруа қожалығы айналысады. Бұл шаруашылықтарда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара малы, сондай-ақ «Архар меринос» және «Иль-де-Франс» тұқымды қойлар өсіріледі. Бұл асыл тұқымды малдың еті мен сүтінің сапасы, көлемі бойынша қарапайым мал тұқымдарынан екі есе жоғары. Ал жемшөп шығынының деңгейі шамалас екенін ескерген мамандар алдағы уақытта мал тұқымын асылдандыру жұмысына басымдық беруді діттеп отыр.
«Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында биыл аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарда мал тұқымын жақсарту ісіне ғылыми жетекшілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады», деген аудан әкімі Дастан Құдабаев шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасына да тоқталып өтті.
Кейінгі жылдары ауданда 200-ге жуық трактор, 100-ден аса агрегат алынып, жаңарту көрсеткіші 60 пайыздан асқан. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңдарын құру, егін және мал шаруашылығын жаңғырту жұмысын жандандыру жоспарланған.

Шекаралы ауданда ауыл шаруашылығы өнімін шикізат ретінде өткізу тиімсіз болғандықтан, өңдеу саласын дамыту қажеттігіне ден қойылды. Нәтижесінде «Қарасаз фуд» кәсіпорны заман талабына сай жұмысын жүгізіп, осы күні 10-нан астам сүт өнімін шығарумен айналысады. Өндірілген өнімдерін екіжақты келісімге сай Алматы қаласынан белгіленген базарларда делдалсыз сатуға мүмкіндік алғанын шаруашылық жетекшілері қуана жеткізді.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың тиімділігін пайдалана отырып, аудан көлемінде мал бордақылау алаңдарын құру, егін және мал шаруашылығын жаңғырту жұмысын жандандыру қажет.
Форум ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ шаруалардың тәжірибе алмасуына, жаңа жобалармен танысуына жағдай жасады. Сондықтан бұл форум алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Сондай-ақ кәсіпкерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникалары берілді.
Табиғаты таңдай қақтырған ауданда қолға алынған жаңа бағыттардың бірі – туризм саласын дамыту. Ол үшін сапалы инфрақұрылым қажет. Осы бағытта табиғаты ерекше Шәлкөде, Көккемер, Байынқол және Шұбартал жайлауларына апаратын жалпы ұзындығы 95 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы басталғаны да тілге тиек болды. Бұл – болашақта туризмді дамытып, аудан экономикасын әртараптандыруға жол ашатын маңызды қадам. Туризм саласын дамыту мақсатында облыстық Туризм басқармасы және «Авалон» тарихи-географиялық қоғамның мамандарымен бірлесе отырып, Кеген ауданындағы Саты ауылының моделіне қанатқақты жоба ретінде Қарасаз, Жамбыл және Қақпақ, Сарыжаз ауылдарынан жеке тұрғындар есебінен қонақүйлер мен жол бойында қызмет көрсету алаңдарын жасап, жақын маңдағы көрікті жерлерге тур ұйымдастыру көзделіп отыр.
Өндірісі өркен жайып келе жатқан Райымбек ауданында алғаш рет кендір (лен) дақылын өсіру ісі қолға алынды. Жобаны жергілікті шаруалар Қытай инвесторларымен бірлесіп іске асыруды бастаған. Былтыр жері жыртылса, биыл көктемде 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілді. Егер жақсы өнім алынса, жер аумағын 3000 гектарға дейін кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, кәсіп иелерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.
«Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде егіледі. Ал Алматы облысында бірінші рет тәжірибеден өтуде. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі тұқым ауданның табиғи ерекшелігіне бейім екенін байқап отырмыз. Күзде жақсы өнім алынады деген ойдамыз. Оның үстіне алқапта заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл бастамасы ғана. Алдағы уақытта ауқымы бірнеше есе көбеюі мүмкін. Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге инвестиция салынады. Ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», деді өңір басшысы.
Мамандардың айтуынша, кендір – экологиялық таза, қайта өңдеуге бейім, адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім. Оның тұқымынан май, косметикалық өнімдер мен мал азығы алынады. Ал сабағынан киім-кешек, тоқыма бұйымдары, қап және орау материалдары дайындалады. Егер жоба толық іске қосылса, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алқапта 10 адам еңбек етеді. Сондай-ақ бастама урбанизацияны азайтып, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді деген үміт бар.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы