Білім • Бүгін, 08:55

«Qazaq Digital Mektebi»: Жаңа дәуірдегі білім жүйесі

40 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жаһанды қызықтырған жасанды интеллект қазір барлық салада қарқын алып келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да бұл бағыттың білім беру жүйесінде де басымдыққа ие болуы қажеттігін атап өтті. «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзы­ретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жас­тан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқу­шы­ларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуі­міз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Президент. Осыған орай біз білім саласына ЖИ-ді енгізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, маман даярлау және қауіпсіздік мәселелері жөнін­де сала мамандарын әңгімеге тарт­қан едік. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының директоры Нәзипа Аюбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жасанды интеллект кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Разахова, Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева өзекті тақырып жөніндегі ойларын ортаға салды.

«Qazaq Digital Mektebi»: Жаңа дәуірдегі білім жүйесі

– Жасанды интеллект бі­лім саласына не өзгеріс әкеледі?

қан

Қаныбек ЖҰМАШЕВ:

– Бүгінде барлық салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Қазірдің өзінде біздің педагогтер оны оқу үдерісіне қолданып отыр. Мәселен, осы жылдың алғашқы алты айында 160 мың мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Бүгінгі уақытта барлық мұғалімге арналған ақысыз онлайн курсты ұйымдастыра бастадық. Бірақ атап өтеріміз, жасанды интеллект ұстаз орнын баспайды. Ертеңгі күні балаларды сыныпқа кіргізіп, тек жасанды интеллект сабақ береді деген үрдіс болмайды. Ондай жайт мүлде қарастырылмаған. Жасанды интеллект тек мұғалімге көмек­­­ші құрал ретінде тиімді болады, ал негізгі білім беру барысының жауапкершілігі педагогтің өзінде қала береді.

 

д

Бибігүл РАЗАХОВА:

– Жасанды интеллект білім жүйесіне құрылымдық өзгеріс әкеледі. Бұл жаңалықтар білім беру мазмұнынан бас­тап, оқыту әдістері мен білімді бағалауға дейінгі барлық компонентке әсер етеді. Атап айтатын болсақ, ЖИ оқытушыларға жеке білім беру траекторияларын анық­­тау­да, әрбір оқушының қабілеті мен қызы­ғу­шылығына қарай бейімделген оқы­ту жолын қалыптастыруға жол ашады.

Бейімделген оқыту жүйелері мен диагностикалық платформалар арқылы іске асады. Оқу бағдарламаларын, тест тапсырмаларын, есептер мен жауап үлгілерін автоматты түрде құрастыра алады. Бұл уақыт үнемдеуге және оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ оқушылардың білім деңгейін нақты және әділ бағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен оқушының қай тұста қиналғанын нақты анықтап, пысықтауға болады. Көру, есту немесе сөйлеу қабілеті шектеулі оқушыларға арнайы құралдар мен аудио-визуалды көмекші жүйелерді жасанды интеллектімен әзірлеуге мүмкіндік бар. ЖИ мұғалімдерге ғана емес, сонымен бірге білім алушылардың да жеке оқу көмек­ші­сі бола алады.

 

р

Анар ТӨЛЕУБАЕВА:

– Жасанды интеллект білім саласына біраз өзгеріс әкелетіні анық. Бірақ әуелі ЖИ-ді дұрыс әрі жауапты пайдалану туралы ойлануымыз керек. Өйткені бұл  даму ғана емес, сонымен қатар оқушы мен мұғалімнің қауіпсіздігін, бүкіл оқу үде­рісінің әділдігін қамтамасыз ету мін­деті.

ЖИ-дің басты артықшылығы – оқы­туды дараландыру мүмкіндігі. Сондай-ақ мұғалімдердің ең көп шағымданатын мәселесі – қағазбастылық. Қазіргі уақытта ЖИ-дің көмегімен құжаттарды рәсімдеу, сабақ жоспарларын жүйелеу, тіпті ата-аналармен байланыс орнату жұмыс­тары жеңілдейді. Мұға­лімнің негізгі міндеті – ба­лаға білім беру ісіне көбі­рек көңіл бөлуіне жол ашады.

Алайда жасанды интел­лектіні шектен тыс қол­да­ну­дың да қаупі бар. Ол оқу­шының ойлау қабілетін әлсі­ретіп, дайын жауапқа үйретіп қоюы мүмкін. Сондықтан ЖИ-ді толық­қан­ды құрал ретінде қарастыруға болмайды. Ол – көмекші, бағыт­таушы. Осы жерде ұлттық деңгейде нақты регламенттер, заңнамалық база мен этикалық нормалар қажет. Әйтпесе технологияның пайдасымен бірге қауіп-қатері де қатар жүреді.

 

наз

Нәзипа АЮБАЕВА:

 – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру жүйесіне жасанды интеллект игіліктерін енгізу міндетін жүктеді. Ел эко­номикасын дамытудың бас­ты тетіктерінің бірі – ғылым мен білім саласына жасанды интеллект шешімдерін енгізу. Орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану маңызды жаңашылдық әке­леді. Біріншіден, әр оқушы­ның деңгейі, қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай дербес тапсырмалар дайындауға ЖИ таптырмас құрал. Сонымен қатар ЖИ ұстаздардың уақытын үнемдейді. Жасанды зерде арқылы мұғалімнің күнделікті жұмысы едәуір жеңілдейді. Сабақ дайындау, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, мәтін құрастыру, статистика шығару, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындайды. Нәтижесінде, мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөледі.

Жасанды интеллектінің тағы бір артықшылығы – қашықтан білім алудағы тең мүмкіндік. Ауыл мектептеріндегі оқушылар да заманауи құралдарды пайдалана алады. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам.

 

п

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

– Ұстаздардың жасанды интеллек­­­ті­ні меңгеру дағдысын қалыптастыру, оны сабаққа кірік­­тіру қай деңгейде?

Қаныбек ЖҰМАШЕВ:

– Жаңа оқу жылының басында 400 мыңға жуық педагог орта білім беру жүйесінде жасанды интеллект бойынша дайындықтан өтеді. Біз жасанды интеллектіні сабаққа енгізгелі отырмыз. Біріншіден, бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» деген пән бар. Ал 5-сыныптан бастап «Информатика» пәні оқытылады. Енді осы екі пәнге жасанды интеллектіге қатысты бағдар­ламалар енгізіледі. Осы арқылы оқушылар негізгі түсініктерді меңгереді. Сонымен қатар әрбір мұғалім өз пәнінде жасанды интеллектіні қолдана бастайды. Бұл жобаның тиімділігін арттыру үшін әрі қажет болған жағдайда түзетулер енгі­зіп отыру мақсатында қанатқақты жоба жүргізуді қолға алдық. Оған Астана қаласының мектептері, 217 «Келешек мектебі» тартылады. Жалпы, 380 мыңнан астам оқушы және 22 мыңнан астам мұғалім қатысады. Осылайша, бірін­ші жартыжылдықта, қаңтар айы­на дейін, белгіленген мектептерде жасанды интеллектіні енгізу басталып кетеді. Кейін қосымша эксперименттің аралық нәтижелерін ескере отырып, қаңтар-ақпан айларында қамтылатын оқушылар мен мектептердің санын біртіндеп арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі балалардың техникаға бейімділігі жоғары. Олар туғаннан әлеуметтік желіні де, телефонды да, техниканың тілін де тез меңгереді. Сондықтан бұны қабылдап әкететіні сөзсіз. Дегенмен бізде мемлекеттік білім стандарты бар. Сон­дық­тан оқу барысына кез келген жаңа құралды енгізу оңай емес, ол үшін жан-жақты тексеру қажет. Алдымен сынақ кезеңін аяқтап, содан кейін ғана енгіземіз. Егер қажетті ақпа­ратты балаларға ыңғайлы әдіспен жеткізетін болсақ, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

 

Нәзипа АЮБАЕВА:

– Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ЖИ қолдану бойын­ша этикалық стандарттар мен ака­­­де­мия­лық адалдық ережелерін дайындады. Сонымен қатар академия ұжымы ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі нұс­қаулық әзірледі. Бұл – техникалық нұсқаулық емес, мұғалім қызметіне пайдалы құндылықтар жинақталған құжат. «Мұғалім – оқушыға ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйрететін жетекші тұлға» деген қағидат сақталады.

Биылғы оқу жылында мектептегі «Цифрлық сауаттылық» және «Инфор­матика» пәндеріне жасанды интеллект негіз­де­ріне арналған тақы­рып­тар енді. Осы тұста айта кетерлігі, мектеп бағ­дар­ламасына жасанды интеллект жеке оқу пәні ретінде емес, жаратылыстану-мате­­ма­тикалық бағыттағы пән­дер мен қоғамдық-гумани­тар­­лық бағыт­тағы пәндер маз­мұ­нына кіріктіріліп енгізіліп жатыр.

Бастауыш сынып білім алушылары ЖИ туралы қарапайым түсініктер, қауіпсіздік ережелері, этикалық нормалар тура­лы білімді «Цифрлық сауат­ты­лық» оқу пәні арқылы меңгереді. Ал негізгі және жоғары сыныптарда ЖИ тура­лы білім «Информатика» пәнінде оқытылады. Аталған пәндегі алгоритм­дер, деректерді өңдеу, машиналық оқыту негіздері сынды тақырыптарын оқытуда білім алушылар ЖИ-ді қолдану құзыретін игереді. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарына «Day of AI» сияқты ашық әдістемелік ке­шендер қолданылып, да­йын сценарийлер, тапсырмалар және жобалар ұсынылады. Бұл оқу материал­­дары үнемі жаңартылып отырады. ЖИ орта білім беру жүйесіне оқу пән­дері мазмұнына кезең-кезеңмен және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі.

 

Анар ТӨЛЕУБАЕВА:

– Бұл – осы күннің ең өзекті мәселе­ле­рінің бірі. Біз балаларды ерте дамы­ту институтымен бірлесіп, тәр­бие­­ші­лерді, мұғалімдерді, әдіскерлерді жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге үйрету бойынша курстар өткіздік. Қызығы, қатысушылардың көпшілігі – орта жастағы, 45–50-дегі әйелдер болды. Кейбірі қарапайым электрондық поштаның құпиясөзін де есте сақтай алмайтын адамдар. Соған қарамастан, біз оларды «ChatGPT» жүйесіне тіркеп, промпт жазуды үйреттік. Нәтижесінде, олар жасанды интеллектінің көмегімен сабақ жоспарларын дайындап, тәрбиелік іс-шараларға арналған сценарийлер құрастыра алатын деңгейге жетті.

Бұл тәжірибе бізге мына нәрсені дәлелдеді: егер дұрыс бағыт-бағдар беріл­се, мұғалімдердің жас ерекшелігіне қарамастан, жаңа технологияға бейім­делу қабілеті жоғары. Жас буын ұстаздар ЖИ-ді жылдам қабылдаса, орта буын мұқият үйренеді, ал үлкен буын алғаш­қыда сенімсіздік танытқанымен, уақыт өте келе олар да пайдасын көреді. Мұның бәрі педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға жол ашады. Демек ЖИ – ұстаздың орнын басатын құрал емес, керісінше, оның жұмысын жеңілдетіп, шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайтын серіктес. Болашақта мұғалімнің кәсіби дағдылары қатарында жасанды интеллектімен жұмыс істеу қабілеті негізгі талаптардың біріне айналары сөзсіз.

 

– Университетте жасанды интеллект мамандарын даярлау үдерісі қалай жүріп жатыр?

Бибігүл РАЗАХОВА:

– Жоғары оқу орындарында жасанды интеллект саласына маман даярлау  мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл үдеріс тех­ни­калық білім­мен ғана шек­­­телмей, пәнаралық бағыт­­­­та жүзеге асыры­­­­лып жатыр. Университеттерде ЖИ мамандарын даярлау бакалавриат, магистратура, PhD деңгейлерінде жүргізіледі. Әр деңгейде күрделілік пен бағыт ерек­шелігі еске­рі­леді. Білім беру бағ­дар­­­ламаларында Маши­на­лық оқы­ту, Компьютерлік көру, Білімді бей­­нелеу модел­ьдері, Нейро желілер, Терең оқыту, Табиғи тілді өңдеу сынды модульдер қарастырылған.

ЖИ тек ақпараттық технологиялар бағы­тындағы факультеттермен шек­тел­­мейді. Университеттерде гумани­тар­лық, әлеуметтік, экономикалық және жаратылыстану салаларына арналған ЖИ курстары енгізіле бастады. ЖИ курс­тары үшін арнайы лабораториялар, білім беру деректер базасы, сондай-ақ оқытушылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Лу Бань шеберханасы» ашылды. Мұндай шеберхананың ашылуы студенттерімізге Қытайдың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, жасанды интеллект бойынша тәжірибеге бағытталған курстарды игеруге жол ашты. Сондай-ақ зерттеу топтары мен докторанттар ЖИ және өнеркәсіптік технологиялар саласындағы гранттық тақырыптарды қамтитын ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға пайдаланады. ЖИ білімін университеттен бастау жеткіліксіз. Сондықтан «Мектеп-колледж-ЖОО» тізбегін қалыптастыру үшін мектеп оқушыларына арналған ЖИ негіздері пәнін дайындап, колледждермен байланыс орнату қажет.

 

– Жасанды интеллектіні білім сала­сына енгізгенде, ең алдымен қан­дай этикалық және әдістемелік мәсе­ле­лер­ге назар аудару керек?

Анар ТӨЛЕУБАЕВА:

– Жасанды интел­лек­тіні мектеп бағдар­­ла­ма­сына ен­гі­зу – қажет­ті­лік. Ең бастысы, оны қалай пайдаланамыз? Бұл жерде тепе-теңдік сақталуы керек. ЖИ баланы дайын білімге үйретіп қоймай, оның ізденісін арттыруға да септігін тигізуі қажет. Сондық­­­тан әр қадам ұлт­тық регламентпен, нақты ережелермен бекі­тілуге тиіс.

Елімізде ЖИ-ді қол­данудың құқықтық негіз­дері жасалса, мұғалімдер мен ата-аналардың сенімі артады. Қауіпсіздік – тек техникалық жағынан ғана емес, этикалық тұрғыдан да маңызды. Баланың жеке деректерін қорғау, тапсырмалардың әділ орындалуын қадағалау, білімді баға­лау­да ашықтық сақтау – басты талап.

Осы тұрғыда мектеп бағдарламасына тек ЖИ-ді пайдалану емес, сыни ойлау мен цифрлық сауаттылық модульдерін енгізу аса қажет. Балаларға «қалай қол­да­ну­ды» ғана емес, «неге толық сенуге болмайтынын» да түсіндіру керек. Өйткені технологияға тәуелділік білімнің сапасына кері әсер етуі мүмкін. ЖИ оқушының ақыл-ойын алмастыратын емес, оны дамы­туға көмектесетін құрал ретінде қол­­да­нылғанда ғана шынайы нәтиже бере­ді.

 

Бибігүл РАЗАХОВА:

– Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізгенде жеке деректердің құпиялылығы, авторлық құқық және заңсыз пайдаланудың алдын алу, гене­ративті ЖИ қолданудың этикалық аспек­тілеріне назар аударуымыз керек. ЖИ оқытушыны алмастырмайды, тек кө­мекші құрал. Шешім қабылдау жауап­кершілігі адамның қолында қалуы керек.

Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізгенде келесі әдістемелік мәсе­лелерге назар аударсақ деймін. Ең алдымен, ЖИ негіздері пәнін кезең-кезеңмен енгізу қажет. Одан соң, оқыту­шы­лардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру керек. Сонымен қатар оқыту форматы мен ресурстарды әзірлеп, қашықтан оқыту мен офлайн оқытудың үйлесімін ескерген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тіліндегі ЖИ оқулығы мен оқу-әдіс­темелік құралдарды дайындауымыз қажет.

 

– «Qazaq Digital Mektebi»-нің басты артықшылығы қандай?

Нәзипа АЮБАЕВА:

– Ел Президенті Жолдауда атап өткен­дей, «Qazaq Digital Mektebi» – қашық­тан оқыту мен жасанды интеллект технологиясына негізделген жоба.Жоба мақсаты – ЖИ мен цифрлық ше­шім­дер көмегімен шалғайдағы ауыл оқушы­ла­рына сапалы білім беру. Атал­ған бас­та­маның артықшылығы бастауыш мектептен бастап-ақ оқушылардың ЖИ-сауаттылығы қалыптасады, мұға­лімдердің цифрлық және ЖИ құзыреті артады, әдістемелік материалдар мен онлайн ресурстар баршамызға қол­жетімді болады. Ең басты артық­шылығы, «Qazaq Digital Mektebi» ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз етеді деген ойдамыз.

 

Дайындағандар –

Бекзат ҚҰЛШАР,

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan»