Әдебиет • Бүгін, 08:55

Ұлттық болмысты айшықтаған ақын

40 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ақын Жанат Әскербекқызы есімімен оның өзін көрмей тұрып, марқұм Табылды Досымовтың «Қара гүл» әнін тыңдаған сәттен таныспын.

Ұлттық болмысты айшықтаған ақын

«Ақ гүлді тердім, қызыл гүл көрдім, ал, мұны

көргенім осы, қозғалып кетті жан мұңы.

Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға,

Гүлдің де сірә, болады екен-ау тағдыры.

Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы,

Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады.

Жаудырап тұрып қараған сәтте көзіме

Елестеп кетті қара көз қыздың жанары.

Тұңғиықтанып, түнеріп тұрды қара гүл,

Төбенің төсін қақ жарып шыққан жара бұл!

Бұрылып кеттім…

Құйындай ұйытқып көңліме

Беймазаланып, тап бола кетті нала бір…

Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,

Аршылар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!

…Көз орнында көз емес, кейде қарасаң,

Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға…»

Табылдының баритон даусының ырғағымен көз алдыңа біресе жел өтінде күлтелері үзілердей желбіреп, тіршілікке жанұшыра жалғанып, нәзік тамырын қимай тұрған нәп-нәзік гүл елестесе, біресе сол гүл тағдырлы қара көз қыздың мұңая қарағаны, шарасыз бейнесі жүрегіңді жұлып бара жатады. «Ойпыр-ай, табиғат-ана адамға көп нәрсені тілсіз ұғындырғысы келеді екен-ау…» дейсің… Әдетте, гүлзарлар мен гүл сатушылардан тек қана ақ, сары, қызыл, алқызыл, күлгін секілді үйреншікті гүл түстерін көріп, сатып алып, сыйға тартатынымыз жаңалық болмаса да, «төбенің төсін қақ жарып шыққан қара гүлдің» де болатынын қырат пен төбеге бара бермейтін тірлікте ұмыт қалдыруға айналғанбыз. Көрсек те, мүмкін жай таңғалып қоя салуымыз ғажап емес. Ал ақын жүрегі оны басқаша сезсе керек-ті. Жай гүл емес! Қара гүл! Әшейінде қызыл-жасыл гүл бақтары адамға қуаныш сыйласа, бұл гүлді көргенде «көңіліне беймазаланып, бір нала тап бола кетер…».

Жанат ақынның «Қара гүлі» – ұлттық бол­мысты тануға ұмтылған үлкен бағдар. Бағдар болатыны – адам жанын, дәлірек айтсақ, қандай да бір ұлт бейнесін тану үшін, ең алдымен, сол ұлттың әйелдер қауымын зерттеу керек дер едім. Себебі «сананы тұрмыс билейтіні» секілді, тұрмыстық таным мен өмір сүру негіздерінің көбі отбасындағы тірліктен бастау алатыны рас. Отбасы десек, алдымен сол отбасының ұршығын айналдыратын ананың мойнында қоғамның тұрмыс деңгейі, сана-сезімі жататыны анық.

Тіпті «Қара гүлдің» жазылғанына бірнеше он жыл уақыт болса да, бұл жыр – қазіргі күнгі модаға айналып, кім-кімнің де аузында жүрген «ұлттық код», «генетикалық негіз» жөніндегі ұғымдарды айтып, «әулиеге» айналып, коуч пен ауыштар жасап жүрген парықсыз пайымның үздіксіз жарнамаланып, үлкен-кіші мінберлер мен экрандардан түспейтін сайрауық құлдыраудан мүлде бөлек, өлшемі аспан мен жердей парасат майданында айтылатын соңғы сөздің жырға айналған формасы болса керек. Тарбағатайдың қарапайым Қарасу ауылында туған қазақ қызының бұл жыры әдеміліктің бәрі қуаныш не бақыт сыйламайтынын, керісінше, табиғат-ана әрбір жаратылған дүниенің астарында күнгей мен көлеңке, бақыт мен мұң, күлу мен жылау, т.б. қарама-қарсылық жататынын жария етеді. Жанат қара түсті гүлге жай ғана таңғалып, жыр арнап қана қоймайды, қара гүлді тағдыр бейнесіне айналдырады. Әдетте, түп-тамырымызды таңбалы тас, төбе қорым, мұрағатты беттерден іздеп жүргенде, ақын «қара көзді қыздың» тағдыр тарихын бір ғана гүл беті­нен оқи алды. Ол тағдыр – қанша ғасырдан бері ­талауда келе жатқан қазақ қызының, анасының, аяулы жарының, қала берді ұлтымыздың тағдыры еді. Қыз тағдыры – ұлт тағдыры. …Қазіргі таңда да қара гүлдей «қауызы тамшыға тұнып» тұрған қазақ қыздарында тағдыр аз ба…

Жария жырды Табылды әнге айналдырмаса, естір ме едік? Біздің қоғамның құлағы әлдеқашан дұрыс дүние мен ойлы сөзден ада, тас керең болғанын білеміз ғой, бірақ. Жанат жырының құдыретін Табылдыдан басқа тағы бір адам естіді. Ол тірісінде ешкім қадіріне жетпеген интеллектуал мәдениеттанушы, ақын, философ Әуезхан Қодар еді. «Қара гүл» жөнінде емірене мақала жазды. Ақын жанын тани алды. Өйткені Әуезхан Қодар да ұлттық болмысты үкіметтің қаулысынсыз, жан-жүрегімен, сана-болмысымен танып, қоғамды алға жетектейтін жол іздеген жан еді. «Қош» делік!..

Қазір әсіре мақтау, парықсыз пайым, әжуа күлкі, тик-ток махаббат заманында бір өлеңнің өн бойынан тұтас ұлттың тағдырына бал ашудан аулақпыз. Десек те, көркем әдебиетте, поэ­зия әлемінде Жанаттың «Қара гүлі» «қара көз қыздың жанарынан» мөлт ете қалған мұң түсі еді. Ол мұң ғасырлар бойы түсін өзгерткен жоқ. Қанық түс! Поэзияның қызыл-жасыл ұрандатқыш «ақындарына» бақырайтып көрсететін түс. Иә! Ақын Есенғали Раушанов «қазақтың түсі – қоңыр түс» деп еді. Қоңыр қыздан қоңырайып қараса көрінетін қара гүлдің түсі – бұл! Әсілі, есі дұрыс адамға қоңыр мен қараның мәнін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Менің ұғымымда Жанаттың «Қара гүл» өлеңі ұлы суретші Казимир Малевичтің живопиське ғасырлық жаңалық алып келген, әлемді жалт қаратқан «Черный квад­рат» шедеврімен пара-пар. Әлемде миллиондаған мәдениеттанушы Малевичтің «Черный квадрат» картинасы жөнінде құлаш-құлаш мақала, түрлі ғылыми еңбек жазып, ғасырдан аса уақыт түсіндірумен келеді. Таңданады, тамсанады. Маған ол картинаның саяси астары басымырақ көріне­тін-ді… Ал Жанат Әскербекқызының «Қара гүлі» – тұтас бір ұлттың тарихы, тағдыры... Басқаша қарай алмаймыз.

…Сонау жылдары, елордамыз әлі Астана болмай тұрған шақта, Алматы деген аяулы шаһарда ­Алма апай тұратын. Көзі ашық кісі тани кететін кә­дімгі Алма Қыраубаева. Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Әкесі – әйгілі жыршы Мүтәліп Қырау­баев. Қазақ ұлттық университетіндегі әдебиет кафедрасының үлкен-кішісі, үлкен-кіші болғанда академик Зей­нолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев секілді тұлғалар, жасы үлкен әрі оның ұстазы бола тұра, Алма Қыраубаеваны «Алма апай» деп атайтын. Бас қосқан жерде төрін береді. Алма апай бәрінен жоғары отырады. «Не деген сыйластық? Не деген бағалау?» дейтінмін іштей. Алма апай­дың шәкірттері оның өз балалары секілді. Апай ұстаз ғана емес, шәкірттеріне ана да, керек жерінде әке де бола алатын жан еді. Қазір мен сол қасиетті Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Әскербекқызының болмысынан көремін. Көремін де, «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» екеніне көзім жете түседі. Өз ата-анасы да өмір бойы ұстаздық еткен жандар болғасын, оның үстіне әкесі Әскербек ақсақалдың ақындығы мен анасы Қанипа Әділбекқызының текті өнегесі Жанаттың ұстанымына негіз болғандығы тағы бар. Астананың алғашқы жылдарында Жанаттың жатақханадағы аядай бөлмесіне оның балаларымен бірге еліміздің түпкір-түпкірінен келген шәкірттері, бір бұрышында қолына қалам ұстаған шайыр іні-сіңлілері келіп жатады. Суық қалада талайға пана болған абзал жүректің кеңдігіне қайран қалатын едік. Сөйтіп жүріп, жыр жазуға да, ғылыммен айналысуға да уақыт табады. Оның қаламынан туған жыр жинақтарының қай-қайсы­сы да оқырманымен ой сала қауышады. Ал түркі дүниесін түгендеуде Жанатқа жетер ақын жоқ. Оның «Қазақ қағанаты», «Көнеден жеткен көп белгі» топтамалары Орхон-Енесай жазбаларының поэзиядағы көшірмесі іспетті. Жанат – қаламы жүйрік, қарымы кең талант. Оның қаламы­нан жүздеген ғылыми мақала мен еңбекті айтпаған­да, көркем әдебиетке берген «Қаракөз – бұлақ», «Қаңтардағы қызыл гүл», «Көктүріктер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр», «Андре Моруа. «Әдеби портреттер», «Сакура гүлдегенде», «Ай–тамғы», «Бұлт болып көшеді өлең», «Қыш тақтадағы сына жазу», «Миф–о–поэзия», «Үркек күндей үркерім», секілді жырлар мен аудармалар жинақтарының бәсі жоғары, мағынасы терең.

Тізбектей теріп, тәптіштей айтуымыздың себебі, осы күнгі қоғам бетбұрысының Жанат Әскербекқызы секілді талантты ақын, тағылымды ғалымды танып, бағалаудың орнына, елемеген, көрсе де көрмеген, білсе де білмеген немқұрайды көзқарасында болып тұр. Осы жасқа келгенше басында жекеменшік баспанасы жоқ, ешбір жерде шығармашылық кештері өткізіліп, не кітабының тұсаукесерін жасатып, дәріптеуге жауапты азаматтардың көңілі де, пайымы да жетер емес. Таңғаласың... Әр айтыс сайын бір шумақтың өңін айналдырып айтып, «ақын» атанып, көлік мініп жүргендермен Жанат секілді өресі биік, өнегесі терең талантты салыстыруға бола ма? Осы­лай, ойлы таланттардың, терең адамдардың толыспағандардың тасасында көміліп қала беретіні несі?

Жанаттың сан салалы тақырыптағы өлеңдерінің қайсысын алсаң да, жүрегіңе тура өзің айтып тұрғандай құйыла кетеді:

«Қарт Сена, қанша тарих жатыр сенде,

жағаңда батты талай ақын шерге.

Кезгенде кең дүниені кез болғансың

бабамның ұрындырмай атын шөлге».

Бір шумақта қанша тарих, қанша ғасыр жатыр. Бабамыз Сена бойына қашан барғанын тарихшылар таразыласын. Жанат жырынан Еуропадағы Сена өзені де өзіңдікі сезіледі, түп-тамырымды қазсаңыз, менің де ата-бабаларымның бір заманда сол маңда ұлы шайқаста болғанын жазушы Тынымбай аға Нұрмағамбетов мені көрген сайын айтатыны есіме түседі.

Оқыған сайын тереңіне тарта беретін, талдаған сайын талғамыңды өсіретін жырлардың авторы Жанат Әскербекқызымен пендеуи өмірде күнде сырлас, ақеден аралас болмасам да, оның осындай қалпы, әдебиет пен ғылымға деген адал ұстанымын ерекше құрмет тұтамын.

«…Қараңғыда қарауытар амалсыз –

Өмір деген көлеңкесі өлеңнің» дегеніңдей, өлең көлеңкесіндегі өмірің ұзақ болғай! Нағыз талант қандай құрметке де лайық!

 

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,

ақын, әнші-композитор, филология ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Күйзелістен құтқарады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Бейнежазбадан білім алған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:17