Қоғам • 17 Тамыз, 2022

Бақыт министрлігі

588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бақыттың формуласы жоқ дейміз. Анықтамасы да. Бірақ бәрінің бақытты болғысы келеді. Соған ұмтылады. Соны аңсайды. Демек бақыттың ұлы ұғым болғаны ғой.

Мұны әркімнің әртүрлі түсінетіні де белгілі. Қарақан бастың бақыты. Отбасы бақыты. Елдің бақыты. Бәрі маңызды. Бірақ соңғысының салмағы бәрібір басым. Елдің бақыты әлдеқайда ауқымды. Оған өзгенің бәрі сыяды емес пе?!

Бақыт жайлы айтып отырғанымыз тегін емес. Бізді мазалайтыны бір сұрақ: Бақытты болудың белгілі бір уақыты бар ма? Абзалы қайсы: дәл осы қазір бақытты болу әлде бәрін болашақтың еншісіне қалдыру?

Тұтас әлем аумалы-төкпелі кезеңді бас­тан өткеріп жатқанда біздің халық тап бүгін болашақты ойлауға бейілді емес-ау. Заманның сұрқынан соны сезіп отырған жайымыз бар. Демек дәл қазір, дәл осы сәтте бақытты күн кешу маңызды болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында осыны аңғартқандай болды.

«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!», деген Президент ел бақыты жолында ештеңеден тайынбайтынын байқатты.

Рас, бүгінгі таңда халық үшін мәңгілік елдің бақытынан гөрі осы сәттегі бақыттың құны жоғары. Атақты математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің ұлт ұясы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен де соны ұғынғандай болдық.

«Еврейлерде «Құдайдың атын көп айта берме» деген тәмсіл бар. Өзіңе жақын, қасиетті ұғымды көп қайталай берме дегені ғой. Мұндай дүние қазақтарда да бар. Мысалы, келіндер қайын атасының атын атамайды. Бірақ қайын атасына деген құрметті ізетпен жақсылап көрсетеді. Біз «мәңгілік» деген сөзді көп айтып кеттік. Мәңгілік деген неше жыл, 20 жыл ма? Әлде 30 ба? Кеше қаңтарда осы сұрақ көлденеңінен қойылды. Көшеге шыққан 20-30-дың арасындағы жастардың 99 пайызы – қазақ. Бәрі – Тәуелсіздіктің ұрпақтары. Бәрі де рухани жаңғырған жігіттер. «Мәңгілік елде тұрып жатырсыңдар» дегенді жүз рет естіген жас­тар. Мәңгілік елде тұрып жатсақ, неге мұндай жағдай орын алды?! Осыдан сабақ алуымыз керек», деген-ді әйгілі ғалым.

Шынында да, әрі-беріден кейін ұранға айналған «мәңгілік» деген ұғымның астарында «бақыт» деген мағына жатқаны белгілі. Бақытты елде мұндай ке­лең­­сіздік орын алмаса керек-ті. Басынан бақыт құсы ұшпаған ел ғана мәңгілікке ұмтылады. Қаңтар қасіреті бізге мәңгілік ел­дің бақытына ұмтылу әл-әзір маңызды емес екенін ұқтырды.

Тап қазір бақытты болудың мәнін терең түсінсе керек, әлемнің кейбір елдерінде Бақыт министрлігі деген бөлек бір ведомство да бар. Министрлік деген – мекеме, басқару органы. Демек біздің түсінігіміздегі қолға ұстауға келмейтін, көзге көрінбейтін бақыт үшін арнайы министрлік құруға болады екен.

Мұндай ведомство алғаш Бутанда құрылған. Бұл мемлекетте елдің «ішкі жалпы өнімі» деген ұғым жоқ. Оның орнына «ішкі ұлттық бақыт» деген ұғым қолданылады. Сонда елдің ішкі жалпы өнімі ұлғайған сайын жергілікті халықтың бақыты да арта түседі. Төрткүл дүниеге таратар тамаша тәжірибе десе де болғандай.

Қазір Бутандағыдай Бақыт министрлігі Үндістан мен Нигерияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде де бар. Венесуэла дәл осындай ведомство құруға талпынып көріп еді, бастамасы сәтсіздікке ұшыраған секілді. Біз атаған елдер үшін халықтың өз өміріне қанағаттануы – ұлттық саясаттың негізгі ұстанымы. Адамдардың қаншалықты бақытты екені де үнемі тексеріліп отырады. Түптеп келгенде Жер шарының бәрінде осылай болуға тиіс.

Біздіңше, Бақыт министрлігі барлық елге керек. Қазақстанға да!

Бақытты болайық! Бүгін де, болашақта да!