
– Жақында Еуропа елдерінен олжалы оралыпсыздар. Осы іссапарларыңыздың мақсат-міндетін таратып айтсаңыз.
– Шығыстану институты делегациясы бір айға жуық Еуропаның алты мемлекетінің 10 шақты ғылыми мекемесінде, архиві мен кітапханасында жұмыс істеп қайтты.
Ватикан және өзге де Батыс елдері мұрағаттарында ежелгі түркі, қазақ, Орталық Азия тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген маңызды дерек пен қолжазба бар екені бұрыннан жиі айтылып, жазылып жүретін. Біз сол ақпараттың анық-қанығына жетуді де мақсат тұттық.
Естеріңізде шығар, Президент Қ.К.Тоқаев Ватикан сапарының бірінде апостолдық архив пен кітапханада сақталған қазақ халқының тарихына қатысты құжаттарды Қазақстан ғалымдарының қол жеткізуі туралы Рим Папасына өтініш айтып, келісімін алған еді. Осы келісімнің негізінде 2022 жылдың мамыр айында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватиканның апостолдық архиві және кітапханасы арасында әріптестік-шығармашылық байланыс орнату туралы меморандумға қол қойды. Бұл маңызды құжат Қазақстан үкіметі тарапынан ресми түрде бекітіліп, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Меморандум аясында отандық ғалымдар осы діни елдің сирек кездесетін тарихи қолжазбалар мен басқа да құнды дереккөздерге қол жеткізу мүмкіндігін алды. Сондай-ақ Шығыстану институтында «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты іргелі ғылыми жоба дайындалып, ол ел Үкіметі тарапынан 2024 жылы бекітілді. Осы жобаның күнтізбелік жоспарына сай біз маңызды тарихи деректерді іздеу, көшірмесін алу, жинақтау, жүйелеу, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты нығайту мақсатында 5–30 маусым аралығында Ватикан және Еуропаның бірқатар елінде болып қайттық.
– «Ватикан және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты жобаның мән-мағынасын айта кетсеңіз.
– Бұл жоба Еуропа елдерінің ұлттық архивтері мен кітапханаларында, ғылыми орталықтарында сақталып келген халқымыздың арғы-бергідегі тарихы мен мәдениетіне қатысты Шығыс және Еуропа тілдеріндегі маңызды әрі тың деректер мен қолжазбаларды жинап, зерттеуді көздейді. Сол арқылы ұлттық тарихи жадымызды қалпына келтіріп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толтырамыз, сонымен бірге отандық шығыстану ғылымын жаңа сапалық деңгейге көтереміз.
– Қай елдер мен қандай ғылыми орталықтарда, архивтер мен кітапханаларда жұмыс істедіңіздер?
Делегация құрамында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ескі Еуропа тілдерінің маманы Қалқаман Жұмағұлов, PhD шығыстанушы, парсы және шағатай тілдерінің маманы Болатбек Батырхан, PhD тарихшы, Еуропаның ағылшын және бірнеше тілін еркін меңгерген Нұртас Әбдімомыновтар болды.
Біз Ватикан апостолдық архиві мен кітапханасының префекті Мауро Мантованимен ресми кездесу өткіздік. Кездесу барысында осында сақталған сирек қолжазбалар мен құжаттарды зерттеу бойынша ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Ватиканның апостолдық архиві мен кітапханасында сақталған түркі әлемінің, Қазақстанның ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты жаңа деректерді іздеп, тізімге алу жұмысын жүргіздік. Іздеу, жүйелеу жұмысы барысында ортағасырлық түркі хандықтары мен моңғол мемлекеттері билеушілерінің Рим папаларымен және еуропалық монархтармен хат алмасуларын, Еуразия даласында болған еуропалық саяхатшылардың жазбалары, миссионерлік қызметке қатысты мәліметтерді, сондай-ақ Орталық Азия аймағымен ортағасырлық мәдени және сауда байланыстары жөніндегі деректерді анықтадық. Ерте және ортағасырдағы түркі әлемінің Батыспен саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарына қатысты сирек кездесетін, бұрын белгісіз болып келген материалдарды анықтау, жинау, талдау бойынша жұмыс жүргіздік. XIII–XV ғасырлардағы еуропалық саяхатшылардың Орталық Азия туралы жазбалары тізімге алынды. Ғылыми құндылығына сараптама жасалды. Іссапар барысында Италиядағы ең көне әрі жетекші оқу ордасы – Сапиенца Рим университеті жанындағы Шығыстану институтына соғып, түсіністік пен уағдаластыққа қол жеткіздік.
Бұдан әрі Шығыстану институтының делегациясы алыс та жақын Мажар еліне ат басын тіреді. Алғашқы күні біз Будапешт қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігі ұйымдастырған «Алтын бұғы» мүсінінің ашылу салтанатына қатыстық. Келесі күні Мажарстан зерттеу институты басшылығымен кездесуде ортақ зерттеулер жүргізу, ғылыми жобалар әзірлеу, өзара әріптестікті дамыту, бірлесіп жас мамандар даярлау, оларды ғылыми тағылымдамадан өткізу мен алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерді талқылап, жоспарымызды анықтадық. Еліміздің Мажарстандағы елшілігінің қолдауымен Сечени ұлттық кітапханасы басшылығымен өткен кездесуде Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен екіжақты әріптестікті дамыту бойынша ғылыми зерттеу саласындағы ынтымақтастық орнату мәселесі сараланды.
– Франция, Испанияға сапарларыңыздың барысы қалай болды?
– Иә, бұл сапарымыз да жемісті, табысты өтті. Францияның Ұлттық кітапханасы Шығыс қолжазбалар бөлімінің басшылығымен және қызметкерлерімен кездесіп, «Ватикан мен Еуропа елдерінің бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми зерттеу жобасы аясында Осман, шағатай, татар, түркі және парсы тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен архивтік құжаттарды бірлесіп игеру, ортақ пайдалану мүмкіндіктерін талқыладық. Географиялық карталар мен отарлық кезеңдегі экспедициялар барысында жиналған материалдарға ерекше қызығушылық таныттық. Сондай-ақ тарихи, құнды деректер, қолжазбалар мен құжаттарды зерттеуде екіжақты әріптестікті дамыту жолдары және алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаластық.
Әрі қарай Испания астанасы Мадрид қаласындағы «Феликс Мария Парежа» ислам кітапханасына аялдап, кітапхана қорымен таныстық. Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі елшілігінің қолдауымен Испанияның жетекші оқу ордасының бірі – Мадрид Комплутенсе университеті басшылығымен кездестік. Мұнда да екіжақты ынтымақтастық, архив қорлары мен кітапханаларындағы қолжазбалар мен құжаттарды зерттеу саласындағы ғылыми әріптестікті дамыту, ортақ ғылыми жобалар әзірлеу, конференция, семинарлар өткізу, жас ғалымдардың тағылымдамадан өтуі мәселелері мен алдағы ынтымақтастық, серіктестік мүмкіндіктерін талқыладық. Келіссөз нәтижесінде бірлескен зерттеулер, тәжірибе алмасу және мамандардың академиялық ұтқырлығын қамтитын өзара ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеп, қол қоюға уағдаластық. Іссапарымыздың соңғы күні Испания Сыртқы істер министрлігіне қарасты беделді халықаралық ұйым «Casa Asia Madrid» орталығы басшылығымен кездестік. Бұл орталық – дипломатия, мәдениет, білім және экономикалық ынтымақтастық саласында Испанияның Азия-Тынық мұхиты аймағымен қарым-қатынасты нығайту үшін құрылған ұйым. Бұл ұйым испан қоғамы мен Азия елдері арасында диалог алаңы, Азия құндылықтарын насихаттап, Азия елдерін зерттейтін орталық осы салада елімізбен, атап айтқанда, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен әріптестікке дайын екенін баян етті. Еуропа елдеріндегі, оның ішінде Мадридтегі Азия халықтары, түркі әлеміне қатысты деректерді жинау, жүйелеу және салыстырмалы талдау жүргізу, ғылыми тұрғыда жаңаша зерделеу аясында бұл халықаралық орталықпен байланыс орнатудың орны айрықша болмақ.
– Ғылыми сапарларыңызда ежелгі түркі, қазақ, Орталық Азия тарихы мен мәдениетіне қатысты қандай айрықша дерек немесе қолжазба таптыңыздар?
– Мажарстандағы 1802 жылы құрылған Сечени ұлттық кітапханасының түркі мәдениеті мен тарихына қатысты қолжазба және құжаттар, Орталық Азияға қатысты ежелгі карталар қоры өте бай екен. Оның дені күні бүгінге дейін ғылыми айналымға түспеген. Бұйырса осыған айналып соқпақпыз. 1661 жылы құрылған Берлин мемлекеттік кітапханасы қорындағы Шығыс қолжазбалары, оның ішінде Орталық Азия аймағына қатысты араб, парсы тілі мен ескі түркі әдеби тіліндегі еңбектер ерекше. Мұнда
42 000-нан аса қолжазба сақталған, оның ішінде 252 қолжазба түркі тіліндегі әдебиеттер екенін байқадық. Франция Ұлттық кітапханасы Шығыс қолжазбалар бөлімінде Батыс және Шығыс тілдерінде жалпы 56 тілде қолжазба сақталған. Мұның бәрі саяхатшылар, елшілер, саудагерлер, антикварлар арқылы қорға алынған. Бұл кітапханадағы парсы тіліндегі қолжазбалардың жалпы саны 2869, түркі тілінде 2038, оның ішінде 113 қолжазба Орталық Азияға тікелей қатысты түркі (шағатай) тілінде жазылыпты. Сақталған құжаттардың арасында Қашқария, Түркістан мен Орталық Азия тарихына қатысты материалдар мен қазақ хандары мен сұлтандарының хаттары бар. Барақ ханның түрік сұлтанына хаты, Тәуекел ханның Бұқараға жорығы туралы осы кезге дейін беймәлім болып келген дүниелер осы кітапхана қорындағы маңызды деректер қатарынан.
– Бұл деректер отандық тарих пен шығыстану ғылымын дамытуға қаншалықты үлес қоса алады?
– Қазақстан делегациясы арнайы ат басын тіреген Ватикан, Италия, Мажарстан, Германия, Франция, Испания елдері архив қорлары мен кітапханаларындағы еліміздің (ежелгі және ортағасырлық түркі, қазақ, Орталық Азия) тарихы мен мәдениетіне қатысты дереккөздер отандық тарихымызды жаңа материалдармен, тың деректермен толықтырып, еліміздің деректану және қолжазбатану саласын байыта түсері сөзсіз. Отандық шығыстану ғылымында тың, бұрындары зерттелмеген, аударылмаған дереккөздерді жан-жақты жинау, аудару, жүйелеу, орта ғасырларда жазылған қазақ хандарының мұсылман билеушілерімен алмасқан дипломатиялық хаттарының көшірмелерін елге алдырып, зерттеп, ғылыми айналымға қосу – кезек күттірмес, ділгір елдік істердің бірі. Қазақстан тарихы туралы жазба деректердің ана тілімізден басқа Шығыс пен Батыстың көптеген тілінде жазылып, сақталып келгені мәлім. Әрине, төл деректердің құндылығы бір бөлек, ал Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы Шығыс және Батыс тілдерінде жазылған дереккөздердің жөні бір басқа. Осы орайда, Шығыс тілдеріндегі дереккөздер бірнеше топқа бөліп қарастырылатынын атап көрсеткен жөн. Олар: қытай, мәнжүр, көне қытай, көне моңғол, моңғол, көне түркі, ойрат, араб, парсы, түркі-шағатай, т.б. тілдерде жазылған деректер. Шығыс жазба дереккөздерінің ішінде араб, парсы, қытай және түркі (шағатай) тілдеріндегі жазбаша деректердің алатын орны тіптен айрықша. Ватикан және өзге де Еуропа елдерінің архивтері мен кітапханаларында түркі, қазақ және Орталық Азия тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызды деректердің өте мол екендігі осы реткі сапар барысында тіптен айқындала түсті. Бұл деректер – көбінесе исламдық, түркілік, ортағасырлық және түркі әлемінің тарихи және мәдени мұрасын терең зерттеуге арналған құнды дүниелер. Олар негізінен ерте кезеңдегі және исламдық, түркілік, ортағасырлық түркі мәдени мұрасын зерттеуге арналған деректер.
Әсіресе Ватикан архиві – әлемдегі ең үлкен және бай тарихи архивтердің бірі. Онда түрлі дәуірдегі жазылған қолжазбалар мен құжаттар сақталған. Ватиканның апостолдық кітапхана мен архивінде Орталық Азия, Түркістан мен қазақ хандығының тарихы һәм мәдениетіне қатысты деректер кездеседі. Мұнда латын, қытай, араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған қолжазбалар қоры өте мол. Сонымен қатар мұнда
XIII–XIV ғасырлардағы Алтын Орда мен оның көрші мемлекеттері туралы жазылған деректер де жетерлік. Мысалы, араб, парсы және түркі тілдеріндегі мәтіндерде Алтын Орда хандарының саясаты, олардың көрші мемлекеттермен қарым-қатынастары туралы деректер де молынан сақталған. Осы жолы ғалымдар Ватикан архивінде Орталық Азияның мұсылман мәдениеті мен дініне қатысты көптеген зерттеу мен қолжазба бар екендігін де анықтады. Олар исламның Түркістанға таралуы, сол кездегі философия, ғылым, астрономия, медицина сияқты салаларды қамтиды. Жалпы, Француз ұлттық кітапханасында Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті туралы маңызды қолжазбалар мен деректердің өте мол екен. Мұнда Мауереннахр мен Түркістан тарихы, Орталық Азияда болған тарихи оқиғаларға, сонымен қатар түркі халықтарының қалыптасуы мен даму кезеңдеріне арналған қолжазбалар қоры баршылық. Француз ұлттық кітапханасында орта ғасырлардағы мұсылман тарихшылардың, географтар мен ғалымдардың көптеген еңбегі сақталған. Бұл жазбалар Орталық Азия мен Қазақстанның саяси, мәдени, экономикалық жағдайы туралы мол мағлұмат береді. Ал Берлинде сақталған деректер Орталық Азия мен қазақ тарихы үшін, бұған дейін ғылымда белгісіз болып келген мүлде тың мәліметтерді қамтиды. Берлин кітапханасында да Тұран, Түркістан, Қазақстан және Орталық Азияның тарихи ескерткіштері мен қолжазбалары туралы көптеген материал сақталған. Қолжазбалардан Орталық Азия халықтарының ежелгі тарихы мен олардың көрші елдермен қарым-қатынасы туралы мол мағлұмат алуға болады. Неміс ғалымдары Орталық Азия мен Қазақстан тарихын зерттеуге ертеден ден қойып келеді десек, олар өздеріндегі осы қолжазбалар мен мәтіндерге көбірек жүгінетіні белгілі. Сондықтан да неміс ғалымдарының Орталық Азия аймағын зерттеуге арналған еңбектері де назар аударуға тұрарлық. Қысқасы, Ватикан мен өзге де Еуропа елдерінің кітапханалары мен архив қорларында Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті туралы маңызды деректер, қолжазбалар молынан сақталғаны туралы бұрындары там-тұм айтылып, жазылып жүрген болса, отандық делегация осы жолғы ғылыми іссапарында көздерімен көріп, қолдарымен ұстап қайтты. Бұл ғалымдарға ғана емес, жалпы мәдениетке ұмтылған жұртшылық арасында мәдени, тарихи мұраға қызығушылыққа кең жол ашады.
– Алдағы уақытта осы құнды деректерді ғылыми айналымға енгізу жоспарларыңыз қалай жүзеге асады?
– Бұл – нақты әрі дәйекті жолмен жүзеге асатын үдеріс. Ең алдымен, табылған материалдардың электрондық және қағаз көшірмелері алынады. Кейін солардың ғылыми сипаттамасы жасалып, аударылып, жүйеленеді. Қажетті деректер отандық ғылыми басылымдар мен монографиялар арқылы айналымға енеді. Сонымен қатар бұл жұмыс негізінде халықаралық конференциялар мен көрмелер өткізу де жоспарланып отыр.
– Осы сапарларыңызға қандай баға берер едіңіз?
– Бұл сапар отандық шығыстану ғылымының жаңа бір сапалы кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Түркі және қазақ тарихының әлемдік деңгейде зерттелуіне жол ашқан, ғылымға ғана емес, елдік санаға да елеулі, маңызды оқиға деп есептеймін. Әлі де көптеген тың деректі анықтау үшін жұмыс жалғасады.
Осы ретте Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұжымы атынан Еуропаның Ватикан, Италия, Мажарстан, Германия, Франция, Испания елдеріндегі Қазақстан Республикасы елшіліктерінің қолдауы мен көмегі үшін шынайы ризашылығымызды жеткіземіз. Еліміздің рухани мұрасын түгендеу мен жаңғырту ісіне бәріміз бірге атсалыса берейік.
Бұл жазбалар Орталық Азия мен Қазақстанның саяси, мәдени, экономикалық жағдайы туралы мол мағлұмат береді. Ал Берлинде сақталған деректер Орталық Азия мен қазақ тарихы үшін, бұған дейін ғылымда белгісіз болып келген мүлде тың мәліметтерді қамтиды. Берлин кітапханасында да Тұран, Түркістан, Қазақстан және Орталық Азияның тарихи ескерткіштері мен қолжазбалары туралы көптеген материал сақталған
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жәнібек Әлиман,
«Egemen Qazaqstan»