Фото: Ашық дереккөз
Енді ирандық футболшылар Мексиканың Тихуана қаласындағы лагерьде жаттығады.
«ФИФА және әлем чемпионатының ресми өкілдерімен жүргізілген келіссөздерден кейін біздің өтінішіміз қабылданды. Команда базасы АҚШ-тан Мексикаға ауыстырылды. Біз Тихуанада, Тынық мұхитына жақын, АҚШ шекарасына таяу лагерьде тұрамыз», деді Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж.
Бұған дейін АҚШ-пен Иран арасындағы шиеленіске байланысты Тегеран тарапы әлем чемпионатына бойкот жариялау мүмкіндігін қарастырған болатын. Дегенмен келіссөздер нәтижесінде команда турнирге қатысатыны расталды.
Жеребе қорытындысы бойынша Иран барлық топтық матчтарын АҚШ аумағында өткізуі тиіс болған.
Кейін ФИФА-мен келіссөздер жүргізіліп, матчтарды Мексикаға ауыстыру мәселесі қаралды. Дегенмен ұйымдастырушылар тарапынан бұл шешім толық бекітілмегені айтылған болатын.
Айта кетейік, биыл 48 команда қатысатын әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Әлем біріншілігінде Иран құрамасы G тобына түсіп, Жаңа Зеландия, Бельгия және Египет командаларымен ойнайды. Ала доп аламанын отандық жанкүйерлер тікелей эфирде тамашалай алады.