Сан қырлы Цветаева
Көп тіл білген Марина бала жасынан мінезі еркін, тентек болып өседі. Темекі шегіп, шашын бояп, түнде зиратта қонып жүретін, революциялық идеяларға әуес еді. Он төрт жасында «еркін ойы мен өжеттігі үшін» гимназиядан шығарылды. Кейінгі оқу орнында да бір жылдан аз уақыт оқып шықты. Білімін тек үшінші гимназиясында ғана аяқтай алды. Дегенмен оның мінезіндегі қыңырлық ақыл-парасатына еш әсер етпеген.
***
Ақын көзі нашар көрсе де көзілдірік тағуды ұнатпаған. Анығында жараспайды деп есептеген. Әпкесі Анастасияның естеліктерінде Цветаеваның кейін көзілдіріктің орнына пенсне таққаны айтылады. Күйеуі Сергей Эфронмен түскен әйгілі фотосында да ол пенснемен бейнеленген. Уақыт өте келе одан да бас тартып, «әлемге көмескі күйінде қарағанды жөн көремін» деген екен.
***
Цветаева опа-далап қолданбаған деседі. Киім таңдауда да көбіне ер адамдардың костюм-пальтосын киген. Замандастары мұны сәнге қарсылық деп қабылдағанымен, шын мәнінде себебі басқа еді. Қызы Ариаднаның естеліктерін оқысақ, отбасының ауыр тұрмыстық жағдайы ақынға өз қалауынша киінуге мүмкіндік бермеген. Сондықтан ол өзгенің, әсіресе ер адамдардың киімін киюге мәжбүр болған.
Болмысы бөлек Ахматова
Әкесі Ахматованың ақындығын мойындамапты, тіпті пысқырып та қарамаған. Сондықтан қызына өз тегімен жарияланып, жұртқа масқара болмасын деп лақап атпен жазуын талап етеді. Сөйтіп, Ахматова арғы әжесінің тегін алады. Ал ақынның шын аты-жөні – Анна Горенко.
***
Ол тіл меңгеруге келгенде зерек болды. Бес жасында мұғалімнің балалармен сөйлескеніне қарап отырып, француз тілін үйреніпті.

***
Италиялық суретші Амедео Модильяни Ахматованы алғашқы көргенде-ақ ғашық болыпты. Олар Парижде бір жыл араласып, кейін мүлде кездеспеген. Сол сезімдердің ізімен суретші ақынның 16 картинасын салған. Алайда ол туындыларды Ахматова сақтай алмады: біреуінен басқасының бәрі өртеніп кеткен.
***
Ахматованы өте ырымшыл деседі. Мысалы, ол Гумилевтің үйленуге алғашқы ұсынысы кезінде жағалаудағы екі дельфиннің денесін көрген соң бас тартқан. Яғни бұл жақсылық нышаны емес деп білген. Сондай-ақ оны бала кезінде көбісі біртүрлі санаған. Өйткені ол томаға-тұйық, жалғыз өзі теңізге шомылып, жалаң аяқ көше кезіп жүре береді екен.
***
Ақын көп уақыт бойы НКВД-ның бақылауында болған. Биографтардың айтуынша, оны жақын құрбысы, жазушы София Островская аңдыған. Ахматова бұл тосын оқиғадан, әрине, хабарсыз.
***
Өмір бойы алғаш жазған өлеңдерінен ұялыпты. Бұрынғы баллада, жарияланған, тіпті қайта басылып шыққан атақты шығармаларын ол «бос қыздың кедей өлеңдері» деп атап, еске алғанды да ұнатпаған.
Даңқы асқан Горький
Алексей Максимович Пешков – Горькийдің шын аты-жөні.
***
Жасөспірім кезінде Горький кемеде ыдыс жуып, аяқкиім дүкенінде аяқкиім тасыған. Бұған қоса ол наубайшы, бағбан болып та жұмыс істепті.
***
Ол бір минутта төрт мың сөз оқыған.
***
Горький ешқашан ауырмаған деген де пікір бар. Ешқашан мас та болмапты.

***
Горький өлер алдында Сталин қасында отырып шампан ішкен.
***
Толстой Горькиймен сөйлескенде әдепсіз сөздер қолданыпты деседі.
***
Жазушы шетелде он сегіз жыл өмір сүрсе де, бірде-бір шет тілін толық меңгермеген.
***
Горькийдің тағы бір ерекше қыры – отқа деген әуестігі еді. Бала кезінен ол жанып жатқан затқа ұзақ қарап, оттың жалынына қызығатын болған.
***
Алексей Максимович тек жазушы ғана емес, жас таланттарға қамқорлық көрсеткен жанашыр меценат та болды. Ол жас ақындар мен қаламгерлерге қолдау білдіріп, олардың шығармашылық жолда қалыптасуына көмектесті. Соның ішінде Владимир Маяковский мен Сергей Есенин секілді дарынды тұлғалардың өнерін бағалап, бағыт-бағдар берген.
Дайындаған –
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»