Кәсіпкер • 09 Сәуір, 2024

Зергерлікті кәсіп еткен

57 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісулық зергер Әсем Ақынова он жылдан бері алтын мен күмістен сырға, жүзік, алқа-білезік жасауды кәсіп етіп келеді. Мемлекеттен алған қаржылай гранты шағын кәсіпкерге үлкен көмек болыпты.

Зергерлікті кәсіп еткен

Суретті түсірген – Руслан Кадыров

Әсем Ақынова бағалы тастардан әсем бұ­йым­дарды жасауға студент кезі­нен құ­­март­­қан. Орал Таңсықбаев атын­­дағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін­де жүргенде ұстазы шәкірті­нің та­лан­тын бай­қап, зергерлік бұ­йым жасауға бау­­лиды. Ма­мандықты өзгер­туге кеңес бере­ді. Тә­лім­герінің тіле­гін қалыс қал­­дыр­­­маған сту­дент 3-курс­та «Металды көр­кем­­деп өң­д­еу» маман­дығына ауысады. Осы­лайша, атал­ған кәсіпті жанына серік етеді.

Өз қолымен жасаған сырғасы алғаш рет Алматыда өткен көрмелердің бірін­де сатылады. Бұл алғашқы қадам кейін үлкен көрмелерге жол ашты. Тәжірибесі толысып, жеке шеберханасын ашқан Әсем «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің аясында атақты зергер Берік Әлібайдың жанында қолөнершінің тіккен киіз үйінің ішіне өз жұмыстарын қойып, қазақтың қолөнер туындыларын туристерге паш етті.

2022 жылы мемлекеттен 5 млн теңге грант алып, зер­герлік бұйым жасауға қа­жет­ті құрал-жабдықтар, атап айтқанда, ойма жасаушы лазерь, пневматикалық гравер машинкасы, микроскоп сияқ­ты құралдарды сатып ал­ған. Микроскоп Қытайдан әке­лінсе, пневмогравер машинасын Америкадан тапсырыс беріп алдырыпты. 

Кәсіпкердің  Көк­талда үйінің жанынан ашыл­ған шағын шеберханасы бар. Жұмыс үдерісі өте күр­делі. Мұнда адамның шыдам­ды­лығы сыналады. Темір­ге өрнек салу оңай шаруа емес. Әрине, көбін техника істе­генімен, тұтынушы қала­ған­дай нәтижеге жету үл­кен еңбекті қажет етеді.

пвр

«Әуелі жұмыс эскиз сызудан басталады. Мұнан соң сызбаны пысықтап, қолдың, білектің өлшемдерін аламын. Күмісті құйып, ерітіп, бал­қытып, сосын жаншитын аппаратта жалпақтап даярлаймын, тиісті оюларын қолмен оямын. Соғып, түзеп, кейін жазу қажет болса, оны лазерьмен жазамын. Соңғы жа­ғында ағарту үдерісі жүреді. Жылтыратып, ультрадыбыс аппаратымен жуып, тасын орнатуға кірісемін. Жалпы, менен кемпірауыз, қышқаш, егеу сияқты ер адамдар ұстайтын құралдармен жұмыс істеген қиын емес пе деп сұрап жатады. Зергерлік жұмыс шындығында қара күшті соншалықты қажет етпейді. Мұнда тек ептілік, төзімділік маңызды. Жұмыстың қиын­дығы бұйымның көле­міне байланысты емес. Қайта мұндағы ең қиыны – бар зейініңді салып, ең ұсақ тас­тарды дәл өз орнына қою. Мен ұсақ тас­тарды қою әдісін жуыр­да Алматыдан арнайы оқып, үйреніп келдім. Енді соны тә­жірибемде қолдануға ма­шық­танып жатырмын», дейді кәсіпкер.

Әшекей жа­сау­ға кәсіби түрде кіріскен ол ұлттық нақыштағы сақина, сырға, алқа сынды жүздеген бұйым жасаған. Негізінен күміс әшекейлерге сұраныс көп екенін айтады. Әсіресе ер адамдардың күміс сақинасын жасауға жиі тапсырыс беріледі екен. Зергер жеңіл сақиналарға 1-2 күн, күрделі болса 4-5 күн, ал білезікке шамамен 1 апта уақыт жұмсайды. Қазір ол әше­кей бұйымдарды жөн­деу­мен де айналысады.

«Үлкендердің айтуына қа­рағанда, нағашыларым жа­­ғында ертеректе арғы ата­ла­рым­ның бірі ұста болған екен. Темірден түйін түйіп, қару-жарақ, ыдыс-аяқ жасапты. «Осы қолөнерлік қасиет кейін қыздан бір ұрпағыма беріледі», деген екен. Нағашы әжем үнемі «Зергерлікті тас­тама, бұл – сенің өмірлік жолың», деп айтып отырады», дейді жас кәсіпкер.

Ең бір есте қалған ерекше тап­сырысы – бірде атырау­лық азамат анасына арнап өзгеше білезік жасатқан. Оған жартастардағы күн бас­ты адамның, садақ тартқан аңшының, сол сияқты тастағы басқа да таңбалар мен сурет­тер­ді салғызған, сөйтіп, бұл ерекше этноүлгідегі білезік болып шыққан. Білезікке әу­леттің анасының атын, одан әрі келінінің атын жаздырып, ары қарай да келіндердің атын жазып жалғастыратындай орын қалдыртыпты. Тап­сы­рыс беру­шінің мұндағы бас­ты ниеті білезікті әулеттің келіндері бірінен біріне беріп отыратын айтулы жәдігерге айналдыру екенін бірден ұғуға болады.

«Мұнда әулетіміз өсіп-өнсін, келіндер енесінің жолын жалғасын, отбасының берекесі болсын, ұрпақ сабақтастығына мән берсін деген жақсы пейіл бар. Сондықтан әшекейді жай сәндік деп қана емес, ұлттық құндылық ретінде қарайтын парасатты адамдардың бол­ғанына қуанамын», дейді Ә.Ақынова.

Журналист Сағыныш Намазшамованың айтуынша, шығармашылық иесінің өмірінде танымал адамдармен байланысты да ерекше оқиғалар болыпты. Мәселен, Қытайда өткен атақты «I am a singer» тележобасынан соң, Димаш Құдайбергеннің фа­нат­тарының бірі, қытайлық қыз Димаштың аты жазылған кулонға тапсырыс беріпті. Тап­сырыс берушінің айтуын­ша, бұған дейін Димаштың өзінде музыкалық кілт бей­­неленіп, әншінің өз аты-жөні жазылған тұмар болған екен. Қытай қызы үлгі ретінде кулонның суретін жіберіп, «Дәл осындай менде де болса деймін» деп тапсырыс беріпті. Әншінің фанаты өз кумирінің есімін бойтұмар етіп тағып жүруді қаласа керек.

Сөйтіп, Әсем Ақынова жаса­ған әшекей бұйымдар елі­міз­дің түкпір-түкпіріне ғана емес, Қытайға, Ресейге, тіпті Таиландқа да жөнелтілген. Алдағы уақытта Әсем өз лого­ти­пін дайындап, бренд қалып­тас­тырсам дейді.

«Қазір қазақ қолөнері жақсы дамып, зергерлікпен айна­лы­сатындардың қатары артып келеді. Саннан сапа шығады. Сондықтан хал­қы­мыз­дың төл өнерінің дамы­ғанына өз басым қуана­мын. Ұлттық нақыштағы әше­кей­лерді жаңа заманмен үй­лестіре түрлендіріп отыру керек. Сонда оны жастар да қызығушылықпен тағады. Атакәсіпті жалғастырып, ұр­пақ­қа жеткізуді парыз санаймын», дейді зергер.

Жетісулық зергер жеке кәсіп­керлерді қолдауға бері­летін гранттың нәтижесінде шебер­ханасының материал­дық база­сын нығай­тып, ісін дөңге­ле­тіп отыр. Бүгінде ол көне жартастардағы таңбалар мен суреттерді, оюларды өзі­нің этностильде жасаған әше­кей бұйымдарында жа­ңа­ша жаңғыртып жатыр. Ал­дағы уақытта шеберханасын үлкейтіп, әшекейлерін әлемге танытуға ниетті.

 

Жетісу облысы