Әкім баяндамасында: «Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өңірде 13 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, осы жобалардың қатарында шаруашылықтарды біріктіру арқылы «Отбасылық ферма» жобасы басталды. Аталған жоба алты ауылдық округті қамтиды, оның аясында 12 900 бас ұсақ мал, 7 800 бас ірі қара мал, сондай-ақ 25 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды», -деді.
Осындай жобаның бірі Кеңгір ауылында жүзеге асырылып жатқан «Kengir agro» кешенінің құрылыс алаңына барып, нысанның іске асу қарқынымен таныстым. Жоба «Отбасылық ферма» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. «Kengir agro» жобасының негізгі мақсаты – өңірде суармалы егіншілікті дамыту, мал бордақылау алаңын ашу және алдағы екі жылда сүт фермасын салу. Гектар көлемі 901- ді құрайды. Қазірдің өзінде 500 гектар аумақта тамшылатып суаруға арналған жер дайындалып, қажетті құрылғылар жеткізілген. Жем-шөп дайындау жұмыстары басталған.
Бұл – соңғы отыз жылдықта Ұлытау өңірінде болмаған жоба. Тамшылатып суару әдісімен аталған аумаққа мал азығы, жем-шөп өсіріледі. Қажетті қорды дайындаған соң 500-ге жуық асыл тұқымды ірі қара сиыр әкеліп, бордақыланады. Нәтижесінде алдағы екі жылда сүт өнімдерін дайындайтын ферма пайда болады.
Қазіргі таңда кешен аумағында әкімшілік-шаруашылық ғимарат, жатақхана, асхана, мал бордақылау алаңы, қора-жайлар мен қойма салынып жатыр. Құрылысқа облыс аумағында өндірілетін отандық құрылыс материалдары пайдалануда. Құрылыс басында жүрген жұмысшылардың жағдайын білмек оймен сөзге тарттым.
«Қызылорда облысының Шиелі ауданынан келдім. Келісім-шартпен жұмыс істеп жатырмын. Келгеніме жарты ай болды. Әркім өз мамандығына сай жұмыстарын атқарып жатыр. Мен дәнекерлеушімін. Жалақым 400-450 мың теңге. Баспана берген. Азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Қаласақ жексенбі күні де жұмыс істей береміз» дейді Зинабдин Райымжанов.
Сабыр Юлдашев болса «Өзбекстаннан келіп жұмыс істегеніне екі жарым ай болды. Сылақшымын. Жалақымды уақытында аламын», - деп жасап жатқан жұмысына көңілі толатынын жеткізді.
Аталған жоба іске қосылса өңірдің аграрлық мүмкіндігі кеңейіп, жергілікті шаруашылықтардың өндірістік қуаты арта түспек.
«Қарағанды қаласына бара жатқан жолда Теректі, Түйемойнақ, 366 және 60 разьезд станциялар Кеңгір ауылына қарайды. Сосын Жошыханға бара жатқанда Қорғанбай ауылы бар. Осындағы тұрғындардың барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы округ бойынша бізде 85 шаруа қожалығы иесі тіркелген. Мақсатымыз «Ақ бас» жалға берілетін тұқымды ірі-қара малын ұлғайту. Аймақта ет өндейтін комбинат жоқ. Жұрттар өздері баққан малдарын әкеліп, сатады. Сенбі сайын қалада жәрмеңке өтеді. Етін, жұмыртқасын сатамын деген кісілерге сол жәрмеңкеде тегін орын береміз» -дейді ауыл әкімі Рүстем Шахмұранұлы.
Жергілікті тұрғындар қарап отырған жоқ, телефонда WhatsAp арқылы топ ашып немесе әлеуметтік желі арқылы бордақылаған малын саудалай береді. Ауылдың ішінде үш шағын дүкен және «Жанұя» гипермаркет бар. Жезқазған қаласындағы SAMADI гипермаркетінде Кеңгір ауылының азық-түлік өнімін сататын орыны бар. Ауыл тұрғындары дүкендерге түшпара, бауырсақ, құрт қаймақ, айран сияқты өз өнімдерін әкеліп, саудалайды.
Қала маңындағы аталмыш ауыл мал шаруащылығымен қатар құс шаруашылығымен айналысады. Мұнда ертеден келе жатқан «Племптицеторг» ЖШС құс фабрикасының филиалы бар. Оны Станислав Белогузов басқарады. Бұл фабрика құс еті, жұмыртқамен Жезқазған, Сәтбаев қалаларын қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындарының сексен пайызы осында жұмыс істейді.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ринат Ахтямов жетекшілік ететін «Ұлытау құс» кәсіпорын құс шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болып, құс өсіріп, етін өңдейтін, соятын цех ашты. Дүкендерде өз өнімдерін қолжетімді бағамен сатып жатыр.
Ауыл шаруашылығын дамытатын осындай кешендер Ұлытау облысының экономикалық әлеуетін арттырады.
Ұлытау облысы