
Дәріс барысында ұлттық және халықаралық экономикадағы негізгі реформалар талданды. Сондай-ақ макроэкономикалық саясатты қайта жаңғыртуға арналған сараптамалық-заңнамалық жұмыстың басым міндеттері белгіленді.
Оқыту курсы Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы аясында еліміздегі сарапшылар қауымдастығының аналитикалық қабілеттерін шыңдау бағытында палата жүргізіп келе жатқан жұмыстың жалғасы екенін атап өткен жөн. Төрт апталық курсқа 40 тыңдаушы қатысады. Олардың қатарында Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері мен Талдау мектебінің түлектері және монетарлық саясат тақырыбына маманданған журналистер бар. Жобаның басты мақсаты – ақша-несие саясатын жан-жақты талқылау арқылы әр саладағы аналитиктердің бұл бағыттағы шешім қабылдау үдерісімен жақын танысуына жағдай жасау.
Алғашқы дәріс сұраныс пен ұсыныс теориясына, нарықтық тепе-теңдік пен икемділікке және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге арналды. Бұған қоса іс-шарада еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштерінің динамикасына ретроспективті талдау жүргізілді және жабық экономика модельдері мен озық халықаралық тәжірибелер зерделенді.
М.Әшімбаев атап өткендей, мемлекеттің экономикалық саясатының тиімділігін арттыруды көздейтін міндеттерді нәтижелі іске асыру және жаһандық экономикалық тәртіптің өзгеруі жағдайында жаңа сын-қатерлерді еңсеру үшін талдамалық дағдыларды дамыту айрышқа мәнге ие. Сондықтан аталған оқыту курсы тыңдаушыларға қазіргі экономикалық ахуалды терең түсіндіру және соған байланысты кәсіби тұрғыдан әрекет етуіне ықпал жасау мақсатымен ұйымдастырылып отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жою керектігін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыттағы іс-әрекеттер сенімді деректерге, тыңғылықты талдауға және сапалы сараптамаға негізделуі қажет. Осы ретте жаңадан қолға алынып жатқан оқыту курсы Ұлттық банк шешімдерінің қалай қабылданатынын, олардың инфляцияға, жұмыспен қамтуға, инвестицияларға, жинақтарға және елдің экономикалық өсуіне қаншалықты әсер ететінін түсінуге, осы бағытта тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік екені анық», деп М.Әшімбаев жобаны ұйымдастырғаны үшін Ұлттық банк командасына, сондай-ақ ерікті негізде өз білімдерімен бөлісуге дайын болған дәріскерлерге алғыс білдірді.
Оқыту курсының қорытындысында тыңдаушылар базалық мөлшерлемені белгілеуге әсер ететін аналитикалық жұмыс туралы білімін молайтып, негізгі макроэкономикалық қатынастарды және артық техникалық жүктемесіз болжау негіздерін меңгереді. Одан бөлек, ақша-несие саясатының жалпы мәні мен маңызы жөнінде мәлімет алады.
Айта кетейік, былтыр Парламент Сенаты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, талдау кезінде «үлкен» деректер мен жасанды интеллектіні қолдану тақырыбына арналған семинар өткізді. Сонымен қатар бұған дейін «Taldau Talks» подкастында монетарлық және фискалдық саясаттың өзекті мәселелері кеңінен талқыланғанын атап өткен жөн.