Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске «Медициналық қызметкерге немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты күш қолдану не қорқыту» туралы жаңа 380-3-бап енгізілді. Енді медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем жүргізушілеріне қарсы жасалған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Атап айтқанда, күш қолданамын деп қорқытқандарға айыппұл, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Ал өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін жаза мерзімі үш жылға дейін, ауырлататын жағдайларда жеті жылға дейін ұлғаяды.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасағандар бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.