Туризм • 18 Сәуір, 2025

Шетелдік қонақтардың қоржыны қомақты

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Туризм – аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында. Ол үшін көрікті жерлердің шырайын ашып, саланы жан-жақты дамытуға көңіл бөлу қажет. Соның бір бағыты – іскерлік, оқиғалы туризм.

Шетелдік қонақтардың қоржыны қомақты

Сурет: gov.kz

Қазір оқиғалы туризмді да­мытуға жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Со­ның бірі ретінде «kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталында іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі жарияланғанын айтсақ болады. Онда туристерді қызықтыратын түрлі форматтағы іс-шаралар енген. Былтыр сол кесте бо­йын­ша 137 ауқымды іс-шара өтіп, оның 80%-ы

Астана, Алматы қалаларында ұй­ымдастырылды. Туризм және спорт министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әр облыста өтетін осындай ірі іс-шараларды тұрақты түрде күнтізбеге енгізіп отыруға ниетті. Министрлікке қарасты Туризм индус­триясы комитеті туризм сала­сындағы жүйелі іс-шараларды жүзеге асыру басқармасының басшысы Нұрбол Байжанов іс-шараларды жыл сайын өткізудің маңызы туралы әңгімеледі.

«Өңірде өтетін іс-шаралар дәс­түрге айналып, жұртшылық асыға күтетіндей болуға тиіс. Түрлі атаулы күндерді тұрақты негізде өткізіп, орайы келсе оларды халықаралық күн­тізбеге қосу қажет. Содан соң жарнамалау арқылы өңірге шетелден келетін туристердің санын арттыруға болады. Жуырда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әр аймақта жылына туристерді тартатын кем дегенде бір ауқымды іс-шара өткізуді ұсынды. Осы жақсы бастама өңір туризмін ілгерілетуге оң әсер етеді деген сенімдеміз», дейді Н.Байжанов.

Министрліктің хабарлауын­ша, елде оқиғалы туризммен қа­тар, іс­керлік туризмді дамытуға да әлеуе­­­тіміз жетеді. Бұл бағытта атап ай­тарлықтай жетістіктеріміз бар. Мысалы, конгрестер мен конфе­ренциялардың халықаралық қа­уымдастығымен белсенді ынты­мақ­тастық орнаған. Есесіне, жыл сайын елімізде ауқымды іс-шара өткізудің мүмкіндігі туып отыр. Кейінгі үш жылда елімізде халықаралық дең­гейдегі 21 іс-шара­ ұйымдастырылды. Биыл IFLA, Walter E. Dandy, ISAAK, IGCGD, New Silk Road Network жыл са­йынғы кездесуін қоса алғанда, тағы 5 ірі халықаралық іс-шара өткізу жос­парланған.

Былтыр елімізде 5180 шетелдік делегаттың қатысуымен 14 халық­аралық іс-шара өтті. Орта есеппен алғанда қонақтардың әрқайсысы шамамен 4000 АҚШ долларын жұмсаған. Осы іс-шаралардан түскен кірістердің жалпы сомасы 20,7 миллион доллардан асқан. Бұл қаражатқа ұшу, тұру, тамақтану, басқа да шығындар кіреді.

«Астана іскерлік, оқиғалы ту­ризмнің негізгі орталықтарының біріне айналып келеді. Алдағы ай­ларда елордада бірқатар ауқым­ды ха­лықаралық іс-шаралар өт­кізу жоспарланған. Мысалы, мау­­сымда АҚШ, Канада, Ресей, Еу­ропа, Азиядан 500 жетекші маман қа­тысатын Х дүниежүзілік ней­рохирургиялық қауымдастық конгресі өтеді. Шілдеде Назарбаев университеті халықаралық сарапшылар қоғамының конгресін қа­былдайды. Оған мыңдаған қа­тысушы келеді. Тамызда Астана «IFLA» дүниежүзілік кітапхана және ақпараттық конгресін өткізу алаңына айналады. Кітапхана сала­сындағы ең ірі оқиғаға әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегат жиналмақ. Аталған МІСЕ іс-шараны өткізу Астанаға шамамен 2 млн еуро табыс әкеледі деп күтіліп отыр. Жиынтық пайда деле­гаттардың тұруға, көлікке, тамақ­тануға, басқа да қызметтерге жұмсаған шығындарынан құра­лады», дейді Н.Байжанов.

Іскерлік, оқиғалы туризмді ұйым­­дастыруға Астана қаласы таптырмас орын. Қаланың халық­аралық деңгейдегі іс-шара өткізуде тәжірибесі мол. Қонақүйлерінде 10 мыңнан астам жиынтық нөмір қоры бар. 120-дан астам мәдени, ойын-сауық нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар елорда 16 елмен (27 бағыт) тікелей әуе қаты­насын орнатқан. Үкімет дең­гейінде қабылданған осындай іс-шаралардың нәтижесінде елорданың туристік саласы тұрақты өсім көрсеткен. Айталық, былтыр ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артқан. Шетелден келген туристер саны – 15,3 млн. Бұл статистикада жұмысқа немесе елде тұрақтап қалуға келгендер есепке алынбағанын да ескерген жөн.