Энергетика • Бүгін, 08:52

Оңтүстік өңірде электр желілері күшейтіледі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«KEGOC» акционерлік қоғамы Жамбыл облысы аумағында орналасқан негізгі нысанның бірі – 500 кВ «Шу» қосалқы стансасының учаскесінде «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағы электр желілерін күшейту» жобасының іске асырылу барысымен таныстырды.

Оңтүстік өңірде электр желілері күшейтіледі

Айтулы жоба оңтүстік энер­го­аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, жаңа қуат көздерін, әсіресе жаңартылған энергия нысандарын қосу үшін жаңа инфрақұрылым негізін дайындауға мүмкіндік береді. 500 кВ «Шу» қосалқы стансасына жиналған БАҚ өкілдері мұнда қолға алынған «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағы электр желілерін күшейту» жобасы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыспен танысып, мамандардың пайымды пікіріне құлақ түрді.

«KEGOC» АҚ «Алматы ЖЭТ» филиалының директоры Арман Шайхановтың айтуын­ша, қазір 500 кВ «Шу» қосалқы стансасында жоспарлау жұмыстары аяқталған. Нысанда жаңа желіні қосуға арналған қабылдау порталы орнатылып, 500 кВ кернеулі төрт фазалы реак­тор құрас­тырылған. Сондай-ақ мұнда заманауи коммутациялық жаб­дықты монтаждау жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Ауқымды жоба 2027 жылдың ортасында, яғни белгіленген мерзімінен жарты жыл ерте аяқталмақ.

па

Жалпы, бұл жоба аясында ұзындығы 475 шақырымды құрайтын «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр жеткізу желісі салынады, сонымен қа­тар «Шу», «Жамбыл» және «Шым­кент» қосалқы стансалары кеңей­тіледі. Жобаның жалпы құны – 154,1 млрд теңге. Жұмыстың белгілі бір бөлігі «KEGOC» АҚ-ның өз қаражаты есебінен іске асса, қалған бөлігі «Азия даму банкінің» және «Қазақстан даму банкінің» несиелері есебінен жүзеге асырылады.

«KEGOC» АҚ «Алматы ЖЭТ» филиалы директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлының айтуынша, мұнда отандық өндірушілерді қолдауға ерекше мән беріліп отыр.

«Жергілікті қамту үлесі 67%-ға жуық. Барлық жобалық және құрылыс-монтаждау жұмысына отандық компания атсалысып жатыр. Автотрансформаторлар, реакторлар, кабельдік өнімдер, металл конструкциялары мен темірбетон бұйымдары толық­тай отандық зауыттардан жет­кізілді. Ал ажыратқыштар мен релейлік қорғау жүйелері секілді заманауи жоғары тех­нологиялық жабдықтар «Siemens», «GE Grid», «Prysmian Group», өзге де жетекші әлемдік ком­паниялардан сатып алынды», дейді ол.

Жобаны іске асыру нәти­жесінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары мен Алматы қаласы үшін сенімді энергетикалық инфрақұрылым қалыптасады. Бұл өз кезегінде тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, Күн және жел электр стансаларын қоса алғанда, жаңа генерация нысандарын интеграциялауға мүмкіндік береді. Ірі жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Азия даму банкінің» еліміздегі тұрақты өкілдігінің басшысы Кумар Утсав жұмыстың нәтижелі болатынына күмән келтірмейді.

«Жоба аясында «KEGOC» АҚ-ның серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Бұл бастама жаңартылатын энергия көз­дерінің үлесін арттыруға, оларды энергетикалық жүйеге интеграциялауға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ жоба «Азия даму банкі» мен Қазақстан арасындағы 2024–2027 жылдарға арналған серіктестік стратегиясына толық сай келеді», дейді ол.

Жалпы, «KEGOC» АҚ елдегі Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы міндетін атқарады. Компанияның негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Балансында жалпы ұзындығы шамамен 28 мың шақырым болатын 220-1150 кВ кернеулі электр жеткізу желілері және трансформаторларының қуаты 38,9 ГВА құрайтын 83 электр қосалқы стансасы бар.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар