Футбол • Кеше

«Ацтека». Доп. Дүбір!..

6 мин
оқу үшін

Бүгін футболдан кезекті әлем чемпионатының түндігі түріледі. Төрт жылда айналып соғар жаһандық аламанның беташар ойыны Мексика астанасында өтеді. Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионы жаһандық доданың дүбірін бастап береді. Чемпионаттың ашылу матчында Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары кездеседі. Ойын 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні сағат 00:00-де (Астана уақытымен) басталады.

«Ацтека». Доп. Дүбір!..

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бұл әлемдік аламанның өзгешелігі де, жаңалығы да мол болмақшы. Алғаш рет 48 құрама команда сайысқа түседі. Қатысушы құрама командалардың саны артуы әлемдегі ең көп таралған спорт түрінен түсер табыстың еселенуіне ықпал етеді. Өткен ғасырдың 80-жыл­дары­на дейін жаһан­дық мундиальдың финалдық кезеңіне қатысушы команда­лар­дың саны 15-тен аспайтын. Дүниежүзінде футболды кәсіби спорт ретінде дамытып, ерекше ықылас таны­­татын мемлекеттер қата­ры да жылдан-жылға артты. 1982 жылдан бастап әлем чем­пионатына қатысатын коман­да лимиті ұлғайып, 24-ке жетті.

Бұған дейін Еуропаның ендігіндегі елдердің әлем чемпионатына қатысу басым­дығы өзге құрлықпен шендестір­ген­де басым еді. Әрі бұл мәселе әрдайым көте­ріліп, түйіні біразға дейін тарқатыл­май келді. 1998 жылы Франция елі ұйым­дас­тырған әлем чемпионатына 32 команда қатысып, 8 топқа бөлінді.

Футбол мерекесін асыға күткен мәр­тебелі көрерменнің көз суарып күте­тіні – сенсацияға толы матчтар. Ал әлем­дік аламанды өткізуші елдердің көксегені – қып-қызыл табыс. ФИФА бір елге әлем чемпионатынан қатарынан екі рет өткізуге тоқтам қоюы да футбол тойының тізгінін ұстап, ұйымдастыруға ықыласты мемлекеттер қатарының артуына әсер етті.

хъ

АҚШ, Канада, Мексика тізе қосып қа­нат­таса өткізетін әлемдік аламан несі­мен ерекшеленеді? Ең әуелі қатысу­шы командалардың санын бірден 16-ға көбей­ту қаншалықты тиімді шешім екені айқындалады. Квота саны артқа­ны­мен, әлем чемпионы атағын әлдеқашан енші­леген Италия, Еуропаның еңселі құра­масының бірі саналатын Сербия, Мажарстан, Польша, еңсе тіктеп, қайра­тына мінген Грузия құрамасы, Африка құр­лығындағы азуы алты қарыс Камерун, Нигерия сынды командаларға шүлен тара­тыл­ғандай үлестірілген жолдама бұйыр­мады. Есесіне, алғаш рет Өзбекстан, Кюрасао, Иордания, Кабо-Верде додаға қатысады.

ФИФА президенті Джанни Инфанти­ноның шарапаты бірнеше елдің футболшыларын жарылқағанымен, пікір қайшылығын да туындатып отыр. Ойы қақ жарылған жанкүйердің бір тарабы қатысушы командалар санының артуы әлемдік аламанның екпінін әлсіретіп жібереді дегенді алға тартады. Әрине өткізілетін матч саны артқан сайын оны тамашалайтын көрерменнің де шоғыры қалыңдай түседі. Соған сай табыс та еселенеді. Табыс демекші, пайданың көзі саналатын телетрансляциялардың құқы­ғын сатудан түсетін қаржы – ФИФА-ның сыбағасы.

2030 жылғы әлем чемпионатын да үш ел қанаттаса  ұйымдастырады. Испания, Португалия, Мароккода жалауы желбірейтін ендігі мундиальға қатысатын командалар саны 64-ге жетуі мүмкін екені де айтылып жүр. Қалай болғанда да, Джанни Инфантино бастаған ФИФА ұжымы 40 күннен астам уақыт әлемді футболмен тыныстатады.

Матч санының артуы ең алдымен футболшының физикалық дайындығына, қалпына келу үдерісіне қосымша салмақ түсіреді. Онсыз да әр елдің ішкі чемпионатында, басқа да турнирлерге қатысып, сілесі қатқан саңлақтарды аптап ыстықта аңқасын кептіріп тағы да бәйгеге қосу жеңіл соқпайды. Тіпті кей футболшылар тығыз кестеге шағымданып та жүр. Ет пен сүйектен жаралған ойыншы, әрине, темір емес. FIFPro жүргізген зерттеуге сүйенсек, кей жылдары футболшылар бір маусымда 70-тен астам матчқа қатысқан.

Әлемдік мундиальға қатысушы коман­да­лардың көптігі нәтиже бере ме әлде аш ішектей созылған ойындар жан­күйерді жалық­тыра ма? Оның байы­бын үш елде  өтетін аламанда бағамдаймыз.

Түйіп айтқанда, бүгіннен бастап бүкіл әлемнің назары жасыл алаңға ауады. Футболдан әлем чемпионаты – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – мил­лиондардың жүрегін бір ырғақ­пен соқтыратын, құрлықтар мен мемле­кеттердің арасын жақындататын ғаламдық құбылыс.

Жасыл алаңға шыққан он бір футболшы доп қуып қана жүрмейді. Олар өз елінің туын, тарихын, намысы мен үмітін ар­қалап шығады. Сондықтан әлем чемпио­наты кезінде жеңіс қуанышы да, жеңіліс өкі­ніші де тұтас халықтың көңіл күйіне айна­лады.

Стадиондардағы мерекелік ахуал, жан­күйерлердің шаттығы, бір-бірін танымайтын адамдардың ортақ қуаныш төңі­ре­гінде табысуы – футболдың адам­затты біріктіретін ерекше күш екенін дәлелдейді. Әлем чемпионаты – түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысатын алаңы. Мұнда тіл де, шекара да, саяси көзқарас та екінші қатарға ығы­сып, бірінші орынға құрмет пен достық шығады.

Ал 48 құраманың қатысуымен өтетін биылғы мундиаль жаңа форматтың өмір­шеңдігін де сын тезіне салады. Коман­далар санының артуы әлем чемпионатының деңгейіне қалай әсер ететінін алдағы қырық күннің ішінде көретін боламыз. Бір анығы – футбол тағы да әлемді өзіне қаратып, адамзаттың ортақ мерекесіне айналмақ.

Соңғы жаңалықтар