Фото: bbc.com
Түнде қала мен облыс аумағына украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) соққы жасаған. Таңертең Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңір аумағында 59 дрон атып түсірілгенін хабарлады. Ең ірі соққылардың бірі Петербург мұнай терминалына тиген. Бұл шабуылды Украина президенті Владимир Зеленский растаған. Дәл осы күні қалада халықаралық экономикалық форум басталған, оған түрлі елдерден қонақтар келген.
Петербургтің «Бумага» басылымының хабарлауынша түн ішінде қала тұрғындары әуе қорғаныс жүйесінің (ПВО) жұмысына ұқсас дыбыстарды естігенін. Қала орталығы мен теңізге жақын аудандардан мұнай терминалы маңында түтін көтерілгені байқалған.
Украиналық дрондар Екатеринбург пен Челябинскіге шабуыл жасады
Бұл нысан Балтық өңіріндегі ең ірі мұнай тасымалдау терминалдарының бірі саналады. Оның аумағы 37 гектарды құрайды, 32 резервуары бар және жылдық өткізу қуаты 12,5 млн тоннаға жетеді.
Таңертеңнен бері Петербург тұрғындары сыртта жағымсыз иіс сезілгенін айтып шағымданған. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі шамамен таңғы 5-те дрон қаупі жарияланғанын, ал 8-ге қарай әуе дабылы алынғанын хабарлады.
Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов Кронштадт, Киров және Красносельский аудандарында инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Ал Ленинград облысы әкімшілігі Лужский ауданында дрон қалдықтары құлап, төрт жеке тұрғын үйдің аздап зақымданғанын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, бірнеше адам жараланған, қаза тапқандар жоқ.
Пулково әуежайы шамамен бес сағат жұмысын тоқтатқан: кейбір рейстер кешіктіріліп, кейбірі басқа әуежайларға бағытталған. Қала бойынша мобильді интернеттің жұмысы да ішінара бұзылған.
«Фонтанка» басылымының жазуынша, куәгерлер тұрғын үй кешендерінің бірінде зақым келген ғимараттың видеосын көрсеткен, бірақ нақты қай кешен екені айтылмаған. Сондай-ақ оның қала ішінде ме, әлде облыста ма екені белгісіз. Басылым мәліметінше, басқарушы компания өкілдері үй қабырғасына дрон бөлшегі тигенін растаған және тұрғындарға эвакуациялық пунктке, мектепке бару ұсынылған.
Басқа тұрғындар дрондардың үйлердің үстімен ұшқанын, адамдардың жерасты паркингтеріне жасырынғанын айтқан. Көпшілік түн бойы жарылыстар естілгенін, ұйықтамағанын жазған. «Үй дірілдеп тұрды, ит ваннаға тығылды», – деп жазған куәгерлердің бірі.