Қоғам • 03 Тамыз, 2022

Жосықсыз кәсіпкерлер жұқтырған «дерт»

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отбасылардың ажырасуы бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы ондыққа кіргені мәлім. Ұлттық статисти­ка бюросының мәліметіне қарағанда, елі­мізде өткен жылы 140,3 мың неке тір­келсе, 48,2 мың отбасы заң жүзінде ажы­расқан. Бұл ретте қазіргі қоғамда «Жас отба­сылар жиі ажырасады» деген пікір қалып­тасқанымен, статистикалық көрсеткіштер басқаша «сөйлейді».

Жосықсыз кәсіпкерлер жұқтырған «дерт»

Мысалы, былтыр 10 жылдан астам тату-тәтті өмір сүрген отбасылардың 34,1 пайызы, 5 жылдан аса  бірге тұрған жұбай­лардың 26,3 пайызы  ажырасқан. Ал 2 жылдан 4 жылға дейін ғана отбасы құрған­дардың үлесі – 21,4 пайыз, 1 жылдан кейін ажырасқандар – 7,8 пайыз, 1 жылға жетпей айырылысқандар –  5,5 пайызды құрап отыр. Шынтуайтында, «бәрін біледі» деп санайтын статистикамыз осы мәселеде оңбай жаңылысып, нақты жағдайды шынайы көрсете алмай отырғандай. Себебі әлеуметтік әділдік аяққа басылып, қай саланы болсын сыбайлас жемқорлық жайлаған бұрынғы Қазақстанда, һәм Бірінші Республикада әртүрлі себеппен жалған ажырасу көбейіп кеткен. Заң жүзінде айырылысқанымен, іс жүзінде бірге тұрып жатқан отбасылар саны қанша екені бір Аллаға ғана аян. Әсіресе әлеуметтік осал санатқа жататын толық емес отбасы ретінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолжетімді пәтер алу үшін нотариус арқылы оп-оңай өтірік айырылысқанымен, бір шаңырақ астында дәм-тұздары жарасып тұрып жатқан жұбайлардың қатары қалың көрінеді. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты қызмет атқарып, шіреніп жүрген шенеуніктер де отбасыларымен қағаз жүзінде ажырасып қоюды құп көреді екен.

Осы орайда ертеректе бір әкімнен журналистер: «Сіз қандай үйде тұрасыз?», деп сұрағанда. оның: «Менің басыбайлы үйім жоқ. Әйелімнің үйінде тұрып жатырмын...», деп өзі де езу тартып, естіген жұртты да күлдіргені еріксіз еске түседі. Шын­дығында, бұл – күлетін емес, жылайтын жағдай. Өйткені былыққа белшелерінен батып жүрген ірілі-ұсақты шенеуніктер алда-жалда ұсталып, темір тордың арғы жағына тоғытылатын күн туа қалса, барлық жиған-тергені тәркіленіп кетпеуі үшін әйелімен өтірік ажырасып, дүние-мүлкінің барлығын соның атына жаздырып қоятын болған.

«Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, қулықтарына құрық бойламайтын шенеу­ніктерден қалыспайтын жосықсыз кәсіпкерлер де тату-тәтті тұрып жатқан  жұбайларымен қағаз жүзінде ажырасуды жаңа «дәстүрге» айналдырған сыңайлы. Мысалы, бір танысымыз былтыр жеке үйінің ауласына еккен қарағайлар мен жеміс ағаштарын суаратын қондырғылар орнату үшін осы кәсіппен айналысып жүрген жеке кәсіпкермен шарт жасасып, оған 1,3 миллион теңге төлепті. Бірақ ол дұрыс жұмыс істемейтін ескі-құсқы жабдықтарды әкеліп орната салып, өз тарапынан жол берілген ақаулар тізіліп көрсетілген қабылдау актісіне қол қоймай, тайып тұрған. Содан ұшты-күйлі жоғалған жосықсыз кәсіпкерді шарқ ұра іздеп таба алмаған танысымыз ақыры оның үстінен астананың азаматтық істер жөніндегі сотына талап-арыз түсіріпті. Арада бірер апта өткенде ол: «Жосықсыз кәсіпкерді сотта жеңдім. Ол жұмсаған барлық шығынымды өсімақысын қосып қайтаратын болды», деп қуана хабарлады. Алайда оның қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені сот шешімін орындаушы бірер күннен соң: «Сіз соттасқан дара кәсіпкердің шотында бір теңге де жоқ екен. Өзінің атына тіркелген ешқандай мүлкі де жоқ. Бәрі – ажырасып кеткен әйелінің атына жазылған. Өкінішке қарай, оған қолданыстағы заңнама бойынша ештеңе істей алмаймыз. Бізде ондай жосықсыз кәсіпкерлер жүздеп саналады...», депті дәрменсіздік танытып.  Жосықсыз кәсіпкер, тіпті әйелімен заң жүзінде айырылысқанда еншісіне тиген төрт бөлмелі пәтерінің жартысын да іле «ажырасқан» жарына сыйға тартып, өзі дүние-мүліктен «құралақан» қалған болып шықты.

Демек құқық қорғау органдары, Үкімет пен Парламент Жаңа Қазақстанға «мұра» болып қалып отырған жалған ажырасу сынды келеңсіз құбылысты әшкерелеп, тамырына балта шабу үшін қажетті шараларды қарастырып, заңдастырғаны жөн болар. Айталық, жалған ажырасуы алаяқтықпен астасып жатқан жосықсыз кәсіпкерлерді еркінсітіп қоймай, жұртқа келтірген залалының орнын толтыру үшін қоғамдық жұмысқа тартудан бастап, белгілі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаларды неге қарастырмасқа?!