Шаруашылықтағы қиды пайдаға асыру оңай емес. Шалғайдағы шағын ауылдарда тау-теңіз болып үйіліп жатыр. Елді мекенді абаттандырудың өзі қияпат шаруа. Ауыл-аймақ бұл тараптағы дүниені кәдеге асыра алмай отыр. Рас, шаруашылықтар көңді тегін және тиімді тыңайтқыш ретінде пайдаланады. Сөйтсек, көңнің пайдалы жағы ұқсата алса аз емес екен. Қазір көптеген шаруашылық экологиялық технологияларды пайдалана отырып, көңнен биогаз шығарумен айналысып жатыр. Көңнен алынатын биометан жоғары бағаланады. Алыс-жақын шетелдерге бұл жетістік таңсық емес. Негізі малдың қиынан алынатын биогаз экологиялық таза отын. Сипаты жағынан табиғи газға өте ұқсас. Биогазды кәдімгі отынның баламасына да жатқызуға болады. «Бионұр» жеке кәсіпкерлігі басшысының айтуына қарағанда, шикізат дұрыс өңделсе, тұтас көлемнің 70 пайызы шамасында иіссіз, түссіз биогаз алуға болады. Мұндай отынның бір текше метрі 1,5 кило көмірдің жылуын береді.
– Қиды қайта өңдеумен кешегі кеңес дәуірінде де айналысқан, – дейді кәсіпкер, – мұндай газ баламасын өндіру ауыр еңбекті қажет етпейді. Арзан, ең бастысы қоршаған ортаға улы заттар шығарылмайды.
Егер шаруашылықта аз ғана мал басы болса, қиын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Ал табын-табын мал бағып отырған ірі шаруашылықтарға қиын. Әр жыл сайын ондаған тонна қиды тасып, жою керек.
– Көңді сапалы тыңайтқышқа айналдыру үшін температуралық режімді үзбей бақылап отыру қажет. Биометан алудың жаңа технологиясы биогаздан қоршаған ортаға токсинді әсері болмайтын етіп шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді, – дейді Бақытжан Мәметхан, – биогаз жану кезінде энергия бөліп шығарады. Ал қыздырылған көң өте құнды анаэробты тыңайтқышқа айналмақ. Биогазды тіршілік етуіне оттегін қажет ете бермейтін бактериялардың көмегімен алуға болады. Сондықтан биогаз өндіру үшін ең алдымен шикізаттың ашу үдерісі жүретін герметикалық ыдыс керек. Алдымен ыдысты сұйық шикізатпен толтырып, микроорганизмдер өз жұмысын бастау үшін белгіленген мөлшерге дейін жоғарылатады. Сұйық көңнен метан жоғары көтеріліп бөлініп шығады. Тазарту кезеңінен өтетін арнайы ыдысқа жинақталады. Әрі қарай оны газ баллондарға жинаймыз. Пайдаланылған қи ыдыстың түбіне шөгеді. Оны осы жерден жиі-жиі алып, басқа жерде сақтаймыз. Сұйықтықты ыдыстан сорып алғаннан кейін жаңа көң саламыз. Қидан метан тек оған қолайлы температуралық режім жасағанда ғана бөліне бастайды. Қидың құрамында әртүрлі температурада, әртүрлі жылдамдықта бөлініп шығатын әртүрлі бактерия бар. Температура төмендегенде бактериялардың барлық түрінің белсенділігі азая бастайды. Шикізатты сақтаудың кемшіліктері туралы да айта кету қажет. Ең бастысы ол температураның өзгерісіне ұшырамауы керек, сонда қысқы уақытта көңді жинауға арналған жылы жайды қарастырған жөн.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, алынған өнімнің 70 пайызға жуығы метаннан, 1 пайызы қоспадан (күкіртті сутегі және кейбір ұшпа элементтер) және 30 пайызға жетер-жетпес көмірқышқыл газынан тұрады. Оны отын ретінде қоспалардан тазартқаннан кейін ғана пайдалануға болады. Күкіртті сутегі қосылыстары арнайы сүзгілер арқылы жойылады.
Фермалардың жанында қондырғыны жасау үшін оңай бөлшектелетін әрі басқа жерге көшіруге болатын конструкция қолайлы. Бүкіл қондырғының негізгі жабдығы биореактор көңді құйып, оны ашытуға арналған ыдыс есебінде. Бұл арада еске сақтайтын бір жай реакторда оттегінің болмауы. Егер ол болған жағдайда жарылыс болуы әбден мүмкін. Реактордың қақпағы жоғары қысыммен ұшып кетпес үшін резервуар мен қақпақтардың арасында қорғаныс тығыздағыштары қажет. Тағы бір қаперде ұстайтын дүние ыдыс ешқашан тығыз толтырылмауы керек. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, барлық көлемнің бестен бір бөлігі бос болуға тиісті. Көңді қыздырғаннан кейін түзілетін қойыртпақты ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады.
– Асылында бұл іс ХVІІІ ғасырда дамыған деседі, – дейді кәсіпкер, – Ян Гельмонт есімді химик көңнен тұтанатын қасиеті барын байқаған. Ғалымның зерттеуін Алессандро Вольта мен Хэмфри Деви жалғастырған. Олар газ қоспасынан метанды тапты. ХІХ ғасырдың орта шенінде Англияда көңнен алынған биогазды көше шамдарын жағуға пайдаланған. ХХ ғасырдың ортасында метан өндіретін бактерия табылған.
Көң биомассасының ыдырауы нәтижесінде алынған газ – табиғи газдың аналогі. Ол ауадан екі есе жеңіл. Метан бу әсерінің пайда болуына қатты ықпал етеді. Сондықтан, көңді қайта өңдеу технологиясы үнемділік қана емес, мал шаруашылығы қалдықтарын залалсыз жоюдың экологиялық әдісі болып табылады. Ірі қара малдың бір тонна көңінен 50 текше метр газ алынады. Жануарлардың майын қайта өңдегеннен кейін 1300 текше метр газ алынады. Биологиялық газдың тағы бір түрі – қоқыс. Ол елді мекен сыртындағы қоқыс тастайтын орындардағы ыдыраудан пайда болады. Батыс елдерінде бұл қалдықтарды қайта өңдеп, оны отынға айналдыратын құрылғылар қазірдің өзінде бар. Егер бизнес ретінде қарастырсақ, шексіз ресурс.
Кез келген өнеркәсіп өз қалдықтарын жоюға мәжбүр. Бұл қымбат және тиімсіз. Кәсіпкердің айтуына қарағанда өз қолыңмен жасаған қондырғы арқылы бірнеше мәселені бірден шешуге болады. Мәселен, үйді жылыту, тыңайтқышымен жер телімін тыңайту, төңіректі тазарту. Жаңалықты ақыл таразысына салып сараптай келе, жылыжайға пайдалануға таптырмайтын дүние екен дестік. Сәл ғана таратып айтайық. Солтүстікте күн суытқан соң жылыжайды жылыту үшін қыруар отын керек. Тыңайтқышы өз алдына. Ал осы жаңалықты әрі қарай өрістетіп алып кетсе, дастарқан көкөніске толар еді. Біздің жақта қыс келе көкөністің бағасы аспандап кететіні бар. Өзіндік құны арзан болғаннан кейін бүгінгі күні сойылдай мәселеге айналып отырған азық-түліктің бағасы да арзандамай ма? Оның үстіне ешбір химиялық тыңайтқыш бойына сіңбеген таза, экологиялық өнім. Ауылдағы ағайын картобына түскен колорад қоңызын жоямыз деп жаз бойы химиялық сұйықтықты құйып шығады. Әлгі сұйықтық жауын суымен тамырға картоптың түйнегіне сіңеді. Оны жеген адамның ағзасы не болмақ? Адам ағзасымен табиғат қаншама залал шегіп жатыр. Ал кәсіпкердің мына жаңалығы табиғатты да сақтап, тазалықты да реттеп, таза өнім өндіруге мүмкіндік берер еді.
Биогазды жанар-жағар май ретінде пайдалануға әбден болады. Біз «Бионұр» жеке кәсіпкерлігінде болғанымызда, аумағы атшаптырым ғимаратын осы газбен жылытып отырғанын көрдік. Кәсіпкердің көлігі де газбен жүріп тұр. Тақырыпты тереңдей қаузағанда бұл технология тек Германияда ғана белсенді дамып келе жатқандығын оқып білдік. Себебі мемлекеттік субсидия мен салықтық жеңілдік бар екен. Егер осы жаңалықтан іскер азаматтар құлақтанып, өрістетіп әкетсе, малдың терісі мен жүнін кәдеге асыра алмай жатқан кезімізде тезегінен табыс тапсақ ғанибет емес пе? Газбен өндірісті және тұрғын үйлерді жылытуға, электр энергиясын пайдалануға болады екен. Демек осының бәрі кәдеге асатын дүние.
Биоотынды қосалқы шаруашылықтарда аз мөлшерде өндіру тиімді ме? Ол үшін бірнеше металл бөшке мен қажетті құрал-жабдық болса, әрі пайдалануды білсеңіз жетіп жатыр. Айталық ауылда көгілдір отын жоқ. Бар болса да, оны сатып алу үшін қаражат қажет. Бұл электр қуатымен немесе сұйық отынмен жылытуға қарағанда арзанырақ. Жыл сайын отын, көмір сатып алу қымбаттап барады. Оны жағу да оңай емес. Ал аулаңыздағы арамшөптен, құстың қиынан, малдың көңінен тегін биогаз алу идеясы қызықты емес пе? Бар болғаны биореактор жасасаңыз болғаны. Неміс фермерлерінің көңді пайдаланып, ғимараттары мен тұрғын үйлерін жылыту мәселесін әлдеқашан шешіп тастағанын естіп жүрміз. Әлеуметтік желіде де бұл тақырыпта талай қызықты дүние бар. Әйткенмен, өкінішке қарай, технологияны іс жүзінде қолдану туралы ақпарат аз.
Жаңалығына патентін алған кәсіпкер тиімді дүниенің тетігін үйретуге дайын. Кейбіреу құпия ұстап, тұмшалағысы келген жайды ашық айтып отыр. Сұхбатымыздың соңында тыңайтқышын пайдаланғандардың алғыс лебізін тыңдатты. Нәтижесі көзге көрініп тұр. Бір ғана мысалын келтіре кетелік. Егінмен айналысатын шаруа қожалығы кәсіпкердің тыңайтқышын биыл пайдаланыпты. Шамамен елу гектар жеріне жетпей қалған. Енді көз салып қарасаңыз, тыңайтқыш себілген алқаптың егіні жайқалып тұр, бітік өсіпті. Ал жетпей қалған жері солғындау. Үйренуге болатын-ақ дүние. Жақсы жаңалыққа ұмтылғанға не жетсін, шіркін!
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы