Пікір • 23 Мамыр, 2025

Қазақ ономастикасы: Құрылтайдан түйген тұжырым

270 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай алаңында ономастикаға қатысты айтқан нұсқалы ой-пікірлері бәрімізді, әсіресе тіл зерттеушілер қауымын ойландырмай қойған жоқ. Президентіміз айтқандай, халықтық атауларды толық пайдалана алмай жүргеніміз де, жаңа мекен аумағында бой көтерген қалалар мен аудандарда қайталанатын атаулардың кездесе беретіні де ойландыратын жайт. Осыған орай, кейбір ойды ортаға салуды жөн көрдік.

Қазақ ономастикасы: Құрылтайдан түйген тұжырым

Сурет: abai.kz

Қазақ халқының ұлттық оно­мас­тикасының ға­сырлар бойы қа­лып­тасқан өзіндік өзге­шеліктері мен құрылым жүйесі ең алдымен, өзі өмір кешіп отырған табиғат аясымен байланысты болды. Табиғат кеңістігіндегі дүниеліктердің этномәдени санада таным-білімге айналған моделі қалыптасты. Бұлай дейтініміз – Ұлы даланың өзен-сулары, өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарлар әлемі, ауа райы (климаты), атап айтқанда, биосферасы топонимдер сала­сындағы онимдерге арқау болды. Экологиялық тұрғыдан адамзат қоғамы аридтік зоналарда қатал табиғатқа бейімделсе ғана өмір кешеді, бейімделе алмаса не кө­шеді, не өшеді. Қазақтар не көш­кен жоқ, не өшкен жоқ, от жағып, күл төккен ата-баба же­рінен ешқайда ауған жоқ. Сол ор­таның жер бедерін, өзен-су­ларын өз тіліне тән өрнектермен айшықтады. Ономастикадағы сол ай­шықты өрнектердің ерекше бір саласы, байқауымызша, натурал сандармен байланысты болды. Олардың ішінде әсіресе натурал тақ сандардың онимделу әлеуетінде ашылмай жатқан астарлы ақпараттар мәдени жұрт­шылығымызға әлі де болса бей­мәлім, жабулы күйде қа­лып келеді.

Неге Үшқоңыр? Неге Бесша­тыр? Неге Жетіқара? Неге Тоғыз­бұлақ? Неге топонимдер қата­рын­да екі, төрт, алты, сегіз, он са­нымен келетін жұп сандар си­рек ұшырасады? Неге Екібас­тұз­дан басқа жұп сандық атау кез­деспейді? Неге ономастика жүйе­сінде бір санымен келетін атау жоқтың қасы?

Сонымен сұрау көп, жауап­ та жоқтың қасы. Әрине, мүлде жоқ емес, кезінде әй­гілі шығыстанушы В.Радловтың бай­қауынша қазақ­тар үш, бес, жеті, тоғыз тәрізді тақ сандарды киелі деп таныған. В.Радлов киелі сандарға алғаш назар аударған болатын. Солай екені – солай. Сонымен қатар тақ сандарды киелі тұтудың да себебі болуға тиіс. Біздің байқауымызша, тақ сандардың жұп сандардай екіге теңдей бөлінбейтін ерекшелігі этномәдени санада тұтастық, бірегейлік ұғымымен астасып, сөз мағынасындағы астырт мәнділікке айналған, лингвистикада мұндай мәнділік импликация деп ата­лады. Мыса­лы, Бесқайнар (ауылы)­ десек, атау­дан мазмұн межесі тақ санның екіге бөлінбейтін ерекшелігімен байланысты біртұтас, бірегей микроәлем деген мәнділікке сая­ды. Бұл – сөз мағына­сындағы астырт мәнділік (импликация), ал оның белгілі бір елді мекенді білдіруі – сөз мағына межесіндегі үстірт мәнділік (экспликация).

«Бөлінгенді бөрі жейді», «жал­ғыз жү­ріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген мақалдардың мазмұнындағы астырт мәнділік бірегейліктен айырылмау дегенді аңғартады.

Үш жүз – қазақтың тарихи этно­генездік атауы. Атаудың құрамын­дағы үш тақ саны «бүтін», «бөлінбейтін», «бірегей» деген этногенетикалық мәнділікке саяды. Қазақтар үш жүзге бірікті, үш жүзге бө­лінген жоқ, өйткені үштің астырт мағы­насы макронимдік бірегейлікті білдіреді.

Натурал тақ сандардың ежелгі этно­тілдік санадағы бөлінбейтін бүтіндегі жер-су атауларының қалыптасуының мо­деліне айнал­ған: Бесқайнар, Үшбұлақ, Бесағаш, т.б. атауларындағы тақ санның мазмұн межесі бүтіндікті, бөліп-жаруға келмейтін тұтастықтың нышаны іспетті деуге болады.

Ұлттық ономастикада натурал тақ сандардың сындық мағы­надағы сөздермен тіркескен атаулары ерекше орын алады: Үшқара (Жетісу обл.), Үшқоңыр (Алматы обл.), Жетіқара (Қостанай обл.) таулы, дөң-дөңесті, қырқа-қырат­ты жерлердің бедеріне тән. Мұн­дай атау құрамындағы сан есім объектінің бүтіндігін, тұтастығын білдірсе, ал қара «күнгей жақ, қар аса қалың болып жата бер­мейтін жер» де­ген ақпаратты аңғар­­тады. Мұндай жер­лер қыс­тық жайы­лымға қолайлы болған­­дықтан алты ай отыратын қыс­тауға айналған. Ел Үшқарада отыр десе, «қыс­тауда отыр» деген астырт мағынаға тән имплицитті ақпаратты білдіреді.

Ал қара сөзі «күнгей», «түс­тік жақ» деген «тасаланған» ақпарат­ты аңғартады. Түпкі мәні қазіргі ұрпаққа беймәлім мұндай ақпараттар ұлттық қордағы жер-су атау­ларында жиі кездесіп отырады.

Археологиялық зерттеулер­де Же­тітөбе (Жамбыл обл.), Бес­шатыр (Же­тісу обл.) сақ, үйсін заманынан қалған обадан табылған дүние-мүліктер мәдени құнды ескерткіштер ретінде бағаланады. Әрине, бұндай Бес­шатыр аталған обалар, кесенелер сол кезеңдегі, дәуірлердегі елді мекеннің де тарихи атауымен байланысты қаралуға тиіс. Бесшатыр дейтін атау әрідегі ғұн (хунн) заманын еске тү­сіреді. Әйгілі шығыстанушы Иакинф Бичуриннің (1777 – 1853) сол за­манның қытай деректерімен байланысты зерттеулерінде ғұндар ұлы Құрылтай өткізерде шатырлар тігіп, үлкен дайындық жасайтын көрінеді. Құрылтайда елдің ішкі, сыртқы саясаты қаралып, соңында ас беріліп, билерге (бектерге) шапан жауып, сый-сыяпат ретінде қытайдың жібек кездемелері сыйға тартылатын көрінеді. Ат бәйгесі, түйе жарыс тәрізді спорт ойындарын өткізу дәстүрі болған.

Бұл жайтты еске алып отыр­ғанымыз – Семипалатинск (Семей) ежелгі Жеті шатыр атауы­ның сөзбе-сөз (калькаланған) аудар­­масы болса керек. Олай дей­­тініміз – орыс ономастикасын­да жеті сияқты тақ сандармен ке­летін топонимдер жүйесі жоқ­тың қасы. Бола қалғанның өзінде Се­миозерка – (Қостанай обл.) қазақтың Жеті­көл деген атауы, сол сияқты Семиярск деген­дегі жеті – қазақтың Жетіжар деген атауы­ның сөзбе-сөз орысшаланған калька түрі.

Мұндайларды өз қалпына келтіру – қа­зіргі қазақ ономастикасында ескерілетін жайттардың бірі.

Біз бұл тұста Семей атауын Же­тіша­тырға ауыстыру керек деген ойдан аулақ­пыз. Алайда сол аймақтың біріндегі жаңа құ­рылып, бас көтеріп жатқан ауыл, я болмаса бой көтеріп жат­қан кәсіп­орындардың бірін немесе туризм сала­сындағы объектілердің бірде болмаса біріне тарихи мәні бар Жетішатыр атауын беру құба-құп болар ма еді деген ойдамыз.

Біз бұл тұста қазақ ономастикасында тақ сандардың ұйытқы болуымен аталатын топонимдерге, олардың өз кезегінде елді мекен атауларына негіз болатын ерекшелігіне тоқталдық. Бір, екі саны жер-су, елді мекен атауларында көп қолданыла бермейтіні байқалады. Ондай сандардың, мысалы бірдің орнына синонимдес мәні бар жаңғыз/жалғыз – Жаң­ғызтөбе, Жал­ғызтөбе, екінің орнына қос – Қосағаш, Қосқұдық; телі – Телікөл, егіз – Егізкөл деген атаулар қолданылады. Олар бірінен-бірі «ажырамайтын», «бөлінбейтін» егіздің сыңарындай имплицитті мәнді­лікті білдіріп, бірегейлік, тұтастықты мең­зейді. Неге Қосқұдық деп аталған? Екі құдықтың жерасты сулары бір-бірімен байланысты болып, суы бір деңгейде тұратын, бірінің су деңгейі төмендесе, не көтерілсе, екіншісінің де су деңгейі солай болатындықтан Қосқұдық аталған. Бұл – Қосқұдық атауының астырт мағы­насындағы (имплицитті) мәнділік. Жер-су атауларының құрамындағы астырт мәнділікке тән ақпарат қазіргі жас буынға беймәлім болып барады.

Қазіргі тілдік санада көмес­кіленіп, ұмытыла бастаған тарихи ономастикалық атаулардың бірі – Ақ Ертіс, Қара Ертіс. Ақ Ертіс ел аузында Ұзын Ертіс деп те аталған көрінеді. Ертістің Зайсан жағына құйғанға дейінгі атауы­ Қара Ертіс, ал Зайсаннан ағып шығатын жағы Ақ Ертіс деп аталған. Ұмыт болып бара жатқан бұл атауларды да қайта жаңғыртып, бой көтеріп жатқан жерлердегі кәсіпорын, мектеп, т.б мәдени, өндірістік объектілердің атауы ретінде қолдану да орынды болар еді.

Байырғы тарихи жазба деректерде Балқаш көлі Көкше теңіз деп аталса керек. Орыс тіліндегі зерттеулердің барысында Балқаш көл атанып кетті. Ал халықтық гео­графияда Іле дариясы, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері құятын болғандықтан Балқашты көл демейді, теңіз дейді.

Жетісу өңірінің ономастикалық қо­рында Үш Алматы деген тарихи атау бар. Кезінде Үш Алматы географиялық ерекшелікке бай­ланысты айтылған. Оның аумағындағы үш өзен халықтық ономастика моделімен Үлкен су, Орта су, Кіші су деп аталған. Бұл атау Ш.Уә­лихановтың жазба деректерінде де кез­деседі (Ш.Уә­лиханов, 3-том, 1985, 265-б.). Белгілі тарихшы ғалым Меруерт Әбу­сейі­тованың көрсетуінше, Үш Алматы топонимі мемлекетаралық сауда жолда­рымен байланысты гуарбан Аламұту немесе гуербан Алимату (Үш Алматы) деп қытай, мәнжу тілдерінде де (XVIII ғ.) атал­­ған екен (Жинақ: Қазақ болып қа­лып­тасқан ғасырлар, Тараз: DanAi, 2015, 200 б.).

Оларды орыстілділер орысша калька жолымен Большая Алматинка, Весновка, Малая Алматинка деп өздерінше атаған. Большая Алматинканы Үлкен су, Вес­новканы Орта су, Малая Алматинканы Кіші су деп тарихи атауын қалпына келтірген орынды болар еді.

Алматыны қақ жарып, етекке қарай ағатын Орта су қазіргі кезде Есентай өзені аталып кетті. Өзен, тау, көл сияқты табиғат нысандары – адам тумастан бұрын жаратылған әлем. Сондықтан қазақы танымдық дәстүрде өзен-тауларды кісі есімімен атамайды. Әрине, Есентай ауыл-аймағында белгілі тұлға болса керек. Ол кі­сінің қыстау-қонысы ел ішінде Есентай қонысы деп аталса керек, бірақ Орта су өзенін кісі есімімен атау қазақы мәдени дәстүрге тән емес. Ел жадындағы ондай тұлғаға сол жердегі елді мекеннің біріне атау ретінде берген оңды болар еді.

Ал егіншілік мәдениетінде қолдан қазылған тоғандарды (каналдарды) әйгілі мұраптың есімімен, елдің өзі қадір тұтып атайтын жайттар Жетісу ай­мағында кездесіп отырады. Ал­маты облысы Көксу ауданына қарасты Лабасы ауылдық округінің орталығы Мәмбет есімді шаруа адамының атымен аталады. Бұл кісі ешқандай техника көмегінсіз су келмейтін жерлерге Көксу өзенінен көмекші диқандармен тоған тартып, елді мекендерді сумен қам­тамасыз етуге күш салған. Тоғанды сол кісінің есімі­мен атап кеткен. Егіншілік мәдение­тін­­де мұраптарды ел ішінде мәртебелі тұлға­лар санатына жатқызған. Тоған тұсын­дағы ауылды да ке­зінде Мәмбет ауылы деп ата­ған. Қазір де солай.

Тағы бір ойтүрткі: Алматы облысы деген әкімшілік атау халық­тық ономастика моделіне сәйкес келмейді, Москва, Москва облысы деген орыс ономастикасының моделіне сай аталған. Алматы – еліміздің ардақты да, көрнек­ті қаласы, мақтанышы. Тегін­де Алматы облысы деген әкімші­лік атауды Алатау облысы деп ата­ған жөн болар. Қазақ ономас­ти­касының негізі өзен, көл, дария, тау, олардағы жан-жануар, өсімдік атауларымен атағанын үлгі көріп, есте сақтағанымыз абзал болар еді.

Сөз соңында айтарымыз: А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының дирек­торы, белгілі ғалым Анар Фазыл­жанованың жетекшілігімен жа­­салып жатқан қазақ тілінің ұлттық корпусының бір түрі «Ономастикалық іш­корпустың» орны ерекше. Ондағы жинақ­талып, жүйеленіп жатқан оно­мастикалық дү­ниеліктерінен алатын тағылым-тә­жірибелер де аз емес.

 

Нұргелді УӘЛИ,

филология ғылымдарының докторы, профессор