Іс-шара барысында қатысушылар заң шығару органдары арасындағы тәжірибе алмасудың тұрақты алаңын құру, мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимылды арттыру, экономика және сауда салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін іске асыруға ықпал ету, сондай-ақ «Шанхай рухын» ілгерілету және жаһандық басқару жүйесіндегі ұйымның үлесін талқылады.
Семинарда сөйлеген сөзінде Дархан Қыдырали қазіргі әлемдегі қарқынды өзгерістер жағдайында мұндай семинардың өзектілігі мен маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл шара – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің заң шығарушы органдары арасындағы диалог үшін бірегей алаң. Мұнда тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді шешудің ортақ тәсілдерін айқындауға мүмкіндік бар. Заң шығарушы органдар тұрақтылықты қамтамасыз ету мен стратегиялық шешімдерді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Біз, халық өкілдері ретінде, сенімділік ахуалын қалыптастырып, идеялар алмасуға ықпал ете аламыз, ШЫҰ бастамаларына қоғам тарапынан қолдау білдіруге жағдай жасап, көпжақты ынтымақтастықтың маңызын түсіндіре отырып, оны тереңдетуге қолайлы саяси орта қалыптастыра аламыз. Заң шығарушы органдар арасындағы диалогты дамыту елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады», – деді ол.
Сапар аясында ҚХР-дың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Пэн Цинхуа мырзамен кездесу өтті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ қазақстандық депутаттар Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына барып, өңірлік халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің директоры Зумрат Обулмен кездесті.