Мәдениет • Бүгін, 09:07

Музей ісінен мән кетпесін десек...

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық музей саласында, соның ішінде өңірлік музейлерде мәселе шашетектен. Мекемелердің материалдық-техникалық тұрғыдан тозуы, еңбекақының аздығы, мемлекет деңгейінде мамандарды көтермелеудің мардымсыздығы мен жас кадрлардың тұрақтамауы, тағы да басқа күрмеулі жайттар баршылық.

Музей ісінен мән кетпесін десек...

Суреттерді түсірген – Қасиет Мұхтаров

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Бұ­қар жырау атындағы Павло­дар облыстық әдебиет және өнер музейінің ұжымымен кез­десті. Онда өңірлік музейдің же­тіс­тіктерімен бірге салада қорда­ланған мәселелер айтылды.

Ертіс-Баян өңіріндегі Бұқар жырау музейі кейінгі жылдары еліміз бойынша озық істерімен танылып келе жатыр. Музей жә­дігерлері аймақ деңгейінде ғана емес, республикада, тіпті шет мемлекеттерде тұрақты таныс­тырылып, мәдени мұрамыздың маңызы жарқырай түсті.

Ал музей басшысы Ербол Қайыров Мемлекет басшысының «Цифрлық елге айналу» туралы мақсат-міндеті мұнда қазірдің өзінде орындала бастағанын баян­дады. Тарихи тұлғалардың 3D бейнесін, жас ұрпаққа ұлттық тәрбиені сіңіретін шағын мульт­фильмдер жасау қолға алынып, оның алды келушілерге ұсынылуда. Дейтұрғанмен цифр­лық мүмкіндіктердің бар­лығы орасан зор қаржыны қажет етеді. Соған орай музей ұжы­мының кең ауқымды жоспары тығырыққа тіреліп тұр. Оған жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру да әзірше мүмкін емес көрінеді.

м

Әлгіндей қиындықтарға қа­рамастан Бұқар жырау музейі­нің қызметкерлері өз миссия­ла­рын орнықты атқа­рып, келу­шілерге тарих қойнауы­на саяхат жасауға толыққанды мүмкіндік беріп отырғаны мақ­тауға лайық. Музей биыл және былтыр Астана қаласын­да бірнеше көшпелі көрме өткізді. Республикалық «Рухани қа­зына» байқауында екі мәрте топ жарды. 2023 жылы Ре­сей­дің Мәскеу қаласына барып, Ер­тіс-Баян өңірінен шық­қан Алаш ардақтыларының көр­ме­­сін ұйымдастырды. Жыл сайын об­лыс көлемінде ұйым­дас­ты­­рылатын «Алаш ардақ­тыла­рының ізімен» экспедиция­сы нә­тижесінде жүздеген тың жәдігер, оның ішінде Абайдың тұңғыш жыр жинағы, Ахмет Бай­тұрсынұлының ертеде шыққан «Қырық мысалы» жыр кітабы, Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихы» еңбегі, Иса Байзақовтың домбырасы, Қаныш Сәтбаевтың жазу мәшіңкесі және тағы да басқа құнды заттар табылды. Оған қоса, әйгілі кентанушы Қосым Пішенбаев, халықты оқу-білімге жетелеп, қазақ жастарының білім алуына жағдай жасаған ағар­тушы, қоғам қайраткері Сәдуақас Шорманов, Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенов, тағы да басқа әйгілі жерлестеріміз туралы тарихи кітаптарды жарыққа шығарды. Музей қызметкерлері архив қопарып, ел аузынан дерек жинап, баспасөз беттерінде қан­шама зерттеу материалдарын жариялап келеді. Мұның бар­лығы музей мамандарының ел-жұрт­пен тұрақты байланыс орнатып, ізденісте жүретінінің дәлелі.

д

Кездесуде музей қызметкер­лері алатын еңбекақыларының мөлшері аз екенін жеткізді. Мәселен, музей қараушысының айлығы 90 мың теңге болса, қатардағы жас мамандар небәрі 130 мың теңге алады. Мұндай аз ғана жалақыға қымбатшылық заманда жан бағу оңай емес. Музейде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандардың да еңбекақысы мардымсыз, 200 мың теңгеден аспайды. Қор бөлімінде шаң-тозаңға көміліп, көне құжаттармен жұмыс істей­тін маманға «жұмыс орны­ның зияндылығы үшін» ай сайын­ғы еңбекақысына небәрі 5 мың теңге үстеме қосылады екен. Ме­­­­ке­­медегі жалғыз «Газель» кө­лі­­гі де ескірген. Ұжым өзге аудан-қалалардағы мәдени іс-ша­­раларға сапарлағанда қажет­ті жабдықтарын сыйдыра алмай сар­саңға түсіп жүргені. Сон­дықтан сыйымдылығы жо­ға­ры бір шағын автобус пен қызмет­керлерді қала ішіндегі іс-шара­ларға күнделікті таситын жеңіл көлік қажет-ақ десті. Музей қыз­меткерлері күн сайын балабақ­ша­лар мен мектептерге, өзге де ең­бек ұжымдарына барып, мәдени-рухани іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырады. Сондықтан тасымал мәселесі де сапалы шешім­ді қажет етеді.

д

Тағы бір мәселе – техника­лық персонал, яғни көлік жүр­гізуші, аула сыпырушы, күзет­ші, электрик сияқты қызмет­керлерге еңбек демалысына шыққанда материалдық көмек төленбейді. Себебі бұл заңда қарастырылмаған. Осы мәселені де тиісті заңнамалық құжат­тарға енгізсе деп өтінді ұжым өкіл­дері.

Атап өтерлігі, Бұқар жырау музейі тарихи ғимаратта орналасқан. Сонау ХІХ ғасырдың соңында мешіт ретінде ағаштан салынған сәулетті нысан облыс­тағы тарихи нысандар тізіміне кіреді. Яғни ғимараттың өзі де жәдігер ретінде саналады. Өкінішке қарай, көне нысан жөндеуге сұранып тұр. Музейге келушілер ағыны бір бөлек, күнделікті мәдени іс-шаралардың барлығы осы тарихи ғимаратта өтеді. Бөлмелері тар, жәдігерлерді жарқыратып іліп қоюға келмейді. Сондықтан ағаш үйдің жанынан музей үшін жаңадан заманға сай ғимарат салып берсе, дұрыс болар еді деп есептейді ұжым. Оған қажет жер телімі дайын тұр.

д

«Музей қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы бізге жақ­сы мәлім. Музей саласындағы кадрларды жоғалтып алмау керек. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласына басымдық беріп, бұл салаларға триллиондаған теңге қаражат бөлгізіп жатыр. Мәдениет саласын, соның ішінде музей ісін де қолға алатын уақыт жетті деп ойлаймын. Парламент деңгейінде музей мен кітапхана саласы қызметкерлерінің жала­қы­сын ұлғайту туралы мәселе бұған дейін көтерілді. Бұл бас­тама аяқсыз қалмайды», деді Алтынбек Нұхұлы.

Кездесудегі барлық мәселені қаперіне алып, жергілікті және орталық билікке тиісті ұсыныстар енгізетінін, қажет болса Сенат мінберінен көтеретінін мәлім етті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30