Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Сауытбек аға, 10 томдығыңыз құтты болсын! Әдетте кітап туралы сөзді оның мазмұнынан, мәтінінен бастайды ғой. Әйтсе де, алғашқы сұрағымызды басылымның көзбен көріп, қолмен ұстағаннан-ақ бірден разы ететін полиграфиялық сипатына байланысты қойғым келіп отыр. Кітап қайда басылды?
– Рахмет. Басылымның сіз айтқан полиграфиялық сипатына келейін. 10 томдықты Алматыдағы «Мерекенің баспалар үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарды. Баспаның біраз өнімін бұрыннан бақылап, бағалап жүретінмін. Әсіресе Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орайлас жарық көрген жазушының 20 томдық шығармалар жинағының сымбаты (иә, кітап та сымбатты бола алады, болуға тиіс!) сондай сүйсіндірген еді. Баспагерлер дермантинмен қапталған «жетінші тыстау» («седьмой переплет») деп сөйлейтін терідей жұмсақ мұқабасы да, сәл сарғыштау, жеп-жеңіл, сапалы фин қағазы да қызықтырған. 500 беттік кітаптың салмағы әдеттегі 300 беттік кітаптың салмағындай ғана болады. Сол мұқаба да, сол қағаз да аталған баспада баршылық екен. Көптомдықтың көлемді кітаптарға жарасатын, мәтінге сыйымды 70х100 пішімімен басылуы, қаріптің сәтімен таңдалуы, жол арасындағы қашықтықтың дәл сақталуы, әр тарау тұрмақ, әр мақаланың бөлек-бөлек берілуі де көңілден шықты.
– Иә, айтары жоқ, он томдығыңыз қыздың жиған жүгіндей шығыпты. Ал енді басылымның өзіндік сипатына ауыссақ...
– Бұл тұрғыдан алдымен айтатын жай – осы он томдықтың менің журналистік жолымның үлкен бір биігі екендігі. Екінші жағынан бұл көптомдық жалпы журналист еңбегінің жануы, бағалануы деудің де артығы жоқ. Нақты айтқанда, бұған дейін негізгі ұстанған жолы газет журналистикасы болып келетін қазақ қаламгерінің ұзын саны шамамен 320 баспатабақтық, жалпы көлемі үлкен пішіммен 5000 бетке жуық туындысы бірігіп шыға қоймағанын да басын аша көрсетудің жөні бар. Көптомдыққа күнделікті газеттік жанрларға (мақала, очерк, сұхбат, рецензия, есеп, шолу, репортаж, т.б.) қоса, әдебиеттану, мәдениеттану, өнертану, саясаттану, тарихтану бағыттарындағы еңбектер де кіргенімен, солардың бәрінің бастауында мына өмірдің бар құбылысын, бар қырын қатар көруге мүмкіндік ашқан журналистика тұрғаны талассыз. Сондықтан бұл басылымның дүниеге келуіне өз басым о бастан жаным сүйген журналист мамандығы негізгі себепкер деп білемін. Журналистика шалт жазуға да, қалт жібермеуге де үйретеді.
Мамандықтың мән-маңызын соншалықты сергек сезінген бір сәтімді еске түсіргім келіп отыр. Осыдан дәл 49 жыл бұрын, 1976 жылдың жазында Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық семинар-кеңесі өтті. Идеологияға қатты көңіл бөлінетін кез. Жиырма бес пен отыздың арасындағы қылқандай жастар алдында кеңес журналистикасының кілең бір ығайы мен сығайы сөз сөйледі, бай тәжірибесін бөлісті. Солардың бірі – атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында айтқаны есімде қалып қойды. «Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жанның өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иесінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?», деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі – актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады...» деген тұрғыда айтты да тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Не айтарын күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист. Сіздер таңдаған мамандық», деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да сіздер – адамға бір-ақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар»... Осы сөзді ұмытқан емеспін. Журналистік жолды таңдаған жастар біле жүрсін деп еске салып жатырмын. Университет студенттеріне дәріс оқығанда да осы жайды айтуды ұмытпаймын.
Иә, журналист – бақытты мамандық, бақытты болуға барынша кең жол аша алатын мамандық. Неше түрлі адамдардың өмірін сүріп көрудің, неше түрлі кәсіптің қыр-сырын сезініп қалудың сыртында, бұл мамандықтың саған сыйлайтын мүмкіндігінің өзі қыруар.
– Көптомдықтың құрылымымен таныстырып өтсеңіз.
– Бірінші том «Өнер өлкесі» деп аталады. Ондағы материалдар «Студент дәптерінен», «Социалистік Қазақстанның» сарғайған беттерінен», «Еркін елдің «Егеменінен» деген тарауларға топтастырылған. Атынан бәрі көрініп тұр. Студенттік жылдарда кинорецензияны көп жазғанмын, сол кездегі Одаққа аты мәлім біраз өнер адамдарымен сұхбат жасағанмын. Ең атақтысы – Шыңғыс Айтматов. Жазушымен сол сұхбаттың жарияланғанына да 50 жыл толып кетті дегенге қазір өзге тұрмақ, өзім де зорға сенемін... Айтқандай, дәл сол сұхбат газетке шыққаннан екі күннен кейін «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының Әдебиет және өнер бөліміне жұмысқа қабылданған едім.
Екінші томның аты – «Әдебиет әлемі». Ол осыдан тұп-тура 55 жыл бұрын, яғни университетке түспей тұрғанымда «Жұлдыз» журналына (1970 жыл, №5) жарияланған рецензиядан басталып, ұстазым Сейіт Қасқабасовтың 80 жылдығына арналған мақаламен («Egemen Qazaqstan», 2019 жыл, 1 мамыр) аяқталады. Осылай томнан томға көшіп айта берейін бе?
– Иә, бұл шағын сұхбаттың мақсаты көптомдықты айқара ашу емес, жаңа басылым жөнінде оқырманға бағыт-бағдар беру ғой.
– Үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші томдар – осы басылымның басты ерекшелігі. Өйткені оларда 2001–2021 жылдар ішіндегі публицистика топтастырылған. Бәрі де газетке шыққан күйінде жарияланды. Бәрі де жаһандану жағдайындағы жаңа журналистиканың өнімі, бүтін бір дәуірдің дерекнамасы, өз уақытының үні. Оларға солай қарау керек. Мақалаларының жалпы көлемі 2500 бетке жуық көлемді бес томға басы біріктірілгенін көру де журналист үшін едәуір абырой деп білемін. Бір кездері әдебиетке уақтылы ауысып кетпеген, әңгімеге, повестке, романға құлаш ұрмаған бұрынғы редакция қызметкерін «газетчик күйінде қалды» деп сөйлейтін, жазушы болмағанның бәрін бола алмағандай қарайтын түсінік, құдайға шүкір, бізде әбден еңсерілді. Әсіресе тәуелсіздік тұсында журналист сөз майданының алдына шықты, публицистің қаламгерлік мәртебесі биіктей түсті. Бұл томдарда сан тақырыптағы, сан жанрдағы газет материалдары, әлемнің қиыр-қиырынан жолданған сапарнамалар, көрнекті тұлғалармен сұхбаттар енгізілген. Олардың арасында Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Эмомоли Рахмон, Эдуард Шеварднадзе, Бәйкен Әшімов, Төрегелді Шарманов, Валерия Порохова, Марта Брилл Олкотт, Бердібек Сапарбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов сияқты мемлекет тұлғалары, Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, Олжас Сүлейменов, Нұрмұхан Жантөрин, Михаил Ульянов, Людмила Зыкина, Бибігүл Төлегенова, Наталья Арынбасарова, Андрей Кончаловский, Сергей Соловьев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сияқты әдебиет пен мәдениет қайраткерлері бар.
Осы газеттің бетінде көп жылдар бойы «Әлемге әйгілі» атты авторлық айдармен танымдық мақалалар жариялап келгенімді көзі қарақты жұртшылық біледі. Сегізінші томда сол айдардың аясында 2002 жылы шыққан «Мұхаммед пайғамбардан» 2015 жылы басылған «Шанаққалаға» дейінгі аралықтағы 67 мақала қамтылған. Тоғызыншы том аударматанушылық және пушкинтанушылық еңбектерден, атап айтқанда, өлең аудармасының теориясы мен поэтикасын талдаған «Төлтума мен телтума» зерттеуінен және «Пушкинтану парақтары» деген тарауға біріктірілген мақалалардан тұрады.
Оныншы том – «Абыз Әбіш» атты мәдениеттанушылық зерттеу. Ол кітап жұртшылыққа тәп-тәуір белгілі.
– Осы томдықтар шығармашылығыңызды толық қамти ма?
– Молынан қамтиды. Негізінен қамтиды. Он томдыққа «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі» деген кітаптар, ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының қос томдық авторлық антологиясы, орыс тіліндегі «Коран и Пушкин», «Перевод поэзии и поэзия перевода» атты кітаптар, 2021 жылдан бергі баспасөз материалдары, осы арада кітап баспаға 2021 жылдың аяғында тапсырылғанын ескерте кетейін, сондай-ақ орыс тіліндегі мақалалар мен сұхбаттар (олардың да көлемі бір томға барып қалды) кірген жоқ. «Кірмей қалды» демеймін. Тәубе. Қанағат керек. Алдағы уақытта олар да, биыл шыққан 600 беттік «Алып Абай» атты зерттеуім де қайта басыла жатар деп үміт етемін. Жүгірте шолып, санамалап қана шыққан осы еңбектің өзі журналистік жолдың жақсы жемісі деп білемін.
– Қомақты еңбек екен. «Журналистік жолдың жеңісі» десе де жарасқандай. Тағы да құтты болсын дейміз. Жазарыңыз таусылмасын. Алдағы 75 жылдығыңызға толайым табыспен баратыныңызға сенеміз.
– Осы он томдықтағы жарияланымдардың тоқсан пайыздайы қара шаңырақ газетте қызметте жүргенде жазылғанын айрықша айтқым келеді. Жапырып жұмыс істеген жақсы жылдарым өткен бас басылымға тағы да разылығымды білдіремін.
Әңгімелескен –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»