Жер асты дүмпулерінің эпицентрі Герреро штатындағы Сан-Маркос елді мекені маңында орналасқан. Сейсмикалық толқындар елдің орталық және оңтүстік өңірлерінде сезілген.
Қаза тапқандардың бірі эвакуация кезінде өзін жайсыз сезініп, құлап кеткен 60 жастағы ер адам. Ал эпицентрге жақын тұратын 50 жастағы әйел өз үйінің қирандылары астында қалған. Сонымен қатар Герреро штатының астанасы Чильпансингодағы аурухана ғимаратына зақым келіп, бірқатар науқас қауіпсіз жерге көшірілді.
Жер сілкінісі эпицентрден шамамен 400 шақырым қашықтықта орналасқан ел астанасы Мехико қаласында да сезілді. Осы сәтте Мексика президенті Клаудия Шейнбаум баспасөз мәслихатын уақытша тоқтатып, президент сарайынан эвакуациялануға мәжбүр болған. Кейінірек баспасөз конференциясы қайта жалғасқан.