
Қазір нарық заманында «малшының баласы», «қойшының ұлы» дегенге бұрынғыдай менсінбей қарау жоқ. Базардағы еттің бағасын көргенде-ақ төрт түлікті өргізген адамның қадірі арта түскені байқалады. Халқымыз «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп тегін айтпаған. Шынында да, қойдың еті мен сүті дертке шипа, еңбегі ауыр болғанымен, қайтарымы мол. Қой шаруашылығын өміріне тірек еткен елдің бүгінде күнкөріс жағынан қысылып жүргенін көп көре бермейміз. Қала кезіп, бірнеше жұмыс істегендердің тапқанынан қой баққанның табысы әлдеқайда жоғары. Бұған нақты мысал – «Телқан» шаруа қожалығы.
Қожалық иесі Тылиқан Баймұхамет 2006 жылы Қытайдан атажұртқа қоныс аударып келеді. Атакәсіпке жақындығы бар шаруа отбасын жанына ертіп жүріп жергілікті жердің төрт түлік ұстағандарына жалданып күнелтеді. Ақысына мал басын құрайды. Екі жылғы еңбектің түсімімен осы шаруашылықты құрады. Қазір Тылиқан ақсақалдың отарында 400 қой, 100 ешкі бар. Шаруаның бұл тірлігі «қайтсем күнім оңалар, қайғы-мұңым жоғалар» деп үлкен ойдың құшағында жатқан кей замандасқа үлгі. «Алма піс, аузыма түс» дейтіндерге өнеге. Жеміс еңбек еткенге, маңдай терді төккенге беріледі. Тылиқан Баймұхаметтің айтуынша, нарық заманы жалқаулық пен масылдықты ұнатпайды.
Кезінде біреудің малын баққан азамат бүгінде ауылдықтарды жұмыспен қамтып отыр. Оларға ай сайын 200 мың теңгеден жалақы төлейді. Қысқа дайындық, сақпан кезінде Тылиқан ақсақал өз баласы мен бауырының баласын қасына ертіп, шопандарға жәрдемдеседі. Арыстанбек Бекен мен Нұрлыбек Тылиқан да әке кәсібінің жанашыры. Малды асылдандыруды да қолға алған осы екеуі. «Жас келсе, іске» деген, төрт жыл бұрын Шымкенттен гиссар қошқарларын әкеліп, қолдағы «қоңырларды» будандастырды. Қазір сол нәтижелі істің жемісін көріп жатыр. Қой төлі іріленіп, етті, сүтті тұқымға айналды. Биыл немере бауырлар күйекке арашан тұқымды қошқарларды салды. Мақсат – сапалы төлге қол жеткізу.
«Жастар жаңашылдыққа бастайды. Ағайындылар шаруа қожалығының тың тынысын ашуды көздейді. Асыл тұқымды қой өсіруге ұмтылады. «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса сақа ғой» деген бар. Бұлардың мақсатқа ұмтылуын қолдаймын. Қанатын қомдап, қолпаштап отырамын. Қазір қойдан бөлек 10 бас сиыр мен 25 бас жылқы бар. Дегенмен, көп табысты қой мен ешкіден көріп отырмыз. Бір кемшіні, қой жүні кәдеге жарамайды. Қырқым кезінде төбе-төбе жүнді өртейміз. Ешкінің түбітті тұқымын өсірудеміз. Оның қылшығы жоғары бағаланады», дейді Тылиқан Баймұхамет.
Шаруа қожалығы жылына 200-300 бас қой етін өткізеді. Арыстанбек Бекеннің айтуынша, биыл мал тұқымын асылдандырудың тағы бір жақсы көрсеткішіне қол жеткізіпті. Сақпан басталғалы қойлардың егіздеуі белең алған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, мұны шаруалар «Құтты һәм берекелі жыл» болады деп топшылайды. Лайым солай болғай. Қазірдің өзінде Тылиқан ақсақалдың отары 300 бас төлді қатарға қосты. Қожалық басшысының баласы Нұрлыбек биыл шамамен 450 қозы алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Тылиқан Баймұхамет шаруаны кеңейтудің жолын да қарастырып отырады. Былтыр 15 гектар егістікке қол жеткізіпті. Оған қоса Арыстанбек Бекен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 95 қой, 6 бас жылқы алуға 8 млн теңгеден астам төмен пайызды несиеге өтініш те берген. Онысы да мақұлданыпты. Жақын арада қаражатқа қол жеткізеді.
«Кез келген шаруаға қолдау қажет. Онсыз өркендеу, өрістеу жоқ. Сол тұрғыда мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануды көздеп, төмен пайызды несие алмақпыз. Мақсатымыз – етті, сүтті тұқымға қол жеткізу. Нәтиже әзірге қанағаттандырарлық, әлі де іздене түсеміз. Әкеміздің ақыл-кеңесін тыңдап, қожалықты дамыта түсеміз», дейді Арыстанбек Тылиқанұлы.
«Телқан» шаруа қожалығы Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылдық округінде тіркелген. Елді мекен өрісі малға толып, ырысы тасыған ауылдар қатарына жатады. Бүгінде ақынсаралық шаруалар 21 мың бас қой, 3 800 бас сиыр мен 500 бас жылқы өсіріп отыр.
Жетісу облысы