
Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, өңірлік геоақпараттық жүйені құру жұмыстары уақтылы аяқталған. Нәтижесінде, облыс орталығы Тараз қаласындағы жер учаскелері шекараларын сәйкестендіру үшін аэрофототүсірілім жұмыстары жүргізілген.
«Облыс және қала тұрғындары үшін геопорталдың ашық картасы жасалып, 160-тан аса геопорталдың электрондық кезекші картасы қызмет бабында пайдалану үшін ретке келтірілді. Оның ішінде геопорталға арналған 367 бірыңғай талапқа сай картографиялық деректер енгізілді. Ауқымды жұмысты мамандар дер кезінде жүйелегенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметті цифрландыру жұмыстары да жолға қойылды. Нақтырақ айтар болсақ, сәулет және қала құрылысы саласына қарасты 6, жер қатынастары саласына қарасты 8 мемлекеттік қызмет дер кезінде автоматтандырылды. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасына қарасты өңірлік геоақпараттық жүйесі орталығы тарапынан бірқатар автоматтандырылған мемлекеттік қызметті іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруаның да уақтылы аяқталатынына ешқандай күмән жоқ», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.
А.Қарабалаевтың айтуынша, облыс әкімдігіне қарасты 14 басқармада жалпы саны 24 автоматтандырылған жұмыс орны қалыптастырылып, деректер енгізіледі. Бүгінде басқарма тарапынан мемлекеттік қызметтерді өңдеу, түсіндіру бағытында бірқатар нақты жұмыс қолға алынған.
«Өңірлік геоақпараттық жүйені жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесімен, электронды үкімет порталымен «Smart Bridge» платформасы арқылы тәжірибелік интеграциялау жұмыстары 100 пайыз орындалғанын айта кеткен ләзім. Сонымен қатар мемлекеттік меншіктен жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі қанатқақты жобаның «Жер учаскелерін аукцион арқылы беру» қызметтері де автоматтандырылды. Атқарылып жатқан жұмыс мұнымен тоқтап қалған жоқ. Осы жылы облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін толықтай аяқтап, іске қосу үшін бірқатар қажетті деректі толықтыру керек. Бұл енді кезек күттірмейтін шаруа десек те болады. Ол үшін екі бірдей өзекті мәселені дер кезінде реттеу керек. Бірінші кезекте өңірдегі 359 елді мекеннің бас жоспарын цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударып отырмыз. Сол арқылы геоақпараттық жүйеге енгіземіз. Бас жоспар жобасын цифрландыру арқылы қызыл сызықтағы аймақтар, функционалдық аймақтар, қорғау аймақтары, әрбір жер учаскелерінің нысаналы мақсаты, көше жолы желісі, бос жер учаскелері және өзге қала құрылысы деректері енгізілмек.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта аудан орталықтарына 1:500 масштабтағы аэрофототүсірілім жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз – бос жер телімдерін анықтау барысында таңдалған жер учаскесінің қолданыстағы жер телімінің шекарасына кірмей дәл конфигурацияда болуын қамтамасыз ету, бас жоспар мен егжей-тегжей жобалауды дәл масштабпен байланыстыру. Сол арқылы геопортал жүйесіне өңір елді мекендеріндегі бос жер учаскелерін жариялауға мүмкіндік тумақ», дейді А.Дәулетқұлұлы.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, осы жұмыстар өз деңгейінде атқарылған кезде мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне электронды құқық беру қызметін іске асыруға толықтай мүмкіндік туады. Сондай-ақ облыс орталығы саналатын Тараз қаласы мен Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларында жер учаскелері жаңа әдіспен, яғни электронды түрде беріледі екен.
«Тиісті қызметтерді алу үшін бірінші кезекте өтініш беруші «E-Gov» порталына тіркеліп, «Жария кадастрлық карта» арқылы өтінішті ұсынады. Өтініш одан әрі қарай e-jambyl.kz сайты арқылы өңірлік геоақпараттық жүйесіне жолданады. Геопортал арқылы келген өтінішке сәйкес жер учаскесін беру немесе бас тарту мәселесі қаралады. Берілген жағдайда қажетті құжаттарды әзірлеу, келісімшартты алу, дайын құжатты ұсыну секілді жұмыстар кезегімен жүзеге асады. Тиісті шешімдерді қабылдау, келісімдерді алу бойынша әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жария кадастрлық картаға жер учаскелері, құқықтық және қала құрылысы талаптары туралы деректер енгізіледі. Жоғарыда аталған деректер бірінші кезекте облыстың e-jambyl.kz геопорталына толықтырылып, одан әрі қарай геопорталмен интеграция жүргізу арқылы жария кадастрлық картаға ұсынылады. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан геопорталды қосымша деректермен толықтыру жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Әлбетте өңір үшін маңызы зор жұмысты уақтылы жүзеге асыруға күш салып жатырмыз.
Бұдан бөлек, осы жылдың екінші тоқсанының басында басқарма мен «КазГИСА» ЖШС және Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының қатысуымен Тараз қаласы, Шу, Сарысу, Талас ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінің жауапты мамандары жер учаскесін жаңа әдіспен беру туралы түсіндіру, талдау жұмыстарын жүргізді», дейді басқарма басшысы.
Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, алдағы уақытта өңірдегі төрт шағын қаланың монополия субъектілері назардан тыс қалмайды. Жаңа әдіске сай жер учаскесінің таңдау актісін геопортал арқылы келісу үдерістерін түсіндіру, талдау жұмыстары қолға алынбақ.
Жамбыл облысы