Әлем • 03 Қаңтар, 2026

Венесуэла Каракастағы жарылыстардан кейін АҚШ-ты әскери агрессия жасады деп айыптады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венесуэла билігі ел АҚШ тарапынан әскери агрессияға ұшырады деп мәлімдеді. Бұл туралы үкіметтің ресми мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Венесуэла Каракастағы жарылыстардан кейін АҚШ-ты әскери агрессия жасады деп айыптады

Reuters

Билік дерегінше, соққылар тек астанада ғана емес, Миранда, Арагуа және Ла-Гуайра штаттарында да тіркелген. Ел президенті Николас Мадуро төтенше жағдай режимін жариялап, қорғаныс күштерін толық жауынгерлік дайындыққа келтіруге бұйрық берді.

Sky News Arabia мәліметінше, Каракастағы жарылыстар жергілікті уақытпен түнгі сағат 02:00 шамасында басталған. Әлеуметтік желілерде қала үстіндегі жарқылдар, ұшып жүрген тікұшақтар, зымыран атқылаулары мен қою түтін бейнеленген видеолар тарады. Астананың оңтүстігінде, ірі әскери база маңында электр энергиясы өшкен. Венесуэлалық БАҚ кемінде алты-жеті жарылыс болғанын хабарлады.

Сонымен қатар бұрынғы президент Уго Чавестің мавзолейі орналасқан Куартель-де-ла-Монтана 4F казармасы аумағында да жарылыс болғаны айтылды. Гринвич уақытымен 06:15-ке дейін жарылыстар жалғасқаны хабарланған.

Оқиғаға байланысты Куба президенті Мигель Диас-Канель Гавана Венесуэлаға жасалған соққыларды айыптайтынын мәлімдеп, халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың «қылмыстық шабуылына» жауап беруге шақырды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Каракасқа қарсы күш қолдану мүмкіндігін бірнеше рет жоққа шығармаған. Reuters дерегінше, ол жеке әңгімелерінде Мадуродан биліктен кетуді талап еткен. Ал CBS News журналисі Дженнифер Джейкобстың айтуынша, әскери соққылар жасау туралы бұйрықты Трамптың өзі берген.

Сондай-ақ The Wall Street Journal АҚШ билігіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Венесуэла аумағында америкалық әскери операция жүріп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта Каракаста президент резиденциясы маңына бронетехника тартылып, астанадан шығатын жолдарда кептеліс пайда болған. Қала тұрғындары жаппай кетіп жатқаны хабарлануда.

Соңғы жаңалықтар

Елімізде қанша колледж бар?

Білім • Бүгін, 17:57