Ән • Бүгін, 08:48

«Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан...»

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам жаны тыныштықтан жай табатыны бар. Төңіректе мүлгіген тыныштық орнағанда кісі санасында сан түрлі ой салтанат құрады. Терең ойдың түбін таба алмай тұңғиыққа батасың. Айналаға көз тас­тап, әудем жерде қанатын сермеп ұшқан құстарға қарайлайсың. Тіршілік қамытын олар да мойнына іліп алғандай көрінеді. Жанұшыра ұшқан құстардың даусы да, тізбегі де керемет көріністі көз алдыңа әкеледі. Көкжиек төсін шарлай ұшқан олардың әрбір қимылы сан түрлі суретке толы ма деп топшылайсың.

«Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан...»

Иә, құс біткеннің тынымсыз қозғалысы сыртылдаған сағатпен пара-пар секілді көрінеді. Екеуі де бір сәтке дамыл таппайды. Қозғалудан мүлде шаршамайды. Олардың үнінде құлаққа майдай жағатын әуен тұнып тұрғандай күй кешесің. Сан түрлі дауыс жаныңды емдейтіндей, сағыныш дертінен сауықтыратындай болады да тұрады. Қанатын қаққаны да айрықша әсер сыйлайды. Кейде солардың санатына қосылғың келеді. Алайда, «ұшарға қанатым жоқ, неғылайын»...

Зымырандай зулаған жылдар тіз­бегі жылыстаған сайын өткен шақты сағынатынымыз тағы бар. Бала күнімізде көк жүзінде безек қағып ұшқан қар­лығашты көру қазір мұңға айналды. Көктеммен бірге жеткен жыл құсы ауылдағы қара шаңыраққа ұя салушы еді. Ал қазір ше?

рп

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «айыр құйрық нау құсым» деп жырлаған көк періштесін үй түгілі ауладан көре алмай жүрміз. Неге? Сауал бар. Бірақ сол сұраққа жауап таба алмай дағдарып қала береміз. Адамдардан жерінді ме? Қос қанатты сұлу құс екі аяқты досынан жерінді ме екен? Кім білсін...

Қазір жусан исі аңқыған боз даланы бозторғайдың үні тербеп тұрғандай күй кешеміз. Байтақты думанға бөлеген оның шырылы құлаққа талып естіледі. Қайда жүр екен деп әр қиырға көз тас­тап, қамығасың, жабығасың. Көк төсін шиырлап ұшқан сол құс бір уақытта дәл тұсыңнан самғап өтеді де, ғайып болады. Үнінде өзіне тән сарқылмас мұң бардай көрінеді. Иә, әредік қасыңнан зымырайды, қанатын сермеп пыр етеді, сол кезде жүрек дір етеді.

Қазақ халқында дәл осы бозторғай құсына арналған ән аз емес. Сол туындылардың қай-қайсысы болсын, жүрек қылын қозғайтыны, ойыңды онға бөлетіні анық. Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғайы» да сананы сан саққа жүгіртеді. Әнді тыңдап отырып бірде жаның рахат тапса, енді бірде сен де терең ой шырмауына түсіп, торығасың.

«Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан,

Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан.

Аяздардан тоңбайсың ба, бозторғайым,

Жылы ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым», деп басталатын бастапқы төрт тармақтың өзі жүрекке жылы тиетіні рас.

Бұтаққа қонақтаған бозторғайдың дірілі көз алдыңа елестейді. Қос қанатты құс жолына қарайлаған қаншама адамның көңіліне мұз қатып, жанарына мөлдір шық тұнып, боз дала төсінде жаны жабырқап жүр екен деп ойға шомасың. Ән мәтінінен екі қанатын сермеген құс пен екі аяқты адам арасындағы беймәлім бір байланысты іздейсің. Сағыныш сазы бұрқырап тұрған ән иірімдерінен туған өлкеге деген құрметтің табы сезілетіндей көрінеді.

Толықтай мұз жамылған Антарк­тидадан басқа құрлықтың барлығы бозторғай үшін қасиетті мекен саналады екен. Ғалымдар дәл осы бозторғай тыныштықты сүйетін құс екенін талай рет дәйектеп айтқаны жадымызда жаңғырып тұр ғой. Өз тыныштығын күзеткендіктен болар, жанына жақындасаң бірден үркіп ұша жөнеледі. Маңайына қарыс қадам жолатқысы келмейтіндей көрінеді. Кім білсін, бәлкім бойын әлдебір қорқыныш сезімі билейтін шығар... Мүмкін адам біткеннен алшақ жүргісі келетін болар. Бұл да біз үшін шешімі жоқ жұмбақ секілді көрінеді.

«Даланы мен де,

сүйемін сендей,

бауырмал құсым!

Назыңнан әсем,

сазыңнан әсем,

жаңылма, құсым!

 

Тауқымет тартып

торықпа, жаным,

қорықпа, жаным.

Құшағымды ашып,

Кеудеме басып,

Берейін жалын»,

деп келетін ән шумақтары да жанға жылылық сыйлайтыны анық.

Жусан исі аңқыған боз даланың әр қыраты мен ойпаңы, ұзақ қарасаң көз талатын мұзарт шыңы да, гүрілдеп ақ­қан өзені де, төбесінен төніп ұшқан құс­тар сызғылап сурет салған айдыны да бағасы жоқ байлық. Бозторғай үшін де солай екеніне ешкім таласа қой­мас. Ол да бойы үйренген жерден жырақ­тағысы келмейді. Атырау мен Алтай арасына дейін созылған қазақ даласын дәл сіз бен біз секілді сүйетіні анық. Бозторғай бізден сәл алыстаса бойымызды шарпыған сағыныш алауын қанатына қондырып әкеткендей күй кешеміз...

Иә, Бәкір Тәжібаев пен Ескендір Хасанғалиевтің жүрегін жарып шыққан «Бозторғайды» қал-қадерінше шырқаған әнші жетіп-артылады. Бірақ бізге Саят Медеуовтің орындауы жақын секілді. Оның да жүрегінде бір бозторғай ұшып жүргендей сезінеміз...

Соңғы жаңалықтар