Зерде • Бүгін, 08:37

Абдолла ақынның айтылмаған қыры

110 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Біз Абдолла Жұмағалиев­тің ақындығы, Мәскеу түбіндегі шайқаста көр­сеткен өшпес ерлігі туралы жиі жазып, айтып жүрміз. Бірақ ақынның тұлғасы айналасында ақтаңдақ әлі аз емес. Соның бірі – Оралдағы студенттік кезеңі.

Абдолла ақынның айтылмаған қыры

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Оралдық тарихшы, профессор Мұрат Сыдықов «История и историки. Хроники сталинской эпохи» кітабында (Орал, 2024) қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің құрылу тарихына жан-жақты тоқталған.

Біз бұл еңбектен 1932 жылы 1-қазан­да Орал қаласында Екін­ші қазақ педа­гогикалық институты КСРО Совнар­ко­­мы­ның және ВКП (б) Қазақ өлкелік коми­тетінің шешімімен ашылғанын көреміз.

Институттың алғашқы директоры Шайх­ислам Бекжановтың жасы сол кезде небәрі 29-да екен. Оқу орнының алғаш­қы студенттері негізінен ауылдан келген қазақ жастары. 1932 жылы 124 студент қабылданған. 1933–1934 оқу ­жылын­да инс­титутта 192 қазақ, 10 татар, 1 орыс оқыпты.

Осы таңдаулының бірі – 17–18 жастағы жымпи­тылық Абдолла Жұмағалиев.

Жаңа институттың оқу процесін ұйымдастыруда түрлі қиындық кездесіп, студенттер қазақ тілінде оқытатын оқы­тушы мен қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы екен. Институттағы санаулы қазақ мұғалімдерінің бірі – Алматыдан жолдамамен жіберілген жас маман Қажым Жұмалиев болатын. Ол сол кезде 25 жас­та еді. Ұстаз бен шәкірттің, яғни Абдолла мен Қажымның таныстығы сол кезден басталған.

«Жалынды ақын, жаужүрек батыр» деген есте­лігінде Қажым Жұмалиев Орал­­дағы күндері, әдебиет үйірмесінің жұмысы, Абдолла Жұмағалиевпен қалай танысқаны туралы толық баяндаған.

«Оралға Алматыдан ала барған мендегі және бір үлкен міндет – облыстағы қалам ұстай біле­тіндердің басын біріктіріп, әдебиетшілер құрамын ұйымдастыру жұмысына басшылық, көмек ету еді. Бұл жұмысты маған Қазақстан Жазушылар одағы тапсырған. Мен онда жазушылар ұйымының мүшесі болатынмын. Сондықтан біздің Жазушылар одағы маған мырзалық жасап, әлі жазушылары жоқ, бар болса да есімдері белгісіз Орал облысына жазушылар ұйымының өкілі етіп белгіледі. Коғамдық тапсырманы қуана қабылдап, іске кірістім. Сол облыста бұрыннан аздап жазып жүрген жігіттердің басын біріктіріп, әдеби мұраның сұлбасы жасалды. Олар: Қуан Тастайбеков, Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Батыр Қыдырниязов, Ғинаят Хафизов, тағы да басқалар еді» деп жазады Қажым Жұмалиев.

Бұл ұйым «Батыс Қазақстан облыстық кеңес жазушылар комитеті» деп аталған. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде айына екі мәрте «Әдебиет беті» шығарыл­ған. Орал қаласында әдебиет кештері ұйымдастырылған.

Газет бетінен осындай жиындарға аты-жөні аталып шақырылғандар арасынан таныс есімдерді, соның ішінде Абдолла Жұмағалиевті жиі кездестіреміз. Бұл оның сол кездің өзінде-ақ әдебиетші, ақын әрі белсенді ретінде көзге түсіп, қатарға ілінгенін көрсетеді.

Мысалы, 1935 жылы 26 қаңтарда «Екпінді құрылыс» газет басқармасында облыстық кеңес жазушылар комитеті­нің жас жазушы белсенділерімен біріккен мәжілісі өткен. Осы жиынға облыстық партия комитетінен Сәтбек Иманқұлұлы, облыстық кәсіпкерлер одағынан Қалдығараұлы, қалалық партия комитетінен Шыныбайұлы, театрлар студиясынан Жұмағалиұлы, «Овцевод» тресінен Ипмағамбетұлы, облыстық ағарту бөлімінен Жақсылық, комсомол газетінен Тауышұлы, кеңес партия мектебінен Ақдәулетұлы, комвуздан Өсірбайұлы, кавполктен (атты әскер полкінен) Қасым Аманжолұлы, жеті­жылдық қазақ мектебінен Қосан­ұлы, Қыдырнияз ұлы Батыр, институттан Генке, Қажым Жұмалыұлы, Абдолла Жұмағалиұлы, Жұмағалиқызы, театр студиясынан Оразғалиұлы, Хамзаұлы, рабфактан Кенжеғалиқызы, педтехникумнан Молдашұлы, қалалық комсомол комитетінен Бектенұлы шақырылып, газетке хабарландыру берілген.

«Мәжілісте өте маңызды мәселелер, әсіресе жазу жұмысына айналып жүр­гендерге керекті мәселелер қаралады. Мәжіліске келушілерге есік ашық. Облыс­тық кеңес жазушылар комитеті» делінген.

Осы жылы 8-ақпан күні кешкі сағат 6-да облыстық атқару комитетінің мәжіліс залында Мұхиттың ән-күй өлең­дерін жинақтау турасында қазақ қызмет­керлерінің кең түрде мәжіліс-жиылысы болған. Ол жиынға 40 адам аты-жөні аталып арнайы шақырыл­ған. Бұл тізімде де Абдолла Жұмағалиевтің фамилия­сы 36 болып тіркелген.

«Орал қаласында біздің әдеби жұмы­сымыз күн санап ілгеріледі. Оралда сол кезге дейін болмаған әдебиет кештерін ұйымдастырдық. Баяндаманы аз жасап, өлең оқуға көп уақыт бөлдік. Халық бірте-бірте үйреніп, көп жиналатын болғасын қалалық үлкен клубтарда өткізіп жүрдік. Жастар арасынан өлең мен көркемсөзді өте жақсы оқитындар шықты. Әртіс Шәкір Оразғалиев, студенттер Зұлқарнай Оразақаев пен Абдолла Жұмағалиев, рабфак оқушысы Хамит Ерғалиев танымал болды. 1934 жылы әдеби үйірме Қазақстан совет жазушыларының бірінші съезіне арнап «Біздің еңбек» атты альманах шығардық. Оған ең таңдаулы шығармалар қатарында Абдолланың «Он алтыдан асқанда» (қызыл әскердің 16 жылдығына арналған) өлеңі басылды. Ұмыт­пасам, ақынның баспа жүзін көрген тырнақалдысы осы өлең» деп еске алады Қажым Жұмалиев.

Міне, осы кезең Орал қаласында қазақ жастарының оянып, мәдениет пен өнердің, білімнің барлық сатысында өздерін дәлелдеп, үнін шығара бастаған кезі болатын. Бұған Оралдың түрлі мекеме-ұйымдарында, тіпті әдебиет пен мәдениеттен алыс өндіріс орындарында да әдебиет үйірмесі ашылғанын, оларға пединститут жанындағы үйірме мүшелері жетекшілік еткенін дәлел етеміз.

Қазақ жастарының бұл талпынысы, өз тілін, өз мәдениетін талап еткен заңды әрекетін бәлшебектік билік тара­пы ұнатпады. Оларға «ұлтшыл», «анти­советшіл» деген айып тағыла бастады.

Мәселен, сол кездері пединституттың өз ішінде шығатын «Madeniet maidany» атты қабырға газетінде Абдолла Жұма­ғалиевтің мақаласы басылған. Ол бұл мақалада институттағы оқу процесінің қазақ тілінде өз деңгейінде жүргізілмей отырғанын сынаған.

Тіл үшін күрес шын мәнінде ұлттық тәуелсіздіктің ең басты алғышарты болатын. Абдолланың бұл майданда алдыңғы қатарда жүруі еш таңғалдырмайды. «Ек­­пінді құрылыс» газетінің 23 ақпан, 1935 жылғы №45 санында «Әдебиет беті­нің» кезекті саны шығарылған. Ол бетте Аб­долланың «Жырла, тілім» атты өлеңі бар.

 

Жырла, тілім

Ағылта, ағындата заман жырын

Тіл, сөйле түйдектете өмір сырын.

Жыр шықсын ширатылып балдай ағып

Қазғылап көмекей мен ой үңгірін.

 

Жосылып жымдастыра жырла, тілім,

Аспанда атой салған шыңға, тілім.

Түйдектеп сауылдата, зауылдата

Көркейген техникелі толқын күйін.

 

Жалықпай, тіл, сөйлейтін күнің бүгін,

Жырлашы сен екпінді еңбек ұлын.

Жампоз тіл ұйтқып ортқан өмірменен

Тарихта шегеленіп қалсың ізің!

Бір қызығы, бұл өлеңді ақынның осы кезге дейін шыққан жинақтары­нан көре алмадық. Айтпақшы, «Екпін­ді құрылыс» газетінде жарияланған «Әдебиет беттерінде» Абдолланың басқа да шығармалары кездеседі.

Жоғарыда аталған кітапта тарихшы Мұрат Сыдықов Орал педагогика инсти­тутында 1935 жылы студенттердің «Сұр­пақтай» атты ұлтшыл ұйымы әшке­ре­ленгенін, оның басында Балтан Нарымбаев пен Хасан Жапақов деген жастар тұрғанын, топ құрамында Абдолла Жұмағалиев те болғанын барынша тар­қатып жазған.

Біз «Екпінді құрылыс» газетінің 1935 жылғы 27 ақпанда шыққан №48 санынан «Комсомол ұйымының жұмысына партия басшылығын күшейту керек» деген ұранмен басылған «ҚазПИ-дегі қазақ ұлтшылдығының сарқыны» атты мақаланы тауып алдық.

«Өткен жылы Оралдың қазақ педагогика институтында қазақ оқушылары арасында байшыл-ұлтшыл топтың беті ашылған. Ол топты бастаушылар – мек­тептің оқушылары Нарынбайұлы, Жапақұлы дегендер еді.

Бірақ Нарынбаев бастаған ұлтшыл-байшыл топтың беті ашылмай қалған жоқ, кезінде айқын­далған жетекші мырзалар жауапқа тартылып, талқыға түскен. Бастықтары Нарынбайұлы, Жапақұлы комсомол ұйымының сол күндегі хатшысы Шайқыұлы комсомолдан шығарылып, мектептен қуылған. Басқаларына комсомол тәртібі қолданылып, бақылауда қалған болатын.

Мектептен қуылып шыққан бұл сұмы­райлар, оның басшысы Нарын­байұлы соңғы кезде мектептің босағасын қайта аттап, оқушылар арасына тағы да іріткі салуға кіріскені байқалды. Нарынбаев КазПИ-дің кей оқушыларын өз ыңғайына түсіріп, ішкілік, маскү­немдік, азғындық ұйымдастыруға, сөйтіп барып байшыл ұлтшылдық әрекетін оқушы көпші­лігіне таратуға кіріскен. Нарынбаевқа Жұмағалиұлы, Мұстапаұлы, Нұржанұлы дегендер қо­сылған: бұл топ бұрынғы бұзық, қан­ішер Есматұлымен байланыс жасаған. Бұлардың әсері жоғарғы дәрежелі ауыл шаруашылық мектебіне, кеңес партия мектебіне, адам дәрігерлік техникумына кіріп, Нарынбаев тобы өздерінің тілегіне қосылатын, солқылдақ табан қыздарды қосып алып, тамырын жаюға тырысқан.

ҚазПИ-дің партия комсомол ұйымы оқушылар жұртшылығы мектептегі оқу­шылар арасынан тағы да орын ала бастаған бұл әрекетті бірсыпыра кешігіп болса да көрді. Беттерін айқын ашып, жұртшылық талқысына салды. Пролетариаттық соққы берді. Жұмағалиұлы, Мұстапа, Ақтай ұл­дары Қазақ педагогикалық институтының шар­бағынан қуылып шықты. Оқушылар көпшілігі оларға «шірік істеріңмен ме­к­тебімізді былғама, өкшеңді көтер, кеңес мектебінде соғылған азғындарға орын жоқ», деді.

Әрине, бұл азғын, байшыл таптың ісіне берілген дұрыс жауап болды, тыйым­ды шара болды. Кеңес мектебін, Ленин комсомолының қатарын жұмысшы, колхозшы, еңбекшілер арасынан шыққан жас оқушылардың арасын таза сақтау үшін күрестің нәтижесі болды.

Бірақ істің ақыры осымен бітті деуге болмайды.

Өйткені бұл іс қалай солай болып отыр­ған іс емес, мұны жақсы түсінуіміз керек. Мектепте тап қырағылығын, жас­тар арасында көпшілік-тәрбие жұмысын, бәлшебектік өзара сынды жоғары сатыға көтеруіміз міндет.

Нарынбаев тобының қалдықтарына, оның пікір жүзіндегі сарқындарына қарсы күресті күшейтіп, кезінде аяусыз соққы беріп отыруымыз керек» деп жазады мақала авторы Ақмырзаұлы.

Міне, ақындық талантымен, азамат­тық белсен­ділігімен ерекше көзге тү­сіп, оқу­да да алғыр, үздік танылған Абдолла Жұма­­ғалиев осылайша оқудан шыға­ры­лады.

«Сұрпақпайлар» тобының көсемдері Балтан Нарымбаев (Жымпитының Қос­обасынан, 1913 ж.т.) пен Хасан Жа­пақов (Жаңақала ауданына, 1912 ж.т.) 7 жылға сотталған. Қайрекен Бәкішев (Гурьев облысы, Плотовинск ауылынан, 1912 ж.т.) пен Әбдірахман Нұрғалиев (Жәнібектің Ағобасынан, 1914 ж.т.) 4 жыл түрме жазасына кесілген. Раул Уәлиев (Жымпитының Сасықкөлінен, 1915 ж.т.) пен Науша Хамзин (Талөпкеден, 1914 ж.т.) сот үкімімен 3 жыл бас бостандығы­нан айырылған. Оқудан қуылғанымен сотталудан аман қалған Абдолла Орал қаласынан жедел кетіп, Қызылорда мен Алматыны паналаған.

Бір айта кетерлігі, «Сұрпақпайлар» тобының мүшелері – өз заманының ең алдыңғы қатарлы жастары, оқу үздік­тері, институт мақтаныштары. Мұны біз 1934 жыл, 6 наурызда түсірілген «Орал педагогикалық институтының оқыту­шылары мен студенттері» атты фото­топтамадан көреміз. Осы жерде жоға­рыда аталған «ұлтшыл байшыл» «Сұр­пақпайлар» тобының барлық ағзасы институт басшыларымен бірге иық тіресіп, маңдайы жарқырап тұр. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып бұл үздіктердің тағдыры талапайға түсетінін ешкім білген жоқ.

Оралдағы әдебиет үйірмесінің жұмы­сынан хабар беретін тағы бір құнды суретті 2013 жылы «DANAqaz» тарихи-танымдық журналының редакциясына белгілі өлкетанушы Амантай Боранқұл ағамыз ұсынған болатын.

Сыртындағы жазбаға қарағанда сурет 1934 жылы 1 шілде күні түсірілген бол­са керек. Бір үстелді айнала орналас­қан он адам «Орал облысының ақын-жазу­шылары, сыншылары, оқытушылары және белсенділері» деп жазылған. Ішінде Абдолла Жұмағалиев, Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков сынды ақындар бар екені айтылады.

– Бұл суретті маған 1997 жылы Сырым ауданының Аралтөбе ауылынан Нұрсұлу Махметқызы деген адам хатпен жіберді, – деді Амантай ағамыз. – Ол кісі саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жоқ болған Добашев Балтабай Нарымбайұлы деген ағайынын іздейді екен. «Менің әкем Махмет Нарымбай деген ағасының Балтабай (Балтабек болуы да мүмкін) атты баласын жиі айтып отырушы еді. Балтабай өте білімді, 1930 жылдардың басында Орал педагогикалық институтында оқыған, ақын-жазушылармен жолдас болған адам екен. «Сұрыпталған ұйым» деген спектакль қойғаны үшін айыпталып, сотталған. «Сот алты күн бойы Шаған сотында болды, алты күнде де Балтабай өзін өзі ақтап шықты, соған қарамастан оны бір күнде алып кетті. Ол бала жоқ енді, оны «барсакелмеске» жіберді ғой» деп әкем жылап отыратын. Балтабай ағайдан қалған жалғыз естелік – осы сурет. Осы кісі немесе жанындағы жолдастары туралы бір дерек табылса, бізге хабарласса екен» депті өз хатында Нұрсұлу Махметқызы.

Біз бұл жәдігерді журналдың «Көне сурет» айдарына жариялап, фотода сол жақтан санағанда үшінші отырған – Қажым Жұмалиев екенін, сол жақ шетте Абдолла Жұмағалиев тұрғанын анықтадық. Осы суретте ақын Абдолла мен Балтан Нарымбаев қатар тұр. Бұл да сол кездегі Орал педагогикалық инс­титутының үздік студенті болған Абдолла Жұмағалиев пен Балтан Нарым­баевтың пікірлес, ниеттес болғанын көрсетіп тұрғандай.

Міне, құрметті оқырман, адуын ақын, көкжал жүректі батыр Абдолла Жұмағалиевтің осы кезге дейін көп айтылмай жүрген бір қыры туралы аз-кем сөз қозғадық. Зерттеген, соңына түскен адам болса, әлі де тың дерек, маңызды мәлімет табылары анық.

Батыс Қазақстан облысы

 

Көне суреттер Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан, газет қиындылары Батыс Қазақстан облыстық архивінен алынды.

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53