Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастарды қолдау мақсатында 2021 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін аталған грант 123 азаматтың идеясын іске асыруға және дамытуға мүмкіндік берді.
Аида Балаева жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар», деді вице-министр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түскен, оның 1622-сі қабылданған. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдениет пен өнерді дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, IT және волонтерлік саладағы стартаптарға, сондай-ақ креативті бизнес-идеяларға бағытталған жобалар бар.