Аймақтар • Бүгін, 13:07

Атыраудағы қонақүйде мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қайтыс болды

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраудағы қонақ үйдің бірінде мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратов өмірден өтті. Оның қазасына жүрек талмасы себеп болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атыраудағы қонақүйде мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қайтыс болды

Мұрат Досмұратов 1963 жылы туған. Мәскеу мұнайхимия және газ өнеркәсібі институтын «Инженер-химик-технолог» мамандығымен бітірген. Әр жылдары «ҚазМұнайГаз», Kazakhstan Petrochemical Industries, KLPE секілді мұнай-газз өнеркәсібіндегі компанияларда басшылық лауазымды атқарған. Ал 2022 жылдың шілдесінен 2024 жылдың қаңтарына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болды.

Алайда былтыр оған Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігімен айып тағылған еді. Атырау қаласының №2 соты оны аталған баппен кінәлі деп таныды.
Ал биылғы қаңтарда Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы «АМӨЗ» ЖШС-нің бұрынғы бас директорына қатысты үкімді қайта қарады.

«Бірінші саты сотының үкімі өзгертіліп, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодесінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша 6,9 млн теңге (2023 жылға 2 000 АЕК) көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды», деп хабарлаған еді облыстық соттан.

Дегенмен, тамызда бұл іс Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында бірінші сатыдағы тәртіппен «АМӨЗ» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Прокурордың мемлекеттік айыптауды қолдаудан бас тартуына, Досмұратовтың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Досмұратовқа қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу және оңалту құқығы түсіндірілді», деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметі.