Өнер иесінің айтуынша, «ZEIIN» – соңғы екі жыл бойы үлкен зейінмен, терең эмоциямен жазылған алғашқы толыққанды альбомы. Әнші жаңа туындысында шынайылыққа, ішкі сезімге және тыңдарманмен эмоционалды байланысқа ерекше мән берген.
«Жаңа альбом «ZEIIN» деп аталады. Неге десеңіздер, бұл мен соңғы екі жыл бойы барынша зейін салып жазған алғашқы альбомым. Тыңдармандарым да альбомды зейін қойып тыңдаса екен дедім. Альбомда әртүрлі жанрда, әртүрлі стильде әндер бар. Сол әндерден әркім өзін табады деген ойдамын. Бұрын әзілдеп тұңғыш ұлымның атын Зейін қоямын дейтінмін, альбом да менің тұңғыш балам сияқты, сол себепті осылай атадым. «ZEIIN» – мен үшін терең мағына», деді Sadraddin.
Listening Party кезінде орындаушы жаңа альбомдағы тректерді алғаш рет үлкен аренада ұсынып, көрермендерге бірнеше тосынсый дайындаған. Оның ішінде тыңдармандар күтпеген фит те бар.
Sadraddin 2025 жылдың қорытындысы бойынша Яндекс Музыка сервисінен «Суперлонч патшасы» атағын алған болатын. Бұл атақ оған «Qaragym-ai» трегі үшін берілген.
«Көбінесе тыңдармандар менің әндерімді Яндекс Музыкадан тыңдайтынын байқаймын. Менің 3-4 жыл бұрын жазған әндерімнің әлі күнге дейін топ-чартта тұрғанын көру маған әрдайым шабыт береді, күшті көңіл-күй сыйлайды», деді орындаушы.
Өнер иесі болашақта көбірек музыкалық эксперименттер жасағысы келетінін де жеткізді. Оның айтуынша, қазір оған инди-поп пен инди-рок жанры жақын. Алдағы уақытта сол бағыттағы жұмыстарды да ұсынуы мүмкін.

Әнші шығармашылығындағы лирика өзінің ішкі болмысымен тығыз байланысты екенін айтады.
«Альбомды жазудағы басты мақсатым – тыңдарманмен шынайы болу. Маған бұрыннан лирикалық, мұңлы әндер ұнайды. Альбомда лириканың көп болуы да сол себептен», деді Sadraddin.
Кеш барысында орындаушы сахна сыртындағы өмірі туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, грим бөлмесінде міндетті түрде жанында болатын үш зат – жеке құлаққабы, микрофоны және орамалы.
Ал егер дәл қазір кез келген әлемдік әртіспен дуэт айту мүмкіндігі туса, таңдауы Post Malone болар еді.
Фанаттарының қолдауы кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Тыңдармандар концертке альбомның негізгі түсіне сай қызғылт түсті киіммен келіп, арнайы жалаулар мен шарлар дайындаған.
«Сол сәт мені қатты тебірентті», деді әнші.