Өнер • Кеше

Тыңдарманын тәнті еткен «Өмір желі»

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, танымал пианист әрі композитор Серік Еркімбековтің «Өмір желі» атты авторлық кеші жоғары деңгейде өтті, деп жазады Egemen.kz.

Тыңдарманын тәнті еткен «Өмір желі»

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы сахнасында ұйымдастырылған мазмұны бай, көркемдік деңгейі жоғары концерт композитордың сан қырлы шығармашылығын қамтыды. Концертте «Өмір желі», «Гауһар», «Жер-Аспан», «Алтын-арқа», «Анаға арнау», «Дархан дала» сынды тыңдарман жүрегінен орын алған туындылар орындалып, опералардан үзінділер шырқалды. Сонымен қатар халық әндері мен ұлттық билер сахна көркін аша түсті. Академиялық музыка мен дәстүрлі өнердің үндестігі көрерменге ерекше әсер сыйлап, рухани ләззатқа бөледі.

Музыкалық кеш мемлекет және музыка өнерінің көрнекті қайраткері, қоғам қайраткері Жексембек Еркімбековтің 95 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – әке жолын жалғап, ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Серік Еркімбековтің шығармашылығына көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Салтанатты кеште еліміздің белгілі өнер майталмандары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Gulder» мен «Birlik» ансамбльдері, «Балдәурен» балалар хоры, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті хоры мен аспаптық ансамбльдері сахна сәнін кіргізді. Оркестр тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақытжан Мұсақожаева мен Асқар Дүйсенбаев, сондай-ақ жас дирижер Ильяс Дүйсен ұстады.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Измаилов, Клара Төленбаева, Бибігүл Жанұзақ, Ерлан Рысқали, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдулина, Медет Шотабаев, Салтанат Ахметова және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты. Әрбір орындаушы композитор шығармаларының терең мазмұнын, ұлттық болмысын айшықтай білді.

«Өмір желі» кеші –  ұлы даланың кеңдігін, асқар таулардың биіктігін, өзен-көлдердің сұлулығын, уақыт пен тағдыр тынысын әуен арқылы бейнелеген тағылымды мәдени оқиға болды. Бұл концерт Серік Еркімбековтің шығармашылық жолындағы маңызды белес қана емес, елорда мәдени өміріндегі жарқын сәттердің біріне айналды.

 

Соңғы жаңалықтар