Экономикалық қуатты арттыруға бағытталған «Балқаш» АЭС – стратегиялық маңызы бар ауқымды жоба, ол ғылыми әлеуетті, отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға серпін береді. Жобаның құрылыс құны 16,4 млрд долларды құрайды: оның 14,4 млрд доллары – энергоблоктарға, 2 млрд доллары инфрақұрылым мен қауіпсіздікке жұмсалмақ. Қаржыландырудың негізгі тетігі – Ресейдің экспорттық несиесі. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, несие капитал салымдарының басым бөлігін жапса, қалған бөлігіне отандық тарап жауапты болады.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұған дейін Мәскеуде «Росатомның» бас директоры Алексей Лихачевпен екіжақты кездесу келіссөздері барысында «Балқаш» АЭС құрылысы жобасын іске асыру жайттарын талқылаған еді.
«Біз аталған стансаны салу барысында отандық компанияларды тарту, оқшаулау мәселелерін, кадр даярлауды, жалпы ұзақмерзімді перспективадағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқыладық. Келіссөз барысында мемлекеттердің мүдделеріне, елдер арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына толық сәйкес келетін маңызды қадамдар жасалды», деген еді сол кезде А.Сәтқалиев.
Кездесу қорытындысында Алексей Лихачев «Іс жүзінде бүкіл өндірістік бағдарлама орындалып жатыр. Бізге алаңды кемінде бір жыл бойы бақылау қажет. Соның негізінде барлық қажетті есеп әзірленіп, жоба осы нақты орынның табиғи, геологиялық әрі климаттық жағдайларына нақты бейімделе іске асырылады», деген-ді.
Оның сөзінше, «Балқаш» стансасының жобасы алаңның жергілікті ерекшеліктерін ескере әзірленеді, атом энергетикасы саласындағы ресейлік технологияларға негізделеді. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы сындарлы диалогті жалғастыруға, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Технологиялық шешімдерге келетін болсақ, екі мемлекет арасында 2025 жылы ВВЭР-1 200 үлгісіндегі екі энергоблок салуға бағытталған жол картасына қол қойылды. Құрылыстың белсенді кезеңін 2027 жылы бастау жоспарланған. Стансаны 2030 жылдардың ортасына қарай іске қосу көзделіп, энергоблоктар кезең-кезеңімен, араға шамамен 8–10 ай салып, пайдалануға беріледі. «Росатом» өкілдері жобаның халықаралық сипатына мән беріп, өзге елдердің, оның қатарында Қытай, Франция, Оңтүстік Корея компанияларының қатысуына қарсы емес екендерін білдірді.
Атом электр стансасын салу құрылыс жұмысымен ғана шектелмейді. Осы орайда Үкімет атом саласы үшін өндірісті жергілікті орнықтыруға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл құжат отандық өнеркәсіпті жандандырып, олардың халықаралық стандарттарға сәйкес атом жобаларына араласуына жол ашады. Атап айтқанда, тауарлар мен қызмет көрсетушілердің бірыңғай тізілімін енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, жобаның ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар шағын және орта бизнестің ірі инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Халықаралық қауіпсіздік талаптарын сақтау – жобаның басты міндеті. Осы мақсатта Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) арасында 2036 жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. АЭХА бас директоры Рафаэль Гросси еліміздің атом энергетикасын дамытудағы жауапты, жүйелі қадамдарын жоғары бағалап, халықаралық стандарттарға бейілділігін атап көрсетті. Бұл келісім ядролық медицина, ғылым, кадрлар даярлау бағытындағы ортақ бастамалардың негізін қалады.
Елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мақсатында Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі Атом саласын дамыту стратегиясын бекіткені белгілі. «Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Бекберген Керейдің айтуынша, бұл құжат энергетикалық теңгерімді әртараптандыруға, көміртегі шығарындыларын азайтуға әрі ғылыми-технологиялық әлеуетті күшейтуге негіз қалайды.
Стратегия аясында АЭС салу, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, уран ресурстарын игеру мен білікті мамандар даярлау міндеттері көзделген. «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Саябектің сөзінше, жоспарланған іс-шаралар заманауи ядролық кластер қалыптастыруға бағытталған: «Стратегияға сәйкес 2050 жылға қарай елімізде кемінде үш атом электр стансасы жұмыс істейді. Үшінші АЭС-ке шағын модульдік реактор технологияларын пайдалану мүмкіндігі зерделеніп жатыр».
Атом саласын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылды. Енді уран өндіруден түсетін қаражаттың 1 пайызы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталады. Бұл тәсіл қолданбалы ғылымды өндірістік сұраныспен тікелей ұштастырып, ресурстарды тиімді жұмсауға және технологиялық әзірлемелердің бытыраңқылығын азайтуға мүмкіндік береді. Кеңес мақұлдаған тапсырмалар Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданып, салалық жаңа шешімдерді жедел енгізуге басымдық берілді.
Ұзақмерзімді стратегия мен институционалдық негіздің қалануы атом өнеркәсібінің жүйелі дамуына жол ашады. Ғылыми әлеуетті күшейту, өндірістік тізбекті кеңейту және қауіпсіздік талаптарын жетілдіру – елдің энергетикалық теңгерімін тұрақтандырудың кепілі. Әлемдік тәжірибедегі шағын модульдік реакторлар сынды озық үлгілерді ескере отырып, «Балқаш» АЭС жобасы арқылы энергия тапшылығын жою және көміртегі шығарындыларын азайту – жаһандық даму трендтеріне сәйкес келетін бастыбағыт.
Бүгінде Атом энергиясы жөніндегі агенттік Францияның Ядролық энергия жөніндегі халықаралық институтымен (I2EN) меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында іргелі ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау мен ядролық технологияларды тиімді қолдану бойынша тәжірибе алмасу көзделген. Француздық озық білім жүйесімен серіктестік отандық мамандардың біліктілігін арттырып, салалық тұрақты кадрлық жүйені қалыптастыруға ықпал етеді.
«Балқаш» АЭС – индустриялық болашағымызды айқындайтын іргелі жоба. Ресейлік озық технологиялар мен өнеркәсіп әлеуетін ұштастыру, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай жүйелі даму экономикалық қуатымызды еселей түседі. Бұл – жаңа дәуір талабына жауап беретін, болашаққа бағытталған сенімді қадам.