Трансформацияның негізгі мақсаты – холдингті инвестиция тартудың басты драйвері мен еліміздің ішкі жалпы өнімін 2029 жылға қарай екі есе арттыруға бағытталған проактивті экономикалық өсу саясатын іске асыратын негізгі құралға айналдыру. Елдің жаңа экономикалық өсу саясаты инвестицияға бағытталған мақсатты көзқарасымен – мемлекеттің нақты қажеттілігіне негізделген «жобаға тапсырыс» қағидаты арқылы ерекшеленеді.
Бұл модельді жүзеге асыруда басты рөл «Бәйтерек» холдингіне жүктеледі. Алдағы төрт жылда мемлекет жыл сайын холдингтің капиталын 1 трлн теңгеге арттырып отырады. Ал «Бәйтерек» жылына 8 трлн теңгеге дейін сыртқы қарыз қаражаттарын тартып, басым жобаларды қаржыландырады. Қазіргі басқарушы холдинг ретіндегі құрылым жаңа инвестициялық миссияның ауқымы мен міндеттеріне сай жаңғырады.
Негізгі басымдық – инвестицияға шоғырлану, салалық мамандану мен нарықтық талдауды күшейту. Кейінгі 30 жылдағы экономиканың құрылымын талдау нәтижесі ең жоғары қосылған құн металлургия, машина жасау, химия, агроөнеркәсіп пен тамақ өнеркәсібінде қалыптасатынын көрсетті. Бұл салалар стратегиялық бағыттар болып қала береді. Бұған қоса, сауда, қаржы мен құрылыс салалары да жаңа басымдықтар қатарына енеді.
Осы салалар негізінде инвестициялық холдингтің құрамында жеті Investment Board (инвестициялық қызмет) құрылады. Олар нақты сектордың өсу нүктелеріне айналып, жоғары қосылған құн қалыптастыратын жаңа жобаларды әзірлеу мен іске асыруға қатысады. Сондай-ақ бизнес тарапынан түскен жобалық ұсыныстарды экономикалық өсім міндеттеріне сәйкестігі тұрғысынан сараптайды.
«Инвестициялық жобалардың болашағы – экспортта. Біз ауыл шаруашылығын қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырмыз: өнімділіктің артуы мен инвестициялар есебінен шетелдік компаниялар қазақстандық АӨК-тің әлеуетіне қызығушылық танытып, өз технологияларын енгізіп жатыр. «Бәйтерек» экспортқа бағытталған кәсіпорындар экожүйесін қалыптастырып, олардың өнім өткізу нарығын кеңейтуіне, қосылған құн тізбегін құруына әрі сыртқы нарықтарға шығуына ықпал етеді», деді холдинг басқармасының төрағасы Рустам Қарағойшин.
Ішкі нарықты кең тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында, бүгінде көбісі импортқа тәуелді тауарлар бойынша «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама шеңберінде мемлекет өзі басым жобалар мен олардың орналасатын өңірлерін айқындап, бизнестен оларды жүзеге асыруды ұсынады.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы саласында дайындалған, енді осындай тәсілдер тұрмыстық химия, азық-түлік пен басқа да бағыттар үшін енгізілмек. Бұған қоса Директорлар кеңесінің құрамы кеңейтіліп, тәуелсіз мүшелер қатарына жетекші халықаралық салалар мен өңірлерден инвестициялық кеңесшілер тартылады. Бұл шешімдердің ашықтығын, тәуекелдерді кешенді бағалауды, жобалардың табысына әсер ететін барлық факторды ескеруді қамтамасыз етеді.
Холдингті трансформациялау жөніндегі рәсімдердің барлығы жыл соңына дейін аяқталып, келесі жылдың басында еліміздің проактивті экономикалық өсім бағдарламасын іске асыру жұмысы басталады.