Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 140 кәсіпорында 1,1 мыңнан астам жұмыскер алдында 642 млн теңгеден асатын жалақы берешегін анықтады. Сонымен қатар тексерулер барысында 2 мыңнан астам еңбек құқығының бұзылуы тіркелді.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты кәсіпорын басшыларына орындауға міндетті 1 110 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 136,5 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде, әсіресе жалақы қарызын өтеудің нақты мерзімдері мен қатаң кестесін белгілеу арқылы, 7 мың жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 463,3 млн теңге төленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек заңнамасының сақталуын ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Жалпы, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 723 тексеру жүргізіп, оның барысында 2 065 құқықбұзушылық анықтаған. Оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 1 735, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 305, халықты жұмыспен қамту бағытында – 25 дерек тіркелген.
Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 17,5 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Елдегі кәсіпорындар жұмыскерлерге 2,3 млрд теңге жалақы төлемеген