Саясат • 06 Мамыр, 2025

ЕКПА-мен серіктестік нығая түседі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа Кеңесі Пар­ламенттік Ассамблеясының Қазақстан бойынша баяндамашысы және Мажарстан Ұлттық жиналысының депутаты Жолт Неметпен кездесті.

ЕКПА-мен серіктестік нығая түседі

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев мейманды ЕКПА-ның Қазақстан бо­йынша баяндамашысы болып тағайындалуымен құттықтай келіп, Қазақстан Парламенті мен аталған Ассамблея арасында 20 жыл ішінде тығыз және тиімді өзара қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сондай-ақ іс-шара кезінде қазіргі таңда Қазақстан депутаттары ЕКПА-ның пленарлық отырыстарына және оның комитеттерінің жұмысына белсенді қатысып келе жатқаны айтылды.

Сұхбаттасушылар бірлес­кен жұмыстың маңызды бағыттарымен қатар, Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолын­дағы тұрақты даму тетіктерін де талқылады. Сенат төрағасы саяси жүйені демократияландыру бағытында атқарылып жат­қан жұмыстарға және адам құқы­қ­тарын қорғау, гендер­лік теңдік жүйесін нығайту, билік тармақтары, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасын­дағы өкілеттіктер мен жауапкер­шіліктің теңгерімін қамтамасыз етуге қолға алынған шараларға да жан-жақты тоқталып өтті.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды және кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан қалыптастыру тұжырымдамасын ұсынды. Бұл жұмыс заң үстемдігін күшейтуді, билік тармақтары арасында өкілеттіктердің теңгерімді бө­лінуін қамтамасыз етуді, сон­дай-ақ орталық және өңірлік билік ор­гандары арасындағы үйле­сім­ділікті арттыруды көздейді. Қазіргі таңда Президент баста­ма­шылық еткен саяси және экономикалық реформаларды заң­намалық тұрғыдан қамта­масыз ету Парламент қызметінің негізгі басымдығы болып саналады», деді палата спикері.

Сонымен қатар кездесуде рухани дипломатияны дәріптеу мәселелеріне де баса мән беріл­ді. Бұл ретте биыл қыркүйекте өте­тін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысы сөз болды.

Өз кезегінде Жолт Немет еліміздегі саяси және әлеумет­тік-экономикалық өзге­ріс­­тер­ге жоғары баға берді. Сон­дай-ақ ол Қазақстанның ЕКПА-мен серіктестігі одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Бұдан басқа, тараптар Қазақстан мен Мажарстан ара­сын­дағы ынтымақтастыққа, оның ішінде парламентаралық бай­ланысқа қатысты мәселелерге назар аударды. Кездесуде екі елдің халықтарын терең тарихи тамыр байланыстыратыны, жоғары деңгейдегі бүгінгі өзара тиімді ынтымақтастық мемлекеттердің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретіні айтылды.