Қоғам • Бүгін, 10:16

Достық үйінің іргетасы қаланды

4 мин
оқу үшін

Алматы облысында татулығы мен ынтымақ-бірлігі жарасқан 105 этностың өкілі тіршілік етіп келеді. Осы себепті өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту мақсатында еңсесі биік Достық үйінің іргетасын қалау рәсімі айрықша аталып өтті.

Достық үйінің іргетасы қаланды

Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты. Іс-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Парламент Сенаты­ның депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық этномәдени бірлестіктер­дің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Бұл маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруды көздеп отыр.

Жүзден аса этнос өкілі түтін түтетіп отырған облыста 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым тіркеліп, түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етіп жатыр. Сондықтан бұл Достық үйі аталған құрылымдардың басын біріктіретін қара шаңыраққа айналары сөзсіз. Мұнда олардың нәтижелі жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, жастар бастамаларын қолдауға, пікір алмасуға, мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптасады.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі М.Сұлтанғазиев бұл құрылыстың өңір тарихы үшін аса маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында Достық үйін салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген еді. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндік ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасы­ның өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін Достық үйін өз қаражаты есебінен салуға қолдау біл­діру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көр­сетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», деді аймақ басшысы.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша төрағасы Вера Плетнева сәні мен сәулеті үйлесе бой көтеретін бұл ғимарат жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын қуана жеткізді.

«Бүгін бәріміз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан 100-ден аса этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, шынайы достықтың жаршысы болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Біздің басты мақсатымыз – татулықты ту етіп, еліміздің дамуына үлес қосу. Ал Алматы облысында Достық үйінің бой көтеруі біздің жұмысымызға серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізе­ді. Әсіресе Ассамблея жастарына үлкен үміт пен жігер сыйлайды», деген ол облыс әкімдігі мен жобаға ұйытқы бол­ған кәсіпкерлерге алғыс айтты.

Қалаға көрік беріп, көп ұлттың ын­тымақ-бірлігінің ұйытқысына айналатын жаңа нысан 2 қабатты, 1 блоктан тұрады. Жоба бойынша этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктер кабинеттері, 56 орынды конференц-зал, 300 орынды мәжіліс залы салынады. Сондай-ақ ғимарат алдына биіктігі­ 92 метр болатын Ту тұғыр орнатыла­ды. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар