Қоғам • Бүгін, 20:35

Екі дос

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ бард әншісі Қорабай Есенов биыл «Парасат» орденімен марапатталғанда, бала кезден бергі досы, «Құрметті спорт қызметкері» Бейбіт Қасенов қатты қуанғанын білеміз.

Екі дос

Бұлар Жаңаарқа ауданы орталығындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте бір сыныпта оқыды. Екеуі де домбыра үйірмесіне қатысады. 1965 жылы оқуды бірге бітірді. Екеуі де алғашқылардың бірі болып қолдарына гитара ұстады. Қорабай гитара тартуды тез үйренді, қоңыр даусы  аспап үніне үйлесіп, тыңдаушыларын баурап алды. Жеті ішектен шыққан жеті дыбыс бір арнаға тоғысып, әдемі әуенмен үндестік тапқанда жүректі шымырлатып әкететін.

Қорабай алғаш рет институт сахнасында «Жас қалам», «Қоштасу» әндерін орындады. Ұстаздардың, студенттердің, қала халқының алдына шығып орындаған осы екі әні  тыңдаушыларды жалт қаратты.

Досының алғашқы айтқан әні, сахнаға шыққан сәті Бейбіттің көз алдында. Сөзі анық, музыкалық ырғағы жеңіл сезілді. Әсіресе студенттер өлең шумақтарын жылдам жаттап алып, әнге қосылды.   

«Кездессең ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сен үшін менде бар бір тілек» деп «Жас қалам» әнімен жастардың жүрегіне алау жақты. Енді бірде:

Сүйе алмадық, кете алмадық, қимадық,

Неге біздер бір құшаққа симадық.

Екеумізде екі айырылған өзендей,

Махабатты басқа жанға сыйладық, деп «Қоштасу» әнін орындап, тыңдарманын мұңайтып қоятын еді. Алғаш орындаған осы екі әнімен Қорабай елімізге танымал гитарашы, әнші атанды, елдің құрметіне бөленді.

1970 жылы екеуі де жоғары білімді маман болып  шықты.

Қорекең қандай қызмет атқарып жүрсе де гитарасын қолынан тастамады.  Талғампаз әнші мемлекет қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған белгілі композитор Жағыпар Әлімхановтің «Сағыныш», «Жылжиды аққу» атты әндерін құлпырта шырқап, жұрт жүрегін жаулады.

Қорабай Әбікенұлының Шет ауданында мал өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылығы болды. Ол жылдары Бейбіт Қасенов Карл Маркс совхозының (қазіргі Ералиев ауылдық округі) директоры қызметін атқарды.

1986 жылы Қорабай досы «шаруашылықты кеңейтемін, дамытамын, мал басын көбейтемін. Маған кеңшардың аймағынан мал азығын дайындайтын жер  бөлдір, өзім шауып тасып аламын. Орнына совхоз тұрғындарына ұн, жем босатайын» деген ұсыныс жасайды. Екі дос келісіп, шаруашылық жұмысын шыр айналдырады.

Қазір Қорабай Есенов Жаңаарқа аудандық «Асыл қазына» ансамблінің беделді мүшесі. Жылда Қарттар күніне орай қарияларға мәдени құрмет жасалады. Гитарамен айтқан қоңыр дауысымен концерттің көркін кіргізеді.

Әуесқой сазгер Бейбіт Байбосынұлы да көпшілік жиналған ортада өзінің шығарған әнін айтып, ыстық ықыласқа бөленіп жүр.

Екі дос өмір мен өнер айдынында қатар жылжып келеді.

 Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53