Аймақтар • 03 Қаңтар, 2026

Түркістан облысында жеміс-жидек өңдейтін зауыт іске қосылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және отандық шикізаттың қосылған құнын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірлерде ондаған инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында жеміс-жидек өңдейтін зауыт іске қосылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түлкібас ауданы аумағында алма мен өзге де жемістерді терең өңдеуге бағытталған зауыт өз жұмысын бастады. Кәсіпорын қоспасыз 100 пайыз табиғи шырын, жеміс пюресі, алма ұнтағы, сондай-ақ балалар тағамына арналған өнімдер өндіруге маманданған.

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі заманауи өндірістік стандарттарға сай келеді және Қытайдан әкелінген соңғы үлгідегі автоматтандырылған жабдықтармен жабдықталған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 5 мың тоннаға дейін жетеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорында тәулігіне 30 тоннаға дейін алма өңделіп жатыр. Дайын өнім Ayim брендімен сауда желілеріне шығарылған.

Кәсіпорын толықтай өз шикізатымен қамтамасыз етілген. Аумағы 300 гектар болатын алма бақтарынан жиналған өнімнің бір бөлігі өңдеуге жіберілсе, қалғаны сыйымдылығы 2 мың тонна болатын кооперативтің жеміс сақтау қоймасында сақталып, қыс мезгілінде сатылымға шығарылады.

Алдағы уақытта зауыт жергілікті бағбандардан стандартқа сай келмейтін алмаларды қабылдап, өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл бастама аудан фермерлеріне қосымша қолдау болмақ.

Соңғы жаңалықтар