Байқау • Кеше

Зияткерлік байқау

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғанының 35 жылдығына орай Шымкентте қала әкімінің кубогі үшін «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Зияткерлік байқау

Іс-шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша қатысушыны ұлық мерекемен құттықтады.

«Баршаңызды Республика күні­мен құттықтаймын! Бұл мереке – Егемендік декларациясы­ның қабылданған күні. Осы құжатпен тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы басталды. Алдыңғы тол­қын ағалар азат елдің іргесін берік ету жолында аянбай еңбек етті. Ендігі үміт бүгінгі жастарда. Қазақстанның болашағы да солардың қолында. «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, әлемдік бәсекеде мемлекеттер бір-бірінен тек біліммен ғана жарысқа түсіп оза алады. Жастар білімді болса еліміздің келешегі жарқын. Мемлекет басшысы Қазақстанды дамыған алдыңғы елдердің қатарына қосу үшін үлкен міндет қойып отыр. Оларды орындау, бір жағынан жастарға да жауапкершілік жүктейді. Жастар белсенді, көзі ашық, саналы да тәрбиелі болса, ондай қоғам ізгілікке жол бастайды», деді С.Құранбек.

Зияткерлік доданың алғашқы күні еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 200-ден астам пікірсайысшы бас қосты. Турнирге еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының сту­денттері мен пікірсайыс қозғалы­сының белсенді өкілдері өз білім­дері мен шешендік шеберліктерін ортаға салды.

Ал турнирдің төрешілік құ­ра­мында Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнының тәжі­рибелі пікірсайысшылары мен пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері болды. Барлығы 50-ге жуық кәсіби төреші пікір­сайысшылардың өнеріне қазылық етті.

Пікірсайыс турнирінде жастар қоғамдағы өзекті тақырыптарды ортаға салды. Оның ішінде технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім және жастар саясаты секілді тақырыптар бар. Осы тақырыптар бойынша қаты­сушылар өз көзқарастарын дәлелдеп, ұтымды ойларын орта­ға салып, шешендік өнерімен жұртты сүйсіндірді.

Турнирдің екінші күні финал­дық кезең жалғасын тауып, «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікір­сайыс ойындарының жеңімпаздары анықталды. Айта кету керек, екі күнге созылған интеллектуалды додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 123 фракция АПФ және ЛД форматында өзара бақ сынасты. Соңғы сында Алматы қаласы мен Түркістан облысының үздік командалары пікірсайыс алаңында жолығып, нәтижесінде, Алматы командасы байқаудың бас жүлдесін иеленді. Өз кезегінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы­ның міндетін уақытша атқарушы­сы Заңғарбек Үсіпахметов пен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Жансерік Жұман үздік фракциялар мен спикерлерді қала әкімінің дипломымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Жастар орталығының директоры Ерасыл Анарханұлының айтуынша, зияткерлік бай­қау­ға еліміздің мықты пікір­сайыс­шылары жиналды. Тур­нирге 120 команда қатысты.

«Пікірсайыста жасанды ин­тел­лекетінің қоғамға, соның ішін­де жастарға әсері қалай болып жатыр деген сауал төңі­регінде сайысшылар ой талас­тырды. Зумер буыны – интернетке телмірген, ғаламтордан шық­пайтын буын. Олардың орнын Альфа буыны алмастырып жатыр. Жаңа жас ұрпаққа жасанды интеллектіні ерік қалауынша беріп қойған дұрыс па, әлде шектеген жөн бе деген пікір айналасында сайыскерлер бір-бірімен сөз қағыстырды. Сонымен бірге жастар дропер мәселесіне де жұрт назарын аударды. Расында да ол қоғамның бүгінгі таңдағы өзекті проблемасы. Қаржылық сауаттылық жөнінде қаншама жиын, тренингтер өтсе де дроперлікке барамын деп от басып қалып жатқан жас­тар көп. Нағыз қызықты ойын финалда жалғасты. Сайыскерлер білім миграциясы мәселесін қозғады. Ол әсіресе Шымкент қаласында өзекті болып тұр. Оқушылар грантқа оқуға түскен соң көп жағдайда білім іздеп басқа өңірге немесе шетелге кетіп қалады. Бұл мегаполис­те интеллектуалдық деңгейі жо­ғары жастардың азаюына әкеліп соғады. Осы орайда қатысушы­лар шымкенттік студенттердің білімін қалай көтереміз, «Бола­шақ» бағдарламасымен оқыған жастарды қалаға қызметке қалай тартамыз деген ұсыныс-пікір­лерін ортаға салды. Сайыста түркіс­тандық команда мүшелері білім миграциясын реттеу үшін ай­мақта арнайы хаб құрып, оқы­ған жастарды соған жинау керек­тігін мәлімдеді. Алматы қала­сы­ның топ мүшелері керісінше жеке университетті көбейтіп, олар­ға академиялық еркіндік беру қажеттігіне тоқталды. Нағыз білімді студенттер Алматыда оқи­тынын айтып, алып шаһар­дың бүгінгі таңда елімізді білікті кадр­лармен қамтамасыз етуші донор екенін жеткізді. Алматыдан келген команда осы турнирде жеңімпаз атанды. Басқа ойыншылар да осал болған жоқ», деді Әуезов университеті Жастар орта­­лығының басшысы.

Сонымен қатар Ерасыл Анар­ханұлы пікірсайыс өнері тек адамның зейінін ашпай, шешендік сөйлеу қабілетін де күшейтетінін жеткізді. Шаршы топтың алдында сөз бастау қиын демекші, үлкен аудиторияда сөйлегенде сөздің майын тамызып, жұртты бір идеяға иландырудың өзі үлкен өнер. Онда қаншама ізденіс, еңбек, ұйқысыз өткен түндер жатыр. Сондай-ақ пікірсайысты дамыту арқылы қоғамда еліне жанашыр жастар пайда болады. Сту­денттер өмірде болып жатқан түрлі мәселелерге назар аударып, олардың шешу жолда­рын іздеумен Отанға деген сүйіспеншілік сезімде­рін оя­тады. Елдің болашағына қыз­мет ету керек екенін ерте
түсінеді.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік қаласы

Ғалам ғажаптары • Кеше

Жойқын қаруды жойған шешім

Ғалам ғажаптары • Кеше

Бәсі жоғары дода

Спорт • Кеше

Зияткерлік байқау

Байқау • Кеше

Жаңа буынның көзқарасы мен танымы

Республика күні • Кеше

Өткен күнде белгі бар

Республика күні • Кеше