
Ол ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде замандастарымен қатар ауыр күндерді бастан өткеріп жүріп жетілді. Қанды қырғынның қақ ортасында жүріп төрт мәрте жараланса да, рухы жасымаған жауынгер өз ротасының қарсыластар траншеясын алуына жол ашып, ерекше батырлық танытқан. Міне, осы ерлігі елеусіз қалмай, оның «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғаны туралы дерек Ресейдің «Подвиг народа» сайтында тіркелген.
Бұл батылдықтың арғы жағында қастерлі де қасіретті Созақ көтерілісі, оның зардаптары, «жаусың ба, қассың ба?» деген кісі алалау ақиқаты, бала күннен көрген түрлі қиындықтың себеп-салдары тұр. Созақта 7 жылдық мектеп бітірген бозбала ел басына түскен нәубетті көтерген сан мың қандасы секілді намысты, адалдықты, ерлікті бірінші кезекке қойды.
Соғысқа кірмей тұрып бірнеше әскери-жаттығу курстарында, полк мектептерінде оқып, тездетіп кіші офицер шенін алды. Гвардия лейтенанты Қыдырәлі Дүйсебеков Екінші дүниежүзілік соғыста Калинин, Волхов, Воронеж, Сталинград, Смоленск, Могилев, Духовщина, Курск иіні, Батыс Пруссия, Кёнигсберг сынды Ресей мен Еуропа өңірінің майдан соқпағымен бір жүріп өтсе, әйгілі 1945 жылдан кейін Қиыр Шығыс, Моңғолия, Кіші және Үлкен Хинган, Манчьжурия, Холунь өңірінің отты жолдарын басып өтіп, әскери қызметін атақты Порт-Артурда жалғастырған.
Кіші лейтенант Қыдырәлі Дүйсебековтің 1942–1947 жылдар арасындағы ерлігінің айғағы – І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «1942–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары.
1945 жылы 14 ақпан айында полк подполковнигі В.Гвоздовский лейтенант Қ.Дүйсебековке взводымен алдағы жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беріп, бетін қайтаруды тапсырады. Қыдырәлі Айтуұлы взвод жауынгерлерімен тез арада ебін тауып, тапсырманы аз шығынмен мұқият орындайды. Осы үшін – І дәрежелі «Отан соғысы» орденін омырауына тағады.
338-атқыштар дивизиясында жүріп 1945 жылы 23 тамызда жасаған кезекті ерлігі үшін бас әскери қолбасшысы И.Сталиннің «Алғыс хатын» иеленеді. Бұл алғысхат 1945 жылдың 23 қыркүйегінде берілген.
«Майдан бізді шыңдады. Достық пен қастықты, ерлік пен өрлікті жақыннан сезіндік. Дұрысы, от пен оқтың ортасында жүріп, «Қазақ жауынгері қандай?» деген сұрақтың жауабын ісімізбен дәлелдедік», дейтін Қыдырәлі ағамыз. Сонда оның отты көздері айналасын бір қарып өтетін.
Ол Қиыр Шығыстағы әскери қызметінен өзі сұранып, елге қайта оралғаннан кейін 1947 жылы қарашада Ішкі істер министрлігі басшылығы пәрменімен әскери қызметке шақыртылады. Бұл шақта әйгілі ҚарЛаг дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік-саяси жағдай әбден ушыққан еді. Іс насырға шаппауы үшін Қыдырәлі Айтуұлы сияқты тәжірибелі, еңбекқор әскерилер қажет болды. Майдангерлер түрмедегі қарым-қатынасты ізгілендіріп, тоңды жібітті. Осында 1954 жылға дейін 7 жыл қызмет атқарыпты. Арасында ІІМ білім жетілдірудің Омбы курсында (1949–1950) оқыпты.
Қарағандыдағы қасіретті орын туралы сұраған жерлестеріне Қыдекең: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жөні бір басқа, мұнда өте ауыр қылмыс жасаған озбырлар да отырды. Сталин қайтқан соң, біраз нәрсе өзгерді. Жазықсыздар ерте босатылды. Ал кісі өлтіргендер мен мемлекет мүлкіне зиян келтіргендер қатаң жазасын алды», деп жауап беріпті.
Офицер Қыдырәлі Дүйсебековтің бейбіт өмірдегі ерлігін де жерлестері ұмытпайды. Ол 8 жылдай Шымкент облысы Кентау қаласы ішкі істер қызметінде абыроймен қызмет атқарып, осы салада адалдық дәстүрін жалғастырды. Оқу деңгейіне қанағаттанбай, Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зооветтехникумына сырттай оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. Осы мамандығымен Сызған кеңшарында қызмет те істейді. Бірсыпыра уақыт Қаратау геологиялық экспедициясының бақылаушысы қызметін атқарады.
Қыдырәлі Айтуұлы 1980–2010 жылдар аралығында майдангер, еңбек ардагері ретінде қаншама мерейтойлық медальдармен марапатталды. Соның ішінде екі марапаты ерекше деп ойлаймыз. Біріншісі – «Маршал Жуков» медалі, екіншісі – «Астанаға – 10 жыл» медалі. Біріншісі түсінікті. Екіншісіне келсек, майдангер әрқашан жаңа астананың Қазақстан дамуындағы орнын айтып, мемлекетшіл қайраткерлерге батасын беріп жүрді. Мұны ел ақсақалының ақ ниеті десек жарасады.
Майдангер 86 жасқа келгенде әл үстінде жатып жерлес зиялы інілеріне: «Құдайға шүкір, елімнің азаттығын көрдім. Тарихтың түгенделгенін түйсіндім. Ендігі жалғыз арман – елдің ауызбірлігі артып, ұлтымыздың саны тезірек 40 миллионға жетсе! Сапасы қазіргіден де артса! Ешқашан дәстүрден ажырамаңдар, айналайындар!» деген арман-тілегін жеткізіпті. Ақсақалдың осы асыл сөздері әрқашан жадымызда тұруы керек.
Қыдекеңнің кіндігінен тараған төрт ұл мен екі қыздың өздері де – бүгінде бір қауым ұрпақ ерткен бір-бір мәуелі әулет. Олар қазір қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Былтыр мәуелі әулет аталарының 100 жылдығын майдангерлерге тағзым шарасы түрінде лайықты атап өтті.
Тілеу ӘЛІМОВ,
философия ғылымдарының кандидаты, доцент