
Ұлылар топырағында туған ғалым жас күнінен әдебиеттану ғылымына құлаш ұрды. Бұрын көп ғалым жүрексінген тақырыпқа түрен салды. Қазақ фольклорының теориясы мен әдіснамасына үңілді. Халық ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясын зерттеді.
Әдебиет пен өнердің ықпалдастығын зерделеді. Қиял-ғажайып ертегілерінен кандидаттық, қазақ халық прозасынан докторлық диссертация қорғады. Айтулы тұлғаның таңдаулы еңбектері шетелдік ғылыми ортада да өте жоғары бағаланды.
Академиктің «Казахская волшебная сказка», «Қазақтың халық прозасы», «Родники искусства», «Колыбель искусства», «Казахская несказочная проза», «Абай және фольклор», «Золотая жила», «Жаназық», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу». «Қыз Жібек», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «XV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «О фольклоре и не только», «Елзерде», т.б. монографиялары ғылымдағы биік және жауапты деңгейін көрсетті.
Сейіт Қасқабасов көрнекті ғалым ғана емес, қабырғалы қайраткер еді. Ел тәуелсіздігін қалыптастыруға орасан еңбек сіңірді. 1988 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінде жауапты қызмет атқара жүріп, Алаш ардақтыларын ақтауға үлес қосты. Ірі ұлттық рухани жобаларды жүзеге асырды. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сүбелі мақалалары мен сұхбаттары ел ақыл-ойының олжасы болып қалды.
Бірнеше университетте тұрақты дәріс оқыды. Фольклортануда сауатты мектеп қалыптастырды.
Ғұламаның алды – өзіне, соңы – ұлт ғылымына жарық болсын!
«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері