Білім • Бүгін, 07:40

Оқушыларға барлық жағдай жасалған

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласында екі «Келешек мектебі» оқушыларды қабылдай бастады. Білім ордасының бірі – «Жұлдыз-3» шағын ауданында, ал екіншісі Ақсай-2 ауылында орналасқан.

Оқушыларға барлық жағдай жасалған

Ұлттық жоба аясында бой көтерген білім орда­ла­ры­ның әрқайсысы 900 оқушыға есептеліп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұр­таев­тың пікірінше, осы заман­ғы мектептер жас буынның сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Өйткені мемлекеттің басты саясатының бірі – өскелең ұрпақтың саналы, білікті болуына қолдау көрсету. 

«Жаңа мектептер заманауи үлгідегі озық құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Енді шағын аудан­дағы балалар қаланың орта­лы­ғындағы өзге білім ордаларына шапқыламай, өз үйінің маңындағы мектепте оқитын болады», деді Қ.Нұртаев.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәліметінше, жаңа мектеп мектепке дейінгі, бастауыш пен орта білім беру бағытында жұмыс істейді. Оқушылар үш қабатты ғимараттағы 25 сыныпта оқиды. Сондай-ақ STEM-зертханалар, роботтехника мен инклюзивті білім беруге арналған кабинеттер, спорт залы, кітапхана, мәжіліс залы, асхана бар.

Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың мәлім етуінше, білім ордаларындағы қауіпсіздікке баса көңіл бөлініп отыр. Қазір өңірдегі 520 мектепте бейнекамера бар. Ал Атырау қаласында «Nazar» жобасы аясында білім ордаларына орнатылған 2500-ге жуық камерадағы жазбаны жедел басқару орталығынан бақылауға болады.

«Атырау қаласында 2024 жылы «Nazar» жобасы іске қосылды. Бұл – елімізде тек Атырау қала­сын­­да жүзеге асырылған біре­гей бағдарлама. Жоба тек қауіпсіздікті ғана емес, сабақ өту сапасын да бақы­лауға мүмкіндік береді. Атал­ған жоба әдіскерлердің жұмы­сын жеңілдетеді. Енді камера функциясына жасанды интеллект енгізіліп, қауіпсіздікті күшейту көзделіп отыр», деді Д.Шамұратов.

Әкім орынбасарының дерегіне қарағанда, облыстағы 495 білім беру нысаны турникетпен, 462 мекеме лицензияланған күзетпен, ал 520 нысан дабыл түймесімен жаб­дықталыпты. Сондай-ақ мем­ле­кеттік балабақшалардың кіре­бе­рісіне байланыс құрылғы­ла­ры орнатылыпты. Ал террористік тұр­ғыдан осал деп танылған 364 нысан жедел басқару орталығына қосылыпты.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20