Фото: Павлодар облысының Әділет департаменті (архив)
2022 жылғы 1 шілдеден бастап іске қосылған eOtinish жүйесі өтініштерді қабылдау, өңдеу және орындалуын бақылау үдерістерін толық автоматтандырды. Бүгінде пайдаланушылар онлайн режимде өтініш мәртебесін қадағалап, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу тарихын көреді, жауаптардың сапасын бағалайды, орындалуына шағым жолдайды, сондай-ақ сотқа арыз бере алады. Мұның бәрі азамат үшін ашық әрі түсінікті орта қалыптастырды.
«Тыңдайтын мемлекет» қағидатын енгізу Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасынан кейін жүйелі сипат алды. Соның нәтижесінде eOtinish.kz бірыңғай ақпараттық платформасын енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ал 2020 жылғы 29 маусымда қабылданған №350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің күшіне енуі өтініштермен жұмыс істеу тәсілін түбегейлі жаңартты.
«Бүгінде eOtinish мемлекет пен халық арасындағы цифрлық өзара іс-қимылда маңызды рөл атқарып, азаматтардың жоғары сеніміне ие болып отыр. «ҰАТ» АҚ командасы жүйені одан әрі ыңғайлы әрі тиімді ету бағытында жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда біз жедел әрекет ету мен деректерді талдауға арналған жасанды интеллект көмекшілерін енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді ҰАТ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Исабекова.
Бірыңғай цифрлық платформаға дейін өтініштер әр ведомствоның өз арналарымен қабылданып, тіркелетін. Бұл азаматтар үшін қолайсыздық туғызып, ашықтықты төмендетіп, ведомствоаралық бақылауды әлсірететін, eOtinish осы олқылықтардың орнын толтырып, өтініштерді бір жүйеге біріктірді, орындау мерзімін нақты бақылауға мүмкіндік берді.
Оқи отырыңыз: Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар eGov және e-Otinish арқылы қабылданады
Статистика да жүйенің маңызын айқын көрсетеді. 2025 жылы платформа арқылы жеке тұлғалардан 4 миллионнан астам, заңды тұлғалардан 1 миллионға жуық өтініш келіп түсті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 1 миллионға көп. Демек, eOtinish азамат пен мемлекеттің арасына көпір болып қана қоймай, цифрлық сенімнің де берік тетігіне айналып келеді.