Соңымнан кіші ұлым Жансүгір жүгіріп келді. Екі бөлмелі бөрене ағаштан салынған тоқал тамға қараған ол: «Әке, бұл не?» деп сұрады. – Бұл – мен туып-өскен үй. Қазір тошала үй. Абай елінде мұны шошала деп те атайды.
Төрде әжемнің ескі кебежесі тұр, үстінде қоңыр «орыс чемодан». Әр келген сайын әжемнің қоңыр сандығын адақтап шығатын әдетім-тұғын. Аузын ашсаң, өткен дәуірден сыр шертіп қоя беретін сиқыры бар-тын. Көненің иісі аңқиды. Әжелерде болатын қалампырдың иісі тәрізді. Сандық ішінде не жоқ дейсің, бәрі бар. Әкемнің әскерден келгендегі фотосуреті жүр, әлі сұр шинелін шешпепті. Одан басқа да туысқандардың ақ-қара түсті суреттері көрінеді. Қазір көбі өмірден өткен, әлде кейбірін тіпті танымай да қалған шығармыз... Кішкентай баланың қоңыр драптан тігілген күртешесі жүр, менің төрт-бес жаста киген көк көбентем де осында екен. Қолдан сырып тігіліпті. Пионерлердің қызыл зәңгәсі, бес бұрышты жұлдызша, кеңестік төсбелгілер, мерекелік медальдар, тағысын тағы көне бұйымдар.
«Әке, сонда осы үйде тұрғансыздар ма?» дейді бала, бұл күнде ол-пұлды қоя салатын, қойма болып жатқан үйге таңырқап. «Иә, анау терезенің алдында мен жатар едім. Мынау жерде пеш тұратын. Қызуына талай жылындық, үстіне тоқаш қарып жейтін едік», деймін. «Сонда қайда ойнайтын едіңіз» дейді жазған. Көзінде маған деген аяныш байқалады. Өзі сәулетті Астанада, «Егемен» үйінің ауласында, «Журналистер» саябағында сайран салып жүрген балаға мұндай жұпыны үй расында бір қызық көрінер еді.
Бір қызығы екеуміздің де көзіміз түскен зат – ет ілетін арса ағашта тұрған темір кісен болды. Үй іші алакөлеңке, еңсесі аласа тартыпты. Бұрынғыдан шөгіп кеткен бе, әлде мен өсіп кеткендіктен бе, білмеймін. Әйтеуір әлгі темір кісенді жарыққа көрмекке сыртқа алып шықтық.
Баланың әдеті «о не, бұ не?» дейтін. Бұл жолы мен оны «кісен» деп қана айттым да, өзім де ойланып тұрып қалдым. Өйткені оны біздің бала кезімізде үлкендер үйге құлып ретінде де пайдалана беретін. «Құлып па, кісен бе?» деймін іштей. Осы кезде жанымызға әкем келді. Ол кісі мұның жылқыға салатын кісен екенін есіме салды.
– Бұрын, – дейді әкей, – мұны маңдайға басқан жүйрік аттың алдыңғы екі аяғына салып қоятынын көргенмін. Өйткені мұның кілті болады. Ал жай тиекпен бекітілетін шідер салып, не арқандап қойса ұры-қары тоқтатпайды. Сондықтан осындай берік кісен салады. Аттың аяғын зақымдап кетпес үшін киіз не жақсы иленген тері орап қояды. Кісенді қазақтың ұсталары қолдан соғады. Аттың оң аяғына салынатын кісеннің бөлшегінде кішкентай шығыр болады, сол шығырдан кісеннің шынжырын өткізгенде бөлшек жабылады, ал екінші аяғына салатын кісеннің екі ұшында айқастырып жабылатын кілті болады. Кісен тек кілтпен ашылып, жабылады. Мұны баяғыда атам Күлік деген жүйрік атына салып қоятын.
Осы кезде есіме сап ете түсті, дәл мұндай кісенді Семейдегі өлкетану музейінен де көріп едім. Артынан анықтап сұрасам, расында бұл жылқыға салынатын кісен екен. Әрине, мен жаңалық ашып отырғам жоқ, бірақ бұл біршама ұмыт қалып бара жатқан әбзелдің бір түрі екені де рас. Әйткенмен үлкендердің айтуына қарағанда, сталиндік қуғын-сүргін кезінде репрессияға ұшыраған боздақтардың аяғына дәл осындай темір кісен салып айдаған екен...
Абай облысы