Тағзым • 23 Сәуір, 2025

Ағаның асыл бейнесі...

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әкім ағаның өмірден өтуі – тек оның отбасының қайғысы емес, барша қазақ әдебиетінің қайғысы. Асыл ағамыздың бізден алыстап кеткеніне сене алмай отырмыз.

Ағаның асыл бейнесі...

Әкім ағаның өзі туралы да, шығармашылығы туралы да көп сөз айтуға болады. Қазақ әдебиетінде алыптар тобынан кейін келген бір шоғыр таланттармен бірге шықты. Әуезовтің дәрісін тыңдаған аз жазушының бірі болды. Қайбір жылы менің «Ән салуға әлі ерте» деген романымды оқуға апарып берген едім. Сонда шығармамды бастан-аяқ ықтиятпен оқып, ізінен ерген інілеріне асқан жанашырлық­пен қарап, жылы сөзін аямап еді. Романды тұп-тура бір ай оқыған. Мен қалжыңдап: «Аға, кішкентай романды неге бір ай оқыдыңыз?» деп едім, «Айналайын, мені асықтырма. Менің табиғатым солай. Кезінде «Абай жолын» төрт ай, «Тынық Донды» төрт ай оқығам. Өйткені қолжазбаны аттап оқысаң, кей сөйлемдері қалып қояды. Автордың негізгі ойы сол сөйлемде болуы мүмкін. Сондықтан мен бәрін асықпай оқимын», деп еді. Сонда жазушының ағалық ілтипатын, аялы алақанын ерекше сезіндім. Әкім аға өзі де «Андрей» деген әңгімесінің қолжазбасын оқытқан болатын. Астанада өтіп жататын түрлі мәдени-рухани іс-шарадан да мені қалдырмайтын. Менің пайымымша, Әкім Тарази – соңғы демі таусылғанша қолынан қалам түспеген жазушы. Жақында ғана «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған Нұрғиса Тілендиев ­туралы эссесі қандай ғажап.

Тау-тұлғаның қазаққа бергені орасан. Асыл ағамызды ешқашан ұмытпаймыз. Қимаймыз. Арда азаматтың алды жарық болсын!

 

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты