Аймақтар • Бүгін, 17:50

Түркістан облысы жылыту маусымына 100 пайыз дайын

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылуға жауаптылардың мәлімдеуінше, Түркістан облысы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысы жылыту маусымына 100 пайыз дайын

Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес өңірде жылыту маусымы 148 тәулікті құрайды. Облыс аумағында жылыту маусымы ауа райына байланысты 15 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады деп жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек, Созақ, Сайрам аудандарында жылу жүйелерін қазан айының 15-нен бастап қосу жоспарланған болса, Кентау қаласында жылу 25 қазанда берілмек. Сонымен қатар Түркістан және Арыс қалалары мен Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Келес, Шардара аудандарын 1 қарашаға дейін жылу жүйелеріне қосу көзделіп отыр.

Облыс орталығы Түркістан қаласында 18 қазандық пен ұзындығы 56,3 шақырым болатын орталықтандырылған жылу желісі жұмыс істейді. Бүгінде жылу қазандықтары 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына толық дайын. Оның ішінде 12 қазандық әкімшілік-іскерлік орталық пен Отырар шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және жұмыспен қамтуды үйлестіру салаларындағы барлық бюджеттік мекемелердің қазандықтары табиғи газға қосылған. Сонымен қатар қажетті отын қорлары жасақталып, жеткізілді. Жылу беру маусымы кезінде ақаулардың алдын алу үшін жедел әрекет ету топтары құрылған.