Барлық негізгі нормалар Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және депутаттық корпуспен бірлесіп әзірленді.
Заң аясындағы маңызды жаңашылдықтың бірі – елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинеттерінің ашылуы. Мұнда кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидатымен кешенді қолдау көрсетіледі.
Балаға қолайлы жағдайда алғашқы психологиялық көмек , сот-медициналық сараптама жүргізу, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты кешенді шаралар қарастырылған. Бұл баланың көптеген ұйымдарға бару қажеттілігін жойып, оның психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді.
Сонымен бірге білім беру ұйымдарында «баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу» институты енгізіледі. Бұл шара құқық бұзушылықтардың уақытылы алдын алуға және балаларға дер кезінде көмек көрсетуге арналған.
Сондай-ақ Заңда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың бірыңғай вертикалін құру үшін өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларын ашу көзделген. Жаңа құрылымдар үйлестіру жұмыстарына, алдын алу шараларына, жедел қорғауға және «тәуекел тобындағы» балаларға көмек көрсетуге жауапты болады.
Жаңа нормаларды іске асыру мақсатында тиісті қағидалар бекітіледі.