Фото: kris_p_almata
Адвокаттың түсіндіруінше, адам өліміне әкелген жол апаттары бойынша тараптардың татуласуы қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Заң шартты жаза тағайындауға тыйым салмағанымен, сот тәжірибесінде мұндай істерде ол сирек қолданылады.
Қолданыстағы бап бойынша жаза мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда айыпталушы келтірілген шығынды өтеп, кінәсін мойындаса және ауырлататын мән-жайлар болмаса, сот көбіне шамамен 5 жыл жаза тағайындайды.
Сондай-ақ мұндай санаттағы сотталғандар әдетте қоныс-колонияларда жазасын өтейді. Бұл мекемелердегі тәртіп жалпы колонияларға қарағанда жеңілірек. Бұдан бөлек, тергеу изоляторында (СИЗО) өткізілген бір күн қоныс-колониядағы екі күн ретінде есептеледі.
Жохар Утебековтің айтуынша, сотталған адам жаза мерзімінің төрттен бірін өтегеннен кейін қалған бөлігін жеңілірек жаза түріне ауыстыруды сұрап сотқа өтініш бере алады. Егер сот 5 жыл жаза белгілесе, мұндай мүмкіндік шамамен 15 айдан кейін туындайды.
Бұған дейін сот отырысында қаза тапқан екі адамның туыстары айыпталушы Александр Пакпен татуласқанын мәлімдеген. Ал үшінші марқұмның туыстарының ұстанымы әзірге тыңдалған жоқ. Келесі сот отырысы 4 маусымға белгіленген.
Еске салсақ, қайғылы жол апаты 21 наурыз күні Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында болған. Тергеу мәліметінше, 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes-Benz көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам көз жұмды.